Денсаулық сақтау министрі шұғыл үндеу жасады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасады, деп жазады Оinet.kz.

"Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркелуде. Бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес. Қызылша – асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан бірқатар шаралар қабылданды: 6-10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпені өткізіп алған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды, профилактикалық жұмыс күшейтілді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар еліміздің бас дәрігері баршаға ортақ жауапкершілік туралы ескертті.
"Қазіргі таңда сырқаттанушылықтың өсу қарқынының төмендеуі байқалады, дегенмен жағдай баршамыздың ортақ жауапкершілігімізді талап етеді. Сенімді қорғанудың жалғыз жолы – вакциналау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз. Балаларыңыздың денсаулығына қамқорлық жасаңыздар. Екпені уақытылы алыңыздар, - деді Ақмарал Әлназарова.


