Қазақстанда 12 мыңнан астам адам мәйіттік донор болуға келісім берген
Қазақстанда 2025 жылы 12 671 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Бұл туралы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, әрбір мұндай шешім трансплантацияны күтіп отырған бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда мәйіттік донорлыққа келісім бергендердің саны айтарлықтай артқан. Мәселен, 2023 жылы мұндай шешім қабылдағандар саны 4 991 адам болса, 2024 жылы олардың саны 7 242-ге жеткен.
Министрлік өкілдері бұл көрсеткіш қазақстандықтардың донорлық мәселесіне жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсететінін атап өтті.
«Бұл статистикадағы ең маңызды қорытынды – адамдардың көбі бұл мәселе туралы ойлануды бастап, өмірінде саналы шешім қабылдап жатыр. Бұл – басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталған таңдау», – деп мәлімдеді министрлік.
2026 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша, Қазақстанда 4 506 науқас орган трансплантациясын күтіп отыр. Олардың ішінде 123 бала бар.


