Ержан ЖҰМАБЕКҰЛЫ. Сатурнның сақинасын тағар ем...

Oinet.kz 04-12-2024 112

DSC09460.jpg

Ержан Жұмабекұлы (23 мамыр 1987 жыл Абай облысы, Аякөз қаласында туған) – Қазір Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, ақын, PhD докторы, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша өткен «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдегері, Қазақстан ұлттық арнасының тікелей эфирінде өткен «Аламан айтыс», «Қазақстан чемпионаты» айтыстарының жүлдегері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен шыққан «Шексіздік шұғыласы» және Түркиядағы «Medeniyetin Burçları» қоғамдық ұйымының қолдауымен шыққан «Sonsuzluk Şulesi» атты кітаптардың авторы, ҚР Абай облысы Үржар ауданының құрметті азаматы.


MELANCHOLY

Ғаламат деп өмірді,

Аяулы деп көңілді,

Тұрақты деп сенімді,

Сагарматха кемел деп,

Асқақтығын көрем деп,

Тынық мұхит терең деп,

Ең жақсы ай сәуір деп,

Бәрі –

Адам,

Бауыр деп,

Табыт болса,

Ауыр деп,

Жан дегенің тәтті деп,

Қарғысты ең қатты деп,

Залымға да бақ тілеп,

Періштенің жүзі ақ деп,

Ғасырларды ұзақ деп,

Уақыт қана тұзақ деп,

Ақтың ақ боп қаларын,

Күннің мәңгі жанарын,

Айтпа маған!

Тоңамын...

Сенікі жөн,

Дегенмен,

Кей қағида көнерген.

(Тек жұбаныш өлеңнен...)

...Біреуге сыр бермеуді,

Ешбір жанға сенбеуді,

Жанды жалғыз емдеуді.

Үйретті ғой бір кісі,

Адам сынды түр-түсі,

Қайғырғаны, күлкісі...

Қара жермен кемені,

Жүргізгендей боп еді,

Дос санағам мен оны!..

 

ТӨРТ АНЫҚ

Өмір шауып өтетін тұлпар дей ме,

Бақыт әні келте ме шырқар үйде?!

Абай сынды абызға айналмасаң,

Үш өлім бар адамға бұл фәниде.

 

Арман деген ойнаған саз жаныңда,

Тұрмайды екен көктем мен жаз қолыңда...

Шын жүректен жауың да көңіл айтар,

Дүниеден бір күні озғаныңда.

 

Бар нәрсенің жұмбағы тор емес пе,

Аяғы да, басы да нөл емес пе!..

Қара жерге жамбасың тиген кезде,

Екінші рет өлгенің сол емес пе?!

 

Болашақта бір адам бағалар шын,

Болмысында байланыс бар болғасын.

Есіміңді соңғы рет айтқаннан соң,

Бұл өмірден мәңгіге жоғаласың...

 

АҚЫНДАРДЫҢ АСТАНАСЫ – АЛМАТЫ

(Симбиоз)

Жырларың бар тыңдататын әлемге,

Сырларың бар космостық тереңде.

Бәрі жалған,

Сен ғана шын сияқты

көрінесің

Жан бітіріп өлеңге...

 

Нұрлы әлемі,

Ақылменен сезімнің,

Отанысың еңбекпенен төзімнің.

Жылаған да,

Бақытты ғой, Алматы,

Арман толы құшағыңда өзіңнің.

 

Саған ғана келер жолдай бар әлем...

Әке,

Ана,

Бауыр,

Әлде аға ма ең?!

Ару болсаң саусағыңа аялап,

Сатурнның сақинасын тағар ем...

 

Зұлымға да ұсынғаның төр еді,

Жақсылықтың жүрегісің себебі.

Әділдік пен адамдыққа сенбейтін,

Пенделерге сені үлгі еткім келеді.

 

Ең ғажайып күн ғой,

Саған келген күн,

Алтын қанат арғымақта тербелдім...

Күндер тоңып,

Өртенгенде көп түнім,

Күн бермеген сәулені де сен бердің.

 

Қаласың сен,

Тәніменен жаны бар,

Қасиеті,

Киесі мен ары бар.

