Шымкентте 7 жастағы оқушыға «тиісті» деген күдікпен мұғалім ұсталды
Шымкентте кәмелетке толмаған қызға қатысты азғын әрекет жасалды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы әйелдің арызы негізінде белгілі болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Оқиға 25 ақпанда оқу процесі кезінде болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, қызы үйге көңіл-күйі түсіп, денсаулығына қатысты шағым айтып келген. Кейін 7 жастағы оқушы 36 жастағы мұғалімнің өзін күштеп тізесіне отырғызып, орынсыз әрекеттер жасағанын жеткізген.
Анасының сөзінше, қыз орнынан тұрмақ болғанда педагог жібермей, өтініштерін елемеген.
Ата-анасы мән-жайды анықтауға тырысқанда мектеп әкімшілігі тарапынан қарсылық болғаны айтылады. Директор бастапқыда бейнебақылау жазбаларын көрсетуден бас тартқан. Жазбалар тек полиция шақырылып, тиісті органдарға жүгінгеннен кейін алынған.
Хабарланғандай, бейнекадрларда мұғалімнің қарсыласқан оқушыны күштеп тізесіне отырғызған сәті байқалады. Ал күдікті ата-анамен кездесуде нақты түсініктеме бере алмаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Қазіргі таңда жедел-тергеу тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, барлық материалдар мұқият сарапталуда.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша тіркелгенін растады. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.
Полиция кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген құқыққа қарсы әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті. Кінәлі тұлғалар заң алдында міндетті түрде жауап береді.


