Қазақстанда өлім-жітімнің басты себептерінің бірі анықталды
Жүрек-қан тамыр аурулары Қазақстандағы ең қауіпті дерттің бірі болып тұр. 2025 жылы еліміздегі өлім-жітімнің төрттен біріне жуығы осы себептен тіркелген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Ведомство дерегіне сәйкес, 2025 жылы елде 134,7 мың адам қайтыс болған. Сарапшылар өлім-жітім құрылымында созылмалы аурулардың үлесі басым екенін атап өтеді.
Өлім себептерінің құрылымы төмендегідей:
- қан айналымы жүйесінің аурулары – 22,5%
- жүйке жүйесінің аурулары – 17,8%
- қатерлі ісіктер (жаңа түзілімдер) – 10,4%
- тыныс алу органдарының аурулары – 10,2%
- ас қорыту жүйесінің аурулары – 8,1%
- жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланулар – 7,2%
Сонымен қатар, балалар өлімі мәселесі де өзекті болып отыр. 2025 жылы 5 жасқа дейінгі 2715 бала, оның ішінде 1 жасқа дейінгі 1992 сәби шетінеген.
Есепті кезеңде нәресте өлімінің коэффициенті әрбір мың тірі туған балаға шаққанда 5,85 жағдайды құраған.