Сен болсаң,

Мен

Бармын.

Егер,

Біз болсақ,

Махаббат бар,

Бақ бар, демек, бәрі бар!

 

Қайда барсам ойымда сен жүресің,

Мен сенде емес,

Сен менде өмір сүресің...

«Болашақ» – деп алғаш басқан қадамым,

«Алматы» – деп аталады,

Білесің...

 

Үмітім мен сенімімді тасыттың,

Қанаттанып болашаққа асықтым...

Бәрі саған ғашық,

Білем мен оны.

Ал,

Сен кімге ғашықсың?!

 

Сұлу жоқ-ау, саған, жаным, теңердей,

Ғаламат та жоқ көңілді бөлердей.

Өзіңе арнап өлең жазып отырмын,

Ішімнен бір Абай шыға келердей.

 

Тарих тұнған әрбір тасың жаңғырып,

Көңіл тауын толқытады таң күліп...

Көктөбеден көрген кезде көркіңді,

Қарап тұрғым келеді ғой мәңгілік.

 

Сыйластық пен құрметті де «сен» деймін,

Тіпті, өзіңнен

Париж, Нью-Йорк кем деймін.

Қызықса да,

Қызғанса да,

Оларға,

Қарыз түгіл, күнәңді де бермеймін...

 

Ал,

Мен саған бәрін бердім,

Көктемде,

Анамды да, баламды да өткенде...

Енді берер сені сүйген жүрек пен

Өлеңімнен басқа ештеңе жоқ менде.

 

Асан қайғы іздеген жер жәннаты,

Ауаңда тұр бабалардың әр хаты...

Сен аман бол,

Төлқұжаты Қазақтың –

Ақындардың астанасы – Алматы!

 

ҒИНАЯТ

(Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-ға)

Жақындатып,

Батыс, Шығыс даласын,

Қарама-қайшылықтардың арасын...

Платон,

Аристотель көзқарасын,

Синтездеген Әл-Фараби дара шың...

 

Көне грек ойшылдары от еді,

Тәржіма да жасап данам өтеді.

ХІ ғасыр келіп еңбегі,

Гранада мен Кордоваға жетеді.

 

Кітаптардың асулардан асуын –

Тілеген ол –

Әлемге нұр шашуын.

Арабшадан аударылып латынға,

Еуропаға таралады жасырын...

 

Фарабиім алыптардың алыбы,

Сан саланы дамытқан бір тау ұлы.

Осылайша қайта жандану,

Яғни,

Басталады Ренессанс дәуірі...

 

Қара жермен жүргізгендей кемені,

Жазғанының жетпегені көп еді...

Руханиятын гүлдендірген дүниенің,

Алғашқы ұстаз деймін үнемі мен оны!

 

Биіктігі,

Тереңдігі затында,

Ғасырлардың тынысы бар хатында...

Алматының жүрегінде дәл бүгін,

Университет осы бабам атында.

 

Бұл өмірдің шаттық-мұңын текті елмен,

Оқытушы,

студенті көп көрген.

Ұлы Отан соғысы,

Тың игеру,

Бәрін-бәрін бастарынан өткерген.

 

Әр адамның ішінде бір жалын бар,

Дарындарды қолдамай ма дарындар!

Ордамызда дәрістерін оқыған,

Әуезов пен Қабдоловтай ғалымдар.

 

Жолы ұдайы жақсылармен жалғасқан,

Универім –

Білімдегі алдаспан...

Ғылым,

Өнер,

Спорт,

Медицинаны,

Дамытуға атсалысқан танбастан.

 

Шабыт атты шартарапқа өтіп бір,

Көптен бері айтқым келген етіп жыр.

Өзге елдің ұл-қыздары риза боп,

Қиырлардан келіп бізде оқып жүр.

 

Белгілі ғой алтын көпір екенің,

Айналайын,

Әркез дұға етемін.

Нобель сыйлығының иегерлері

кеп тамсанған

Құтқа толы мекенім.

 

Айға ғашық,

Шайдай ашық аспаның,

Бақыт деген – уақыт қой қас-қағым...

Қанша мықты білім алған өзіңде,

Сақтап тұрсың

Махаббатын,

Жас шағын...

 

Саған түсу – түлектің бір бағы ғой,

Маған мұнда ұстаз болу – абырой.

90 жасың құтты болсын, Қаз ҰУ,

Қазағымның бұл бір аппақ таңы ғой!..

 

РУХ

(Съезбек Сүлейменовке)

Семей емес,

Бұл өңірді Өлең де!

Шабыт берген Ертіс сыры тереңде.

Сіздей адам саусақпенен санарлық,

Бар өмірін арнаған жан өнерге.

 

Алатаудай асқақ рухты жаны асыл,

Бәрімізге ардақтысыз, дарасыз.

Ұл-қызынан биік қойған шәкіртін,

Ұстаз,

Ғазал ғаламда сіз ғанасыз...

 

Қалыптасқан заңдылыққа бағынбас,

Тарбағатай тауыменен тамырлас.

«Қашан ақыл кіреді», – деп «қазаққа»,

Қамалдай ең ажалға да алынбас...

 

«Менде емес, елде болсын», – дегенің,

Үнемі есте арманға да сенерің!

Атақ емес, абыройға ұмтылып,

Ардың туын аспандатып келемін.

 

Өзіңізбен өткен күннің бәрі аңыз,

Үштөбедей жұмбақ тұнған даласыз.

Сіз бар жерде Біз жүреміз қашанда,

Біз бар жерде, Жан аға, Сіз боласыз!

 

Кім ойлаған Сізді орар деп ақ кебін?!

Ердің жасы – елуді алар шақта едің.

Жазсын Алла сіздей нұрлы адамға,

Жұмақ дейтін мәңгі өмірдің қақ төрін!

 

АҚТАРЫЛУ

(Қуаныш Жұмабекұлына)

Кейде жолды жабады жүз бір сұрақ,

Диірмен де салдырмай, әттең, дауыл...

Қатты сындар ширатты бізді,

Бірақ

Анамыздан айырылу –

Сәт

Ең ауыр...

 

Қанша мықты болсақ та,

Сый көрсек те,

Кей жағдайда білім мен өнер ғаріп.

Уақытты ұтуды үйренсек те,

Топырақты, қайтейік, жеңе алмадық?!

 

Әкеміз бар,

Әйтеуір, жаққан отын,

Өшірмейтін қуат бар бойымызда.

Алдымызда арман бар – бақ болатын –

Шуақ байлап тұратын ойымызға...

 

Құлпытас пен тойына өлең жазып,

Тауып беріп докторлық тақырыбын.

Ақысыз-ақ талайға елең қағып,

Демеу болдық қорған деп ақыл мың күн...

 

Түрік, орыс, ағылшын тілдерінде,

Бар әлеммен байланыс жасағанда –

Өзімізді таныдық.

Күнде-күнде

серпілу ғой

бастысы

жас адамға...

 

Поэзия мен ғылымды дамытсақ деп,

Талпынамыз.

Кейбіреу көре алмайды.

Шексіздікте шалқитын шабытты шақ көп,

Ізгілікке неге олар сене алмайды?..

 

Сәулемізді төгумен қаншама елге,

Бата да алып келеміз ұдайы біз.

...Қиялымыз жеткен сол нәрселерге,

Қолымызды жеткізер Құдайымыз...

 

Аш болса да,

көңілім

тоқ болса да,

Өз еркімен босатқан хандай тақты...

Барын берер шын досым жоқ болса да,

Жанын берер сен барсың қандай жақсы!

 

Өзің ғана білесің,

Терең ерім,

Барлық жанға ішім ақ менің неге?!

Бұ дүниеге қайтадан келер едім,

Бауыр болсаң келесі өмірде де...

 

IMG_20241204_145505_676.jpg

ЖАЛҒАНДЫҒЫН ЖАЛҒАННЫҢ ҰМЫТСАҚ ТА...

(Айбек Сағатбековке)

Кездеспегенімізге көп болды ғой,

Ұзақта екен ұясы ұлы арманның...

Кімнің жақын екені реттелді ғой,

Бірақ сені сағынбай тұра алмадым.

 

Тіршіліктің қамытын киіп сен де,

Мұрыныңа су жетпей жүргендейсің.

Бас қойғансың білемін биіктерге,

Білегіңді тек соған түргендейсің.

 

Малымызбен емес,

Біз жанымызбен,

Жолдас болып кеткен ек жолыққаннан.

Шырайланам шуақты шағымызбен,

Көңіліме біржола қонып қалған...

 

Ауыр-ауыр ойларын артқан кей күн,

Өзге жерде ғақлия-ғалам жоқтай...

Саған қарай Семейге тартсам деймін,

Алматыдан ақжарқын адам таппай.

 

Мида тұрған мерейлі

мініп таққа,

Қиялдағы құнанды құрықтайық,

Жалғандығын жалғанның ұмытсақ та,

Дос екенімізді еш ұмытпайық...

 

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҚҰДАЙДЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ

Қазақ деген бір ел бар білесің бе?

Һақтан жеткен қалсын бір жыр есіңде!

Сенбейсің бе, білмеймін сенесің бе,

Жылайсың ба, білмеймін күлесің бе?..

 

Күлетінің сенбейсің ғажабына,

Жылайтының сенесің азабына.

Жету үшін жүректің жұмағына,

Шыдап берген жүйкенің тозағына...

 

Ойланбай-ақ елі үшін отқа кірген,

Бабаларым Күн заңын жатқа білген.

Қара жаяу жүргенде басқалары,

Алтын сауыт киініп атқа мінген!

 

Барсакелмес оралған сапардан жүз,

Екі өмірді тең көрген қатарданбыз…

Тәуелсіздік қазақтың алтын тәжі,

Мәңгіліктің жолында ат-арбамыз.

 

Даламызда шалқиды ар әуені,

Баламызда арманның Қарагері,

Көкірегі үндескен табиғатпен,

Қазақ деген Құдайдың қара өлеңі!

 

АУЫЛЫМ-АУ

Іздеп Асан аңсаған кереметті,

Ауылымнан адамдар неге кетті?!

Мен де досым екенін байқамаппын,

Гүлге өлең оқыған көбелекті...

 

Арманым ғой алысқа аттандырған,

Ата-анамды сағынам шаттандырған.

Жиі ойлаймын жазира даламды да,

Ит жүгіртіп, құс салған, қақпан құрған.

 

Тауларымды түсімде көп көремін,

Әлі есімде тұлпарды ерттегенім.

Эвересттің еркесі болатындай,

Ажалсыз бір жыр жазсам деп келемін...

 

Ауылым-ау, «сен», – десе, сезім дара,

Мөлдірлігің бейне бір көзім қара.

Қазір ана-а-а-ау Ай жақын сияқты ғой,

Бірақ жүрек ішінде өзің ғана.

 

Ауырлығын азаптың көтерсе адам,

Арманына жан бітер от аңсаған...

Ақсақалы атанып Алты алаштың,

Бала болып...

Қайтадан жетем саған!

 

ТҰМАН

(Мұхтар Тұрсынбаевқа)

Тағдырдың мініп алып кемесіне,

Әрненің үңілеміз елесіне.

Достым-ау, түсінбеймін, не екенін,

Түсесің тұман тұнса сен есіме?!

 

Қиын да қызық еді ғұмыр неткен?

Санап та үлгермейсің күніңді өткен.

Кештерің күннен-күнге кемиді екен –

Дүрмекке-дүрмек қосып дүбірлеткен.

 

Жаңалық жеткізсе де айдан адам,

Айнаға қарап ойы тайғанаған…

Ежелден шешілмеген сол сұрақтар,

Мен кіммін?..

Қайдан келдім?..

Қайда барам?..

 

Не тылсым?

Мұны бір жан біле алмайды,

Бәлденіп дүние болса, бұлаңдайды.

Бір-бірін шын сүйіп қосылғандар да,

Бірінің-бірі жанын ұға алмайды.

 

Әуелі, жоқты қуып қиналамыз,

Соңыра жалғандыққа иланамыз.

Тентіреп, туыспен де ортамыздан –

біреу қайтқанда ғана жиналамыз…

 

Сезесің, өзің солай өтеріңді,

Қайғы мен жасқа көміп етегіңді…

Сұм жалған неше мәрте дәлелдемек,

Жалаңаш кеп жалаңаш кетеріңді?!

 

Білмейміз, «ертең» дейтін, күнің қандай?

Мазмұнын мына өмірдің мұң ұрғандай...

Баяғы өзгермейтін бір қағида,

Қашан да асығамыз жын ұрғандай.

 

Көңілді шын көтеріп, шын күлмейміз.

Сырт көзге мұңымызды білдірмейміз.

Еске алып шалыс басқан қадамды іштей,

Өзіміз – өзімізді тілгілейміз…

 

Сөйткенде, бар жұмбақтың бір күні, шіркін,

Тауып ап той қылса ғой жұртым кілтін?!

«Бәрі алда, бұл – тәтті түс…» деп шықпасын,

Бір білгіш қан түкіріп… мүмкін!..

 

...Мүмкін,

шындық пен махаббаттың моласына,

Дұға оқу – жаратқанның жобасы ма?..

Әу баста білсе ешкім түспес еді,

Тірліктің азап толы додасына!

 

Ол рас, ойсыз болсаң терлемейсің,

Сәуегей боп кетсең де өрлемейсің.

Тамырың терең тартқан текті едің ғой,

Мұхтар-ау, сен не дейсің?!

Сен не дейсің?!

 

DSC03879.jpg

КҮЗ БЕН ҚЫЗ

Таң атпай сезім алаң,

Жұмақтай көзіме маң.

Армысың, алтын күзім,

Жеттім-ау өзіңе аман?!

 

Армандап алып-ұштым,

Сиқыры сағыныштың.

Ән тұнған әлеміндей,

Күз деген бақ-ырыстың.

 

Сен едің сұрағаным,

Жалғызым, жұбанарым.

Біреулер мұңаяды,

Мен болсам қуанамын.

 

Күн шықсын шұғылалы,

Күзде күн құбылады.

Күн қанша салқындасын,

Көңілім жылынады.

 

Әр мезгіл бізге дара,

Белгі бар ізде жаңа.

Тек мені күтетіндей,

Бақытым күзде ғана.

 

Сары қыз, түсін мені,

Жүректің ішіндегі.

Сап-сары жапырақтар,

Сені еске түсіреді...

 

 

ӨМІР ЖАЙЛЫ БІЛГЕНІМ

Өмір жайлы білгенім,

Бірде шаттық, бірде мұң.

Туыс-досым қасымда,

Аман-есен жүргенім.

 

Өмір жайлы білгенім,

Арманыммен біргемін.

Көңіл нәзік гүл ме едің,

Үміт неткен нұрлы едің?

 

Өмір жайлы білгенім,

Құстай ұшқан күндерім.

Ай мен күндей екен ғой,

Жылағаным, күлгенім.

 

Өмір жайлы білгенім,

Ештеңені білмеуім.

Кетеміз-ау бір күні,

Келтіре алмай күрмеуін...

 

 

ҚАЗАҚ

Түнгі әуеде қалықтаған ой болып,

Бір мезетте көкбөріге айналып...

Періштенің күлкісіндей сезім боп,

Ақ арманын мың айнала безілдеп...

Жанарынан жасын атқан ібіліс,

Кейде өзін-өзі шалған кідіріс.

Құс жолының жиегінде дірдектеп,

Бейне тұнған шұғылалы бір көктем.

Бірде дана – дұшпан көрген тағдырын,

Бірде бала – дос санаған барлығын.

Және қозғалғанға қамқор үй болып,

Сай-сүйекті сырқыратқан күй болып.

...Өзін-өзі іздеп таппай жоғалған,

Жылуы мен мейірімі тоналған.

Топырағы тозған дала сыңайлы,

Айнадағы бейнесіне жылайды!

Сосын оның сомдауы ауыр күрсініс,

Қайта қуат тұндыратын құлшыныс.

Азабы мен қасіретін өрнектеп,

Үмітінің елесімен тербете...

Мақтануды шығарыпты ұялмай,

Құдаймен де түскі ас ішкен қиялдай...

Кім біледі, дұрыс шығар мұнысы,

Ақыл айтқыш дым білместер құрысын?!

 

ШЕКСІЗ МҰҢНЫҢ...

Асыл жанның долыға қор болары,

Ақылсыз ерден елдің сорлағаны,

Тәрбиесі бір қыздың жолда қалып,

Ар-намысын ақша үшін қорлағаны,

Күншілдердің сыртыңнан даттайтыны,

Кей сәбиді жетімдік қақтайтыны,

Ата-анасын балалары – жан айдыны,

Мәңгі қарттар үйіне қамайтыны,

Тағы бір жан сәуледен қағылғаны –

Абақтыға жазықсыз жабылғаны,

Еңбекқордың шашылып жиылғаны,

Мұратына сәл жетпей қиылғаны…

Мәстектердің бәйге алдын бермейтіні,

Ол көктемнің қайтадан келмейтіні...

Әділеттің жатырда өлетіні,

Ақиқатты жалғандық көметіні,

Мейірімді, сүюді, сағынуды,

Жоғалтқан жұрт – жұтқаны зарын улы...

Көрген түстей өмірдің өтетіні,

Шексіз мұңның түбіңе жететіні!..

Өкінішті!

Өкінішті!

Өкінішті!

 

МЕТЕОР

(Қара өлең пайғамбарына)

Қоржыныңда қуатты сөз көп...

Ел таң!..

Тырысуда, шыңыңды көздеп...

Ер сан...

Нұрлы ой отауына еніп, шықпай,

Шөлді көлдей шырайлап, өзгерткен хан!..

 

Барша жау, тау жеңіліп…

Күбірлескен...

Шығармайды ешқашан үніңді естен.

Бүкіл әлем бақытты шығар, сірә,

Сізді туған нысанда ғұмыр кешкен.

 

Бірақ айтар миллион мұң табармын-ау,

Жыртқызғым да келмейді жағамды сау...

...Пейілінде тербелген ақша елесі,

Мейірімге сусаған заман мынау...

 

Тәубәсі өлгендерге жоқ кедергі елі...

Данышпан, нақұрыстың көрер көрі –

Құдай мен сайтаннан да шошымайтын,

Сауда мен ұрлықтың хас шеберлері...

 

Сіздік сөзбен кем-кетік толығар шын,

Қазақтағы жұпарлы толық арсың.

(Жарығыңыз сан ғасыр болар әлі.)

Кешіріңіз!

Сізге әлі оралармын.

Сөзге орын аз,

Жарнама орын алсын!..

 

МЕН ӨЗІҢМЕН...

Бұлақ көзін ашқызғысы келеді,

Асау толқын тас бұзғысы келеді.

Ақтарылып ақ жаңбырмен селдеткен,

Аспан мауқын басқызғысы келеді.

 

Ерке Ертіс сəл тасқысы келеді.

(Бəле етекке жармасқысы келеді.)

Ақын жаны табиғаттың сиқырлы,

Сыр-пернесін дəл басқысы келеді.

 

Біреу тəтті қиялына ереді,

Біреу əн-күй тыңдағысы келеді.

Бауырына келіп кеткен əр жанға,

Барқытбел қол бұлғағысы келеді...

 

Жұлдыздарын түн жаққысы келеді,

Ғашық жүрек үн қатқысы келеді.

Өз əуенін таңырқатып бұлбұлға,

Қара торғай тыңдатқысы келеді...

 

Бақ

Беймəлім кімге көңіл бөледі,

Көбелекке гүлге қону – керегі.

Байрақ биік желбіреуді көздейді,

Мен өзіңмен бірге болғым келеді.

 

Бəрін тастап кетейікші бір жаққа!..

 

ҒАШЫҚТЫҚ ҒАЛАМАТЫ

Ағытсам сырдың тиегін,

Ай мен күннен де киелім.

Дамылсыз айтам, жар салып,

Сүйемін сені сүйемін!

 

Толқытқан сырлы шердейсің,

Келтірмейсің, не келмейсің!

Ғашықтығымды ғаламат,

Көзімнен неге көрмейсің?!

 

Алтыныңмын-ау қолдағы?!

Күй кештім құстай тордағы.

Тар маңдайына дүниенің,

Сыймай кетпесем болғаны...

 

Мүмкін,

ақ бұлтқа айналам –

Көз тігетіндей айналам?!

Мөлт етіп көктен тамбай-ақ –

Кірпігіңе кеп байланам...

 

МӘҢГІЛІК

Өскемен қаласында,

Ғажаптың бәрі осында.

Бір сәт бар естен кетпес,

Ертістің жағасында.

 

Арманды түрлендірді,

Көңілді гүлдендірді.

Жалғанды жұмақ еткен,

Күлгені – күннен нұрлы.

 

Сол қыз ғой санамдағы,

Мендегі ғалам жаны... 

Әлде ол сырға толы,

Жас па еді жанардағы?!

 

Көктемдей дара ма еді,

Күздей шын дана ма еді?!

Уақытты тоқтата алсам,

Сол кезде қалар едім...

 

Ғашықтың әлемі – ой,

(Бақытты, әдемі ғой...)

Махаббат, жастық, өмір,

Бәрі де бар еді ғой!

 

Жетелеп таңғы үміт бір,

Жүректе жаңғырып тұр.

Ол үшін бір сәт шығар?!

Мен үшін мәңгілік бұл!..

 

AMOR FATİ

Досым бар сенетін,

Жиі іздеп келетін.

Кездескен кездерде,

Көңілге көметін...

Қуаныш, қайғымды,

Көзімнен көретін...

Жанарын жұмып та,

Соңымнан еретін.

Жолымнан жаңылсам,

Ақылын төгетін.

Мен үшін

Тауды да,

Жауды да жеңетін.

Басыма күн туса,

Жанын да беретін.

Өзім де

Оғланмын

Ол үшін өлетін!..

 

(деп айтам бір күні!..)

 

КӨҢІЛ

(Медет Баяхметовке)

Аш болсын,

Тоқ болсын,

Аз болсын,

Көп болсын,

Су болсын,

От болсын,

Бар болсын,

Жоқ болсын,

Ай болсын,

Күн болсын,

Тас болсын,

Гүл болсын,

Жалған не шын болсын,

Бұл көңіл бір болсын...

Досым!

 

ЗӘУДЕ

(Дарын Сембековке)

Алатаудан асқақ арман,

Қаратаудан үлкен қайғы.

Қажытады қасқа жалған,

Кейде бермей мүлде бәйгі.

 

Әйтеу іште ғалам тұнық,

Ажыратсақ ақ қараны.

Күндерменен арам суып,

Түндер туыс боп барады...

 

Дос,

Аз емес көргеніміз,

Күтер енді қандай өмір?!

Сүйгеніміз,

Сенгеніміз,

Өлтірмесе болды әйтеуір!..

 

CARPE DİEM

Жүрегі аман,

Жыр жазса адам,

Жалған сыртына,

Жасалған қадам...

Көбелек,

Гүлдің,

Көзінде нұрмын –

Өзіме-өзім –

Құдаймын,

құлмын...

Байлаймыз іске,

Ал бақыт іште...

Уақыт – әділ дос,

Өңімде, түсте...

Көңілде бар күш,

Өмірге алғыс.

Махаббат екеу,

Тек өлім жалғыз...

Құлқынды ұттым,

Шеңберден шықтым.

Өзіммен өзім,

Жүздесіп ұқтым...

 

ДЕТЕРМИНАЦИЯ

І

Пейілі қардан аппақ,

Біреуге таңғаласың.

Жүрген көп ардан аттап,

Кейде өзің алданасың...

 

Мен енді сене алмаймын,

Әкесін,

Анасын да!..

Тозақ бос деп ойлаймын,

Шайтанның бәрі осында!

ІІ

Бірақ,

Білемін,

Бәрі өзгерер.

Сезеді жүрегім,

Соны көз көрер.

 

Арман,

Тез келмес,

Кез көп жанатын.

Жалғыз өзгермес,

Өлім сағаты!..

 

АДАМ КЕЙДЕ...

Адам кейде шаршайды,

Бар үміті үзіліп.

Бала кезін аңсайды,

Ішінде бір күз ұлып...

 

Шаршайды адам,

Шаршайды,

Есебінен көп қудың.

Мал қайғы, рас, жан қайғы,

Бітпес айқасы от, судың...

 

Шаршайды ғой,

«Шіркін-ай,

он жыл ұйықтап алсам», – деп,

«Өсетін шын құлпынай,

Нұрлы жаққа барсам», – деп...

 

Ақиқатын жоғалтқан –

Шаршататын

Қоғамы!

Күлімдесін әр ақ таң,

Көңіл гүлі солады...

 

Ғашық болып ғарышқа,

Сүйіп қалсын қанша айды!

Тәнін тастап,

алысқа,

Кеткісі кеп,

Шаршайды...

 

IMG_20241204_143912_905.jpg

БІР МҮМКІНДІГІМ БОЛСА ҒОЙ

Өмірім бітпес қанша ой,

Көңілім шіркін толса ғой.

Басынан бәрін бастар ем,

Бір мүмкіндігім болса ғой!

 

Қара мен ақты білер ем,

Жақсымен ғана жүрер ем.

Жалғанмен ерте қоштасқан,

Жандармен ойнап күлер ем...

 

Барынша біліп бес күнді,

Бағалап жаңа, ескіңді.

Ренжімес едім ешкімге,

Ренжітпес едім ешкімді.

 

Нұрланып мөлдір көзіңнен,

Өртеніп қайта өзіңмен...

Мен сені тағы сүйер ем,

Дәл осы шексіз сезіммен!

 

АЛМАТЫ

Күндей күліп тұратын,

Бір арман ән Алматы,

Әр сұлуға бір ақын,

Жыр арнаған Алматы.

 

Ерлер ақтап сенімді,

Өткен ғажап Алматы.

Бодандықтан елімді,

Еткен азат Алматы.

 

Күні-түні базары,

Қайнап жатқан Алматы.

Сағат сайын жаңарып,

Жайнап жатқан Алматы.

 

Зәулім-зәулім үйлері,

Бұлттан асқан Алматы.

Сенсің көптің сүйгені,

Нұрын шашқан Алматы.

 

Шымбұлақ пен Медеуін,

Бәрі білген Алматы.

Көктөбе бір төр еді,

Көңіл күлген Алматы.

 

Айтатындай ән ғылып,

Бас қаламыз Алматы.

Махаббаттың мәңгілік,

Астанасы Алматы.

 

Саған бәрі таңғалған,

Шалқып қалам Алматы.

Нью-Йорк пен Лондоннан,

Артық маған Алматы.

 

Алатау да өлеңнің,

Дара тауы Алматы.

Орталығы әлемнің,

Болады әлі Алматы.

 

Алматы – Жер жәннаты!

 

ЖАН ҚЫЗЫМ (ҚЫЗ ҰЗАТУ)

Алмасар бір күн бір күнмен,

Өмірдің сырын кім білген?

Уақыттың қалай өткенін,

Қызыма қарап білдім мен...

 

Жалғадың екі ел арасын,

Әкеңе әлі баласың.

Анаңның ерке қызы едің,

Енді өзің ана боласың.

 

Назданып бізбен аспан жер,

Сыңсуда көңіл қосқан ел...

Сәукеле киген, жан қызым,

Кимешек киер жасқа кел!


 DSC03907.jpg

ҰЛЫМ

Ұлым,

Бүгін туған күнің.

Үлкен азамат боп,

Үйлессін ән-жырың.

 

Ұлым,

Неткен тәтті тілің.

Көзіңнен айналдым,

Өзіңсің ай-күнім.

 

Ұлым,

Сезін өмір жүгін.

Құстың қос қанаты –

Өнерменен білім...

 

Ұлым,

Қысқа мынау ғұмыр.

Адамзатқа арна,

Жүрегіңнің нұрын!

«Өлген қызды зорлаған»: Хас сұлудың жазығы не?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу