Жазушылар Одағынан шу шықты

Oinet.kz 07-02-2026

OINET.KZ - Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы Мереке Құлкенов көпке жақпай қалды. Себебі ол Одақтың жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы Елдос Тоқтарбайды қызметінен босатып жіберген. Елдос Тоқтарбайдың айтуынша ол елдік мәселелерді көтергені үшін төрағаға жақпай қалған. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында ашынып жазды. 

MyCollages (11).jpg

"Екі аптадай елден жырақ, сапарда жүргенімде, мені ҚЖО Төрағасы Мереке аға Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен ТІЛ туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме «Орнын босатсын!» деп әмір беріпті.

Бопты. Кетейік! Анығында, бұл — қоғамдық қызмет, яки бір тиын алмайтын ақысыз-пұлсыз жұмыс.

Менің көздегенім — қызмет емес еді, ұлттық балалар әдебиетінің беделін көтеріп, кеңес жұмысын жандандырып, бүкіл қазақ балалар жазушыларының жоқтаушысы, қорғаушысы болсам деген ақ ниетім ғана болған-тын. Бұл жолда алғашқы күннен-ақ барымды аямай, әлеуетім мен қабілетімді салып, кеңес жұмысын бес айда біраз жерге дейін жеткіздім", - деп өзінің атқанған бірнеше жобасын мысалға келтірді. 

Оның жазуынша, ол кеңеске келе сала ұмыт қалған балаларын жазушыларын түгендеп, «Балалар әдебиетінің бағбандары», «Балалар кітапханасы», «Жасөспірімдер кітапханасы» серияларын жүзеге асырып, жиыны 9 кітап шығарып, оқырман клубын құрып, ҚР бойынша балалар тақырыбына жазатын кәрі-жасы бар 117 жазушының басын ортақ чатқа қосып, әдеби база жасаған екен. Жас ата-аналар мен бүлдіршіндерге арнап 24/7 тегін қызмет қылатын «ҚЖО Балалар әдебиеті» деген салалық үлкен әдеби сайт ашқалы жатқанымда нақақтан-нақақ күйіп кеткен екен.

"Менің менеджерлік қырым біраз кісіге ұнамаған болуы да мүмкін. Себебі — «Мына бала Одақ төрағасы» болғалы жүр деген сыпсың сөз тарағанын өзім де талай естігенмін. Бірақ сол қаңқу сөздің бірін де елемей, еңбектене беріппіз.

… Ана тілімнің тынысы тарылып жатқанда, ел тағдыры таразыға түскен шақта үн-түнсіз қалуды ар санадым. Менің ел алдында Елдос Тоқтарбай болып жүргенім әуелі — осы қазақ тілі мен қазақ деген қорғансыз халықтың арқасы еді! Тіл туралы айтқан, жазған пікірлерім үшін еш өкінбеймін! Иә, енді менің кітабым да шықпас, әдеби байқаулардан қағылармын, жобалардан сызылармын… «Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес!» деп жұбанамыз, - деп жазған Елдос Тоқтарбай тіл үшін күресе беретін мәлімдеді. 

Жазушының бұл сөзін ақын Ақберен Елгезек қолдап, Жазушылар Одағының жұмысын сынға алды. Ол Жазушылар ұйымы қаламгерлердің құқығын қорғайтын ұйым емес, құқығын қорлайтын ұйым деп айтты. Сатирик Ермахан Шайқы да Одақ басшысының әділетсіз шешімінің салдарынан сатира кеңесінен босатылғанын жазды. 

Көптеген зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам белсенділері бұл оқиғаға байланысты өз үндерін қосып, Елдос Тоқтарбайға қолдау көрсетті. Әзірге Одақ басшысы Мереке Құлкенов ешқандай пікір білдірмеді. 

Депутат жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта деп бекітуді ұсынды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу