Тоқаев құқық қорғау органдарын «төтенше дайындыққа» көшірді
Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар нақты тапсырма берді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Мемлекет басшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктер басшыларымен бірлесіп, Ирандағы ахуалдың ушығуы және оның еліміздің тұрақтылығына ықтимал әсеріне қатысты шұғыл іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырған.
Президент тапсырмасына сәйкес, барлық күштік құрылымдар тәуліктік күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Сонымен қатар Үкіметте Сыртқы істер министрлігі үйлестіретін арнайы мониторинг тобы жұмысын бастаған. Өңір әкімдеріне де қалыптасқан жағдайды ескере отырып, жедел шешімдер қабылдау міндеттелді.
Айта кетейік, бүгін Израиль Тегеранға «превентивтік соққы» жасағаны хабарланды. Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына бірнеше зымыран ұшырған.
Оқиғаларға байланысты Алматы мен Астанадан ұшып шыққан бірқатар рейстер кері қайтарылатыны белгілі болды. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран аумағындағы Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.


