Елорда мамандары Түркістан облысында бірнеше күрделі ота жасады
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы дәрігерлері көшпелі медициналық миссия аясында Түркістан облысына арнайы сапармен барып, жергілікті тұрғындарға кеңестік-диагностикалық көмек көрсетті.

Дәрігерлердің жұмыс сапары 25-26 ақпан күндері ұйымдастырылып, өңір әкімдігі мен Медициналық орталық арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде жүзеге асты.
Іссапар барысында Медициналық орталықтың ауруханасы мен Ұлттық госпиталінің жетекші мамандары 184 тұрғынға консультациялық көмек көрсетті. Әр пациенттің жағдайы жан-жақты қаралып, тиісті ұсыныстар берілді. Сонымен қатар заманауи медициналық технологияларды қолдана отырып, 23 күрделі хирургиялық операция сәтті жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлеріне арналған 35 оқыту семинары мен шеберлік сабағы өтті. Оған 500-ге жуық маман қатысты. Кездесулер барысында диагностика мен емдеу тәсілдері, сондай-ақ заманауи клиникалық тәжірибені енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Мамандар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік алды.
Көшпелі іс-шаралар өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.


