«Мансұрды бермеңіздер»: Шешен оппозиционерінің ағасы қазақстандықтарға үндеу жасады

Oinet.kz 03-02-2026 38

Шешенстандық оппозиционер  Мансұр Мовлаевтың ағасы Хусейн Мовлаев Қазақстан азаматтарына бауырын Ресейге экстрадицияламауды  өтінді. Бұл туралы  Оinet.kz хабарлады.

image.png

Хусейн Мовлаев видеоүндеуін Алматыда БҰҰ ғимаратының алдында жазып, азаматтарды үнсіз қалмауға, бауырын қорғауға және экстрадицияны тоқтатуға шақырды. Оның айтуынша, Мансұр Қазақстанға қашып келген, ал бұл ел шешендер үшін «екінші үй» саналады. Сонымен қатар ол 1944 жылы Қазақстан депортацияланған шешендерді қабылдап, олардың өмірін сақтап қалғанын еске салды.

— Мансұрды бермеңіздер, үнсіз қалмаңыздар, — деді Хусейн Мовлаев.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасы Ресейдің Мансұр Мовлаевты беру сұранысын қанағаттандырған болатын. Шешім 30 қаңтарда қабылданды. Оған сәйкес, белсенді Ресейге 30 күн ішінде берілмек. Бұл туралы Мовлаевтың адвокаты Мұрат Адам хабарлады. Құжатқа  прокуратураның орынбасары Асхат Жұмағали қол қойған.

Қорғаушылар шешімді заңсыз деп санайды. Адвокаттар 11 ақпанда Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартуға қатысты сот отырысы белгіленгенін, осы мәселе қаралғанға дейін экстрадицияға рұқсат болмауы тиіс екенін айтады.  Белсендінің жақтастары  Ресейде оған азаптау мен өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, журналистер мен құқық қорғаушылар, БҰҰ арнайы баяндамашыларының араласуын сұрап отыр.

Өз кезегінде Мансұр Мовлаев ашық хат жариялап, Қазақстанға «менің өліміме қатысты болмаңыздар»  деп өтінген. Ресей жағы, құқық қорғаушылар мәліметінше,  азаптау қолданылмайтынын айтқан. Дегенмен адвокаттар басқа шешен белсендісі Салман Тепсуркаевтың тағдырын еске салады – ол Ресейге берілген соң қаза тапқан.

Мансұр Мовлаев – 29 жаста, шешен оппозиционері. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты ашық сынаған. 2020 жылы ол есірткі ісі бойынша үш жылға сотталған. Ол шамамен 1,5 жыл түрмеде отырып, 2022 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Қорғау тарапы істің күштік құрылымдар тарапынан жасалған қысыммен байланысты болғанын мәлімдейді. Бостандыққа шыққаннан кейін белсенді пробациялық бақылауда болып, Шешенстанда тұрақты түрде тіркеліп тұруға міндеттелген.

Қарағандыда кәсіпорын темір кенін заңсыз өндіріп, шетелге шығарған
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу