Депутат жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта деп бекітуді ұсынды

Oinet.kz 06-02-2026

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Конституцияда «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңге» деген норманы нақты бекіту бастамасын көтерді. Оның айтуынша, ұлттық валюта мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып саналады.

image.png

Депутаттың пікірінше, төл валютаның болуы дербес ақша-несие саясатын жүргізуге, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ішкі нарықты қорғауға және жаһандық экономикалық дағдарыстарға уақтылы жауап беруге мүмкіндік береді.

Конституциялық комиссияның 8-отырысында сөйлеген сөзінде Айдарбек Қожаназаров теңгенің ел азаматтарының күнделікті өмірінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Теңге еңбекақы төлеуде, сауда-саттықта, қызмет көрсету саласында, жалпы экономикалық қатынастардың барлық бағытында қолданылады. Ол ел экономикасының жұмыс істеу тетігін ғана емес, қоғамның әлеуметтік жағдайын да айқындайды. Ұлттық валюта мемлекеттің тарихи жолын, тәуелсіздік кезеңіндегі қалыптасу тәжірибесін бейнелейді. Теңге Қазақстанның өз даму бағытын таңдағанын және қаржылық әрі институционалдық тұрғыдан дербес мемлекет ретінде орныққанын көрсетеді», — деді депутат.

Оның айтуынша, теңгенің мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту Қазақстанның экономикалық дербестік қағидатын нақтылап, қаржы-валюта саясатының сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықтың құқықтық негіздерін нығайтуға ықпал етеді.

Respublica партиясының жетекшісі әлемдік қаржылық архитектура өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде ұлттық валюта мәселесін ең жоғары құқықтық деңгейде айқындаудың маңызы арта түскенін атап өтті.

«Бұл норманы Ата заңда бекіту арқылы болашақта түрлі алып-қашпа пікірлер мен алыпсатарлық әңгімелердің алдын алуға болады. Мұндай жағдайда мемлекеттің өз валютасына қатысты ұстанымын Конституцияда нақты көрсету ерекше өзектілікке ие», — деді ол.

Айдарбек Қожаназаровтың сөзінше, қазіргі таңда теңгенің мәртебесі заңнамалық деңгейде, яғни «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» заңда айқындалған. Алайда жаһандық қаржы жүйесіндегі өзгерістер аясында бұл норманы Конституцияда нақтылау қажет.

Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Түркия, Грузия, Өзбекстан конституцияларында қаржы жүйесіне қатысты нормалар бар, ал Әзербайжан, Армения және Қырғызстанның Ата заңында ұлттық ақша бірлігі тікелей көрсетілген.


Генерал кетті… Генерал келді. Бұдан Түркістанның полициясында не өзгереді?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу