Алматыда референдумға байланысты заңсыз сауалнама жүргізген азаматқа айыппұл салынды
Алматыда әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа Конституция жобасына байланысты сауалнама жүргізген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Прокуратура бұл әрекетті заңсыз қоғамдық пікір сауалнамасы деп танып, айыппұл салған.
Алмалы аудандық прокуратурасы Threads платформасында референдум тақырыбында сауалнама жариялаған қазақстандыққа 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салған.
Жолдасбек Темірғалиев есімді азамат жаңа Конституция жобасына қатысты онлайн сауалнама өткізген. Оған 2 880 қолданушы қатысқан. Осыдан кейін ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы 3-бөлігі (сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу тәртібін бұзу) бойынша жауапқа тартылып, жариялаған жазбасын өшірген.
Оның айтуынша, сауалнама бұған дейін жарияланған деректердің дұрыстығын салыстыру мақсатында жүргізілген. Мәселен, телефон арқылы өткізілген зерттеуде 1 200 респонденттің 78%-ы түзетулерді қолдағаны көрсетілген. Темірғалиев осы көрсеткіштің қаншалықты шынайы екенін тексермек болған.
«Бөлім прокуроры, аға лейтенанттың қабылдауына бардым. Прокурор шақыру себебін түсіндіріп берді. Адвокат немесе аудармашы керек пе деп сұрады. Мен қажет емес екенін айттым. Нәтижесінде 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл салынды. Егер айыппұлды алғашқы 7 күннің ішінде төлесем, 50% жеңілдік қарастырылған», – деп жазды ол Threads-тағы парақшасында.
Еске сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес референдум мәселелері бойынша сауалнама жүргізуге Қазақстанда тіркелген және кемінде бес жыл социологиялық зерттеу тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана құқылы. Бұдан бөлек, мұндай зерттеу алдында Референдумның орталық комиссиясын міндетті түрде хабардар ету қажет.


