«33 адам зардап шекті»: 17 жасар жасөспірім «пәтер жалға беремін» деген желеуімен алаяқтық жасаған

Oinet.kz 03-02-2026

17 жастағы жасөспірім "пәтер жалға беремін" деп жалған хабарландырулар жариялап, адамдардан алдын ала төлем алған соң байланысын үзіп, жоғалып отырған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_3.png

Кейін осы алаяқтыққа оның 23 жастағы туысы да қосылған. Істі Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты қарады.

Қаскөйлердің әрекетінен 33 адам зардап шеккен.

2001 жылы туған Ә. және 2007 жылы туған кәмелетке толмаған Н.-ға бірнеше рет алаяқтық жасады деген айып тағылды.

Сот 2024 жылғы қазанда Н. есімді жасөспірім Талдықорғанда жүріп, сайтқа Астанадағы пәтерді жалға беремін деген хабарландыру жариялағанын анықтады. Ай сайынғы төлем 160 мың теңге деп көрсетілген, алайда бұл тұрғын үй ойдан шығарылған болып шыққан.

Кейін схемаға жасөспірімнің Ә. есімді туысы қосылған. 2025 жылғы мамырда ол да Алматыдағы тұрғын үйді 60 мың теңгеге жалға беремін деп хабарландыру берген.

Жалға алушылардың сеніміне кіру үшін, олар хабарландыруларға жалған фотосуреттер тіркеп отырған.

Мәселен, 2024 жылғы 31 қазанда Астана тұрғыны пәтер іздеп жүріп, мессенджер арқылы жасөспіріммен байланысып, алдын ала төлем ретінде 10 мың теңге аударған. Осыдан кейін оған тұрғын үйдің мекенжайын хабарлаймыз деп уәде берілген, бірақ көп ұзамай "жалға берушімен" байланыс үзіліп, нөмір бұғатталған.

Дәл осындай тәсілмен айыпталушылар тағы 32 адамды, оның ішінде Семей тұрғындарын да алдаған. Жалпы шығын 665 мың теңгеге жеткен.

Іс бойынша тараптардың пікірі

Прокурор екеуін де кінәлі деп танып, мынадай жаза тағайындауды сұрады:

Ә.-ге (жасөспірімнің туысы) - 3 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу;

Н.-ға (жасөспірім) - 3 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу.

Айыпталушылар кінәсін толық мойындаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын толық өтелген.

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты екі айыпталушыны да ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша кінәлі деп таныды.

Ә.-ге 3 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заң қолданылуына байланысты, жаза мерзімі үштен біріне қысқартылды. Соңғы шешім бойынша, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу белгіленді.

Н.-ға пробациялық бақылау белгілене отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа соққы жасады»
«Бюджетке 100 млн теңгеден аса қаржы қайтарылды» - ҰҚК
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу