Генерал кетті… Генерал келді. Бұдан Түркістанның полициясында не өзгереді?

Oinet.kz 04-02-2026

Президенттің тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп», «Әділетті Қазақстан» қағидаттары елдегі барлық салаға, соның ішінде құқық қорғау жүйесіне нақты талап қойып отыр. Бұл идеялар Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасынан да айқын көрініс тапты. Қай заманда болсын заң мен тәртіпсіз қоғамда береке де, тұрақтылық та болмайтыны ақиқат. Десек те мәселе – тәртіптің бар-жоғы емес, оны кімнің және қалай қамтамасыз етіп отырғанында ғой.

Screenshot_1.jpg

Жуырда Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Бұған дейін «Рейтинг» газетінде біз оның қарамағындағы қызметкерлердің парамен жиі ұсталуына байланысты «полковник генерал бола алмайды-ау» деген ой айтқан едік. Бұл болжамның шындық екенін уақыттың өзі көрсетті. Полковник генерал шеніне жетпек түгілі, отырған қызметінен де айырылды.

Мұны неге еске алып отыр дейтін шығарсыздар.

Жуырда 21 жастағы шымкенттік Нұрай Серікбайдың қаза табуы қоғамды дүр сілкіндірді. Марқұмның туыстары полицияға бірнеше рет «алып қашу», «сталкинг» деректері бойынша арызданғанымен, бұл шағымдардың дер кезінде әрі тиісті деңгейде қаралмағанын ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы мәлім етті. Бұл іске Президенттің өзі араласып, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға Шымкент полициясының әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Нәтижесінде Шымкент қаласының бас полицейі Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов және Қаратау аудандық полиция басқармасының басшылары қызметтерінен босатылды. Ал арыздарды қараған тергеушілерге қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Қазір осыған қатысты ел ішінде түрлі әңгімелер бар. Тексеру құзырлы органдардың шеңберінен асып, түрлі жолдармен билік құрылымдарына еніп кеткен қылмыс әлемінің бұрынғы серкелеріне дейін барып жеткен көрінеді (жалпы жайшылықта шөп басын сындыруға ерінетіндердің Президент тапсырса шаш алатын жерде бас алатын әрекетке баратыны бұрыннан белгілі әдет қой). Енді осындай  тексерулер Түркістан облысына да қажет болып тұр. Неге дейсіз бе?

Неге десеңіз, Түркістан облысы республикада халқы ең көп, тұрғындары тығыз қоныстанған облыс. Өңірде  соңғы жылдары қоғамда резонанс тудырған ауыр қылмыстар жиі тіркелуде. Криминогендік ахуал күрделірек.

Түркістан облысында былтыр ресми статистика бойынша жалпы қылмыс саны азайғанымен, қоғамды алаңдататын, Президент ерекше бақылауға алған қылмыс түрлері керісінше көбейген. Айталық, алаяқтық қылмыстар 17,9 пайызға артса, интернет-алаяқтық деректері 45,6 пайызға өскен. Бұл мәліметтер былтыр жыл соңында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында айтылып, депутаттар арасында қызу талқыланды. Алайда полицияның жұмысына қатысты сұрақ көбейген тұста, облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал Мұрат Қабденов  жиынға қатыспай, орнына орынбасарын жіберді. Әлеуметтік желіде белсенді, өзін елмен етене жақын тұлға ретінде көрсетіп жүрген генералдың дәл осындай маңызды жиыннан шет қалатыны өкінішті-ақ. Тұрақты комиссия отырысында қылмыстың алдын алу шараларының әлсіздігін, полицияның өз ішіндегі тәртіп пен заңдылық мәселесі көтерілді. Себебі қағаз жүзіндегі әдемі статистика шынайы өмірдегі жағдаймен сәйкес келе бермейді.

Біз тек соңғы екі-үш айдың, көлемінде ақпарат құралдарында жариялаған бір-екі мысалға ғана тоқталайық. Мәселен, былтыр күзде  Арыс қаласындағы колледжде болған жағдай. Бірінші курста білім алатын жасөспірімдерді  жоғары курс студенттері ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, ақша бопсалаған. Жәбірленушілер бұл туралы колледжге бекітілген полиция инспекторына бірнеше рет хабарлаған. Бірақ ешқандай шара қолданылмаған. Ақыры шыдамы таусылған балалар қарсыласуға мәжбүр болып, оның соңы жаппай төлебелеске ұласады. Ал инспектор бұзақыларды жазалаудың орнына жәбірленушілерді бөлмеге кіргізіп алып, ұрып-соғып, балағаттаған. Сонда бұл қандай тәртіп? Полицей үшін тәрбиелеудің жалғыз әдісі күш көрсету ме?

Мұндай оқиғалардан кейін полицияға деген сенім қалай қалыптаспақ?

3 қарашада Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысының сыныптастары тарапынан соққыға жығылып, қаза табуы да әлімжеттік пен бопсалауға байланысты екені айтылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид деректерінің көбеюі де жасөспірімдер қылмысының алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігін аңғартады.

Жуырда Созақ ауданында пара алған полицейдің  жедел-тергеу амалдары жүріп жатқан жерден қашып кетпек болған әрекеті бейнежазбаға түсіп, бүкіл интернетті шулатты. Ал қазан айында департамент құрамындағы есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары мен жедел уәкілінің есірткі сату күдігімен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Өздеріңіз ойланып көріңіздер, есірткімен күресуі тиіс полицейлер сол қылмыстың ішінде жүрген. Мұндай сорақы жағдайға да көз-құлақ үйрене бастады.

Ал енді осылайша ұятқа қалып жатқан Түркістан облыстық полициясының бастығы Мұрат Қабденов қаңтар айының басында Ішкі істер министрлігі құрамындағы Әкімшілік полиция департаментінің басшысы қызметіне ауысып кетті. Генерал кетті. Оның орнын жаңа генерал басты. Бірақ тәртіп сақшылары арасындағы келеңсіздіктер әлі де жалғасып жатыр.

Қаңтардың соңында әлеуметтік желіде Түркістан облыстық полициясында қызмет ететін үш тәртіп сақшысының 18 жастағы қызды зорлағаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі күдікке іліккен үш полицейді қызметіне босатып, тексеру амалдарының жүріп жатқанын хабарлады.

Әрине, есірткі саудасына қарсы күресу міндетін сырып қойып, қайта есірткі саудасын қыздырған полицейлердің, жергілікті тұрғынды жауапқа тартпау үшін 200 мың теңге алды деген тәртіп сақшысының, қыз зорлау ісіне қатысты істің-мән-жайына тек сот баға береді. Сот үкімінің қашан шығатыны  әлі белгісіз. Егер сот оларды кінәлі деп тапса, ол үшін кім жауап береді? «Қасқырға қой бақтырған» басшылардың жауапкершілігі жылы жабылып қала бере ме?

P.S.  Қабденовтің орнын басқан генерал Арыстанғани Заппаров еңбек жолында Қызылорданың, Алматы облысының және Алматы қаласының полициясына жетекшілік еткен. Ішкі істер министрінің орынбасары болған. Түркістанның полициясын басқаруға тәжірибесі жетеді.

Алайда Түркістан облыстық Полиция департаменттің әлеуметтік желілердегі жарияланған ақпараттары Заппаровтың Түркістандағы қызметіне әлі толық кірісе алмай жатқандай  әсер қалдырады. Ол 16 қаңтарда ғана алғашқы аппараттық кеңес өткізген. Ал одан кейінгі жиындардың барлығын оның орынбасарлары жүргізіп келеді. Тіпті 19 қаңтардағы жыл қорытындысына арналған жедел кеңеске де генерал қатыса алмаған. Неге?

Әлде   Түркістан облысының полициясы генералдың «тақиясына тар» келіп тұр ма?

Бір генерал кетті, бір генерал келді. Бұдан Түркістанның полициясында не өзгереді?

"Рейтинг" газеті

Каддафидің ұлын өлтіріп кетті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу