Қазақ балалар әдебиетінің сұлтаны

Oinet.kz 27-10-2023 419

Қазақ балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып, оның жан-жақты дамуына еңбек еткендер аз емес. Солардың бірегейі, балалар әдебиетінде ойып тұрып орын алар тұлға Сұлтан Қалиұлы. Елімізге танымал айтулы ақын Жамбылдағы Абай атындағы педагогикалық училищені, 1967 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітіргеннен соң, алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысы Шу ауданының №61 сегіз жылдық мектебінде мұғалім болудан бастады. 

Screenshot_9.jpg

Бұл жылдар оның балалармен жақынырақ араласып, олардың болмыс-бітімін зерттеуге көп септігін тигізді. Кейінгі еңбек жолы да балалармен тығыз байланысты болды. Қазақ радиосының музыка, балалар редакциясының редакторы, аға редакторы, «Балдырған» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқара жүріп балаларға нені, қалай жазуды терең меңгерді. 1991 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін «Ұлан» газетінің бас редакторы ретінде балалармен тығыз байланыс жасады. Балалар әдебиетінің поэзия, сатира жанрларына да көп еңбек сіңірді. Ара-тұра прозалық жанрмен әңгіме жазғаны да бар. Ақынның өлеңдері орыс, украин, өзбек, грузин, түрікмен, қарақалпақ, әзербайжан тілдеріне аударылып, «Сәлем саған, мектебім» атты кітабы 1983 жылы Фрунзе қаласындағы «Мектеп» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрді. Шығармалары бірнеше тілге аударылған ол өзге елдің классикалық туындыларын қазақ тілінде сөйлетіп, аударма саласына да үлес қосты. Оның аударуымен С.Маршактың «Ақымақ тышқан туралы ертегі», С.Михалковтың «Степа ағай», Р.Ғамзатовтың «Менің атам» поэмалары, Р.Киплингтің бірнеше ертегісі «Пілдің баласы» деген атпен, Бақытжан Момышұлының «Мен әлі сәбимін» повестері мен әңгімелері, «Жанымның жарық жұлдызы» романы жеке кітап болып шықты. Ол басқа ақындармен бірге Я.Колас, А.Барто, Я.Бжехва, Дж.Родари, Я.Аким, Б.Заходер, Қ.Мұхамади, Қ.Тәңірқұлиев, Б.Асаналиев, т.б. өлеңдерін аударуға қатысып, көркем аудармаға да үлес қосты (Қазақстан жазушылары, 2009: 480). Материалдар мен әдістер. Ақынның балаларға арнап жазған шығармалары бірнеше кітап болып жарық көрді. Ол өмірден өткенде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы: «Оның әр жылдары балаларға арналған «Сыныққа сылтау», «Өлеңдер», «Дүрбі», «Қасиетті тақия», «Сәлем, саған мектебім», «Кішкентай агрономдар», «Теміртесер», «Бақыт деген не?», «Мен мектепке барамын», «Баспалдақ», «Әйт шу, тұлпарым», «Қандай болып өсемін», «Айналама қарасам», «Армысың ауыл», «Ғажайып тас», «Әйәй әліппе», «Топ-топ басайық», «Біз шадыман баламыз», «Жыл құстары келгенде» жинақтары шығып, өз оқырманынан жақсы бағасын алды. Сұлтан Қалиұлы сондай-ақ «Төлебай Әжімов» повесінің және әдебиетке қатысты жүзден астам мақаланың авторы», – деп жазған болатын (Қазақ әдебиеті, 2018: 24.08). Ғылыми мақалада ақынның аталған жинақтары зерттеу нысанына алынды. Оның шығармашылығы әр жылдары жекелеген сыншылар мен қаламгерлердің назарына 166 Сұлтан Қалиұлының балалар әдебиетіне қосқан үлесі іліккенмен, арнайы зерттеу нысанына алынған емес. Тақырыпты зерттеу барысында ғылымдағы герменевтикалық және көркемдiк талдау, тарихи-функционалдық, тарихи-салыстырмалы, жүйелiлiк-құрылымдық сынды әдiстер күтiлетiн нәтижелерге жетуде тиiмдi пайдаланылды. Сұлтан Қалиұлының балаларға арнап жазған шығармаларын зерттеуде әдебиеттану ғылымының заманауи әдiс-тәсiлдерiн, гуманитарлық ғылым салаларындағы озық үрдiстер кеңiнен қолданылды. Әдебиетке шолу Балалар әдебиеті туралы осы саланы тыңғылықты зерттеген Ш.Ахметов: «Балалар әдебиеті – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілік, коммунистік моральға тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты – мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он жеті жасқа дейінгі оқушыларға әдеби тілде жазылған жоғары идеялы, қызықты шығармалар беру. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашады, бағыт сілтейді», – деген болатын (Ш.Ахметов, 1974: 10). Ғалымның осы пікіріне сүйенетін болсақ, С.Қалиұлы шығармаларының барлығы дерлік балаларды тәрбиелеуде, ақыл-ойын, санасын дамытуда көп септігін тигізеді. С.Қалиұлының шығармашылығы туралы жазушы, драматург Ж.Әлмашұлы: «Қазақстан пионерінде» («Ұлан»), «Балдырғанда» қызмет етті – бар күш-жігерін балалар әдебиетінің өсуіне, жетілуіне және дамуына арнады, кейбіріміз секілді ойнақы жанр іздеп, аласұра ышқынып, алашапқынға ұрынып, басқа бірдеңелерді арман етпеді. Оның ойлы көркем дүниелері осы күні төменгі сынып оқушыларының оқулығында жүр – жас бүлдіршіндер соны оқып, тәрбие тетігін тауып, мейірімді болып ержетіп жатқанына жарық әлем куә!» (Ж.Әлмашұлы, 2018: 24.08.), – деген болатын. Қаламгер айтқандай, жаңартылған бағдарлама бойынша бастауыш сынып оқушыларына Сұлтан Қалиұлының көптеген шығармалары оқытылуда. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын қарап отырсаңыз, балалар әдебиетіне әрдайым ерекше көңіл бөлініп отырған. Ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, қазіргі балалар әдебиетіне дейінгі аралықтағы көркемдік-эстетикалық жетістіктерді Ш. Ахметов (Ш.Ахметов, 1974: 176), Б. Ыбырайымов (Б. Ыбырайымов, 1998: 50), Қ. Ергөбеков (Қ. Ергөбеков, 2003: 368) сияқты ғалымдар ғылыми саралады. Соңғы отыз жылдың көлемінде жекелеген қаламгерлердің шығармашылығы арнайы зерттелуде. Осының өзі балалар әдебиетінің зерттеушілер тарапынан тыс қалмағанын көрсетеді. Ал орыс балалар әдебиеті ХХ ғасырда кешенді түрде зерттелгенін – Дж.Хиллман, П.Нодельман, Д.Раддом сияқты ғалымдардың балалар әдебиетінің дамуы туралы еңбектері растайды. Осы қатарда «Орыс балалар әдебиетінің тарихын» зерттеген П.Антонино (П.Антонино, 1948: 9), Б.Хеллман (Б.Хеллман, 2016: 560) еңбектерін атауға болады. Балалар – ұлттың болашағы болғандықтан, бүкіл халық балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Қазақстанда 2021 жыл «Балалар жылы», 2022 жыл «Балалар әдебиеті» жылы болып аталуы да сондықтан. Балалар әдебиетін зерттеу – әдебиеттану ғылымының да өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінгі таңда Ұлыбританияның П.Ханта, П.Пинсента, М.Мико сияқты ғалымдары балалар әдебиетін жан-жақты зерттеуде. К.Вандергрифтің «Балалар әдебиеті: теория, зерттеу және оқыту» (К.Вандергриф, 1990), К.Бутцовтың «Балалар әдебиетіндегі американдық қаһарман: стандарттарға негізделген көзқарас» (К.Бутцов, 2005: 152), А.Алстонның «Ағылшын балалар әдебиетіндегі отбасы (балалар әдебиеті және мәдениеті)» (А.Алстон, 2008), Х.Эверстің «Балалар әдебиетін зерттеудің негізгі тұжырымдамалары: әдеби-әлеуметтанулық тәсілдер» (Х.Эверс, 2009: 199), Э.Салливанның «Салыстырмалы балалар әдебиеті» (Э.Салливан, 2017: 260) еңбектері қазіргі таңда балалар әдебиеті әлем бойынша тыңғылықты түрде зерттелуде екенін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері мен талқылау Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Сұлтан Қалиұлының алғашқы кітабы «Сыныққа сылтау» деген атпен 1967 жылы жарық көрсе, «Мен мектепке барамын», «Сәлем, саған мектебім», «Қандай болып өсемін», «Бақыт құсы», «Қайсы күшті» сияқты балаларға арналған жыр жинақтары оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Ақынның көптеген шығармалары мектеп оқулықтарына енді. Ақынның балаларға жақын болуының бір сыры – алғашқы еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастауынан десек, екінші қыры – ұзақ жылдар республикалық балалар басылымын басқаруы дер едік. 167 Г.Ж. Орда, Т.С. Измахан С.Қалиұлының шығармаларын топтап, жүйелеп қарайтын болсақ, оның өлең, поэма, жұмбақ, жаңылтпаш, ертегі сияқты жанрларға қомақты үлес қосқанын көреміз. Ақын поэзиясынан бірінші көзге түсетін – жаңарған қазақ елі туралы өлеңдер. Ол қазақ елі егемен ел болғанын мақтан етіп, тәуелсіз елдің рәміздерін жырға қосты. «Ата өсиеті» өлеңінде тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жас ұланға қатысты екенін айта келіп, оларды білім алуға, саналы болуға шақырса, «Қазақстаным» өлеңінде «Байлықтың бастауы, Замана дастаны – ҚАЗАҚСТАНЫМ менің» деп, кең-байтақ қазақ елін мақтан етті. «Ата заң», «Астана – символдар қаласы», «Қазақстан жалауы», «Елбасы елімнің», «Ата-баба жолдары» өлеңдерінде тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін: Тәуелсіздік жолында Талай-талай тер тамған. Билігім – өз қолымда, Еркіндігім елтаңбам, – деп жырға қосты (С.Қалиұлы, 2014: 6). Ақын ғұн, сақ, үйсін тайпасының күн нұрынан жаралғанын айта келіп, балаларды батыр бабаларымыздың жолын жалғастыруға «Міндеттіміз әр ұлан, Әділеттің жолында» деп үндейді. Қаламгердің балаларға арналған шығармаларын мазмұны мен түріне қарай төмендегіше топтауға болады. 1. Бастауыш сынып оқушылары сүйікті ақындарының шығармаларын жатқа айтуға машықтанған. Әсіресе, балалардың Жаңа жыл кешінде, 8-Наурыз қарсаңында рөлге бөліп оқитын өлеңдері – мереке қарсаңындағы таптырмас дайын сценарий. Балалардың «Кім болам» тақырыбындағы Жаңа жыл мерекесіне арналған сценарийіне қосымша ретінде жазылған «Кім күшті, кім мықты» шығармасын ерекше атауға болады. Жаңа жыл қарсаңында балаларға аяз ата келіп: «Өз мақсатын, арманын, Айтар етер кім, кәне?» деп, бүгін айтылған арман-мақсаттардың орындалатынын ескертеді. 1-бала: Ертеңім деп бізден ел Күтіп отыр көп үміт. Білім қуып, ізденер Шағымыз ғой соны ұғып. 2-бала: Ауызды ашып, Қоймайық Басқа жұрттан соң қап біз. Осы бастан ойлайық, Қайсымыз кім болмақпыз? (С.Қалиұлы, 2014: 14). Мұны естіген балалар қол көтеріп өз ойларын ортаға салады. Бірі – білім қуған оқымысты, екіншісі – туған елдің өндірісін көтеретін бизнесмен, үшіншісі – бабалардың суретін мол теңгемен арттыратын банкир, төртіншісі – елін әлемге сыйлататын елші, бесіншісі – шаруа қожалығының басшысы, алтыншысы – ақтаңдақты зерттейтін тарихшы, жетіншісі – ұлылардың бейнесін жасайтын режиссер, сегізіншісі – Нұрғиса ағасындай композитор, тоғызыншысы – Тоқтар, Талғат ағалардай ұшқыш, оныншысы – басылымды көбейтетін баспагер ақын, жазушы, он біріншісі – Сағадат ағасындай қаһарман қолбасшы, он екіншісі – ел бейбітшілігін сақтайтын Президент, он үшіншісі – даналарды тәрбиелер ұстаз болуды арман етеді. Көріп отырғанымыздай, балалардың бәрі заманауи мамандықтарды таңдап, соның кәсіби маманы болғысы келеді. Олардың бірі де қойшы, сауыншы, сылақшы сияқты жұмысшы болғысы келмейді, бәрі де үлкен белестерді бағындырар кәсіп иесі болғысы келеді. Бала күнгі арманның уақыт өте келе орындалатынын ескерсек, олардың болашақта тәуелсіз Қазақстанның тетігін ұстайтын азамат болатындарына сенеміз. «Баланы жастан...» деген халық балаға осылай жас кезінен тәрбие беруді көздеген болатын. Ақын осы шығармасымен сан ғасырлар бойы атадан-балаға мирас болып келе жатқан асылдарымызға жан бітіріп отыр. Ол – балаға жас кезінен бағыт беру, отанын, елін сүйетін патриот ұрпақ тәрбиелеу 2. Келесі топтағы өлеңдер – жыл мезгілдері, маусым ауысуы, табиғат құбылыстары, жан-жануарлар мен құстарға арналған. Солардың ішінде «Мамыр келді, алақай», «Армысың, ауыл», «Құстар – достар», «Жыл он екі ай» шоғырлы өлеңдерін тілге тиек етер болсақ, онда әр айдың өзіндік ерекшелігіне назар аударады. Мәселен, тамыз айы былай суреттелген: Тамыз жомарт бұйырды – Пісті қауын, алма, өрік. Жүзім, алмұрт үйілді, Дастарқанға сән беріп (С.Қалиұлы, 2014: 9). 3. Балаларға арналған санамақтар – фольклордан жалғасып келе жатқан көне жанрдың бірі. Осы жанрды жаңа қырынан дамытуға ақын өз үлесін қосты. Фольклорда көбінде жас бүлдіршіндердің тілін сындыруға, ойын дамытуға арналған санамақтар кездесетін болса, ақынның санамақтары мектеп оқушыларына арнап жазыл- 168 Сұлтан Қалиұлының балалар әдебиетіне қосқан үлесі ды. Логикалық ойға құрылған жеңіл санамақтар бастауышқа арналса, орта сыныпқа күрделі ойға құрылған санамақтар берілген. Бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне қарай «Қанша жұмыртқа қалды?», «Қаздар», «Неше құс?», «Қанша тырна?» санамақтары логикалық ойға құрылған. Солардың бір-екеуіне мысал келтіріп көрелік. «Қаздар» санамағы: Көлден ұшты жеті қаз, Қайтып қонды екі қаз. Қонбады оның нешеуі, Қане, кім тез шешеді? (С.Қалиұлы, 2014:86), – деп, баланың жас ерекшелігіне қарай жеңіл ойға құрылған. 4. Ақын шығармаларынан келесі көзге түсетін жанр – жұмбақтар. Жұмбақтарды да баланың жас ерекшелігіне байланысты екі топқа бөлуге болады. «Кім шапшаң» топтамасына енген жұмбақтардың ішінде «Қанша тұяқ?», «Қанша кісі?», «Қанша қап?», «Қанша бала?», «Бір топ бала», «Тез есепте», «Қанша жаңғақ?», «Бұзаулар», «Қаншаумыз?», «Қанша сәбіз еді?», «Өнерлі балалар», «Неше есек?», «Қанша ара», «Қанаттың есебі», «Алмалар», «Неше кісі», «Қалай бөлесің», «Ғажап өнер» жұмбақтарын бастауыш сынып оқушылары шеше алады. Ал, күрделі ойға құрылған жұмбақты шешу үшін математикалық алу, қосумен бірге бөлу, көбейту амалдарын да пайдалануға тура келеді. Бұл қатарда «Қанша қонақ», «Қаншадамыз?» жұмбақтары күрделі ойға құрылғандықтан, ақын оның шешуін қандай амалдармен орындау керектігін өзі көрсетіп берген. «Қаншадамыз?» жұмбағының екі нұсқасын екі түрлі амалмен шешуге болады. Үлкеніміз Мүсілімнен Дәл екі жас кішімін мен. Бойы озып тұрғанменен, Үш жас кіші Нұрлан менен. Нұрланның дәл жарым жасын Жасап отыр қарындасым. Жасымыздың бәрін қоссаң, Қырық үш дер ең жаңылмастан. Көп ойланбай, ал, сана, біз, Әрқайсымыз қаншадамыз? Есептің шешуі: х+2х+(2х+3)+(2х+3+2)=43 х+2х+2х+3+2х+3+2=43 7х+8=43-8 7х=35 х=5 [2, 185] Сонда қарындасының жасы  5-те, Нұралының жасы 10-да, өзінің жасы – 13-те, Мүсілімнің жасы 15-те болып шығады. Барлығын қосқанда 43. Жұмбаққа құрылған логикалық есептер балалардың ойлау қабілетін, математикалық сауаттылығын арттырады. Сонымен бірге балалар тез ойлап, тез шешуге жаттығады. «Арифметиканы оқытқанда, – деп жазады Алтынсарин, – балалардың өмірінен және маңайдағы тұрмыстан алып, алғаш жай, оңай, онан кейін, күрделі есептер беріп оқушылардың ақыл-ойына әсер етуге тырысамыз. Біз Грубе немесе Евтушевский бойынша арифметиканы тым теориялық оқыту жағын ұстамаймыз, бұл істі оқушылардың табыстарына, қабілеттеріне лайық жүргіземіз», – деп балаларға қарапайымнан күрделіге қарай оқыту туралы айтқан болатын (Ыбырай Алтынсарин тағлымы, 1991, 145). Ағартушының осы пікіріне сүйенетін болсақ, ақынның есептері де қарапайымнан күрделіге қарай дамып, балалардың ойлануын, ізденуін талап етеді. Балалардың ақыл-ойын дамытуда үлкен рөл атқаратын дәстүрлі жұмбақтардың қатарында теледидар, киіз үйі, бал арасы, желдеткіш, үтік, балық, өрмекші, шырша, қамыс, құрақ, найзағай, жаңбыр тамшылары, телефон трубкасы, сыпырғы, саусақтар, тістер, айна, ай, туфли, кереует, түйе, мысық, аяқ киім, тоңазытқыш, жаңғырық, магнитофон, сонымен бірге спорттық ядро, волейбол добы, футбол ойыны, желкенді қайық сияқты заттарға арналған жұмбақтар бар. Автор аталған заттардың өзіндік ерекшелігін айта отырып, оларды былайша жұмбақтайды: Пыр-пыр, Үшкір тырнағы. Тышқан – оның құрбаны (Мысық). Кейде жарты, кейде бүтін дөңгелек Түн болғанда шомылады көлге кеп. (Ай). Бір ананың бес ұлы, Мәңгі бірге бесігі (Саусақтар) (С.Қалиұлы, 2014: 174-175). 5. Балалар әдебиетінен үлкен орын алатын келесі шағын жанр – фольклорлық көне жанр жаңылтпаш. Көшен көшсе де, Көсем көшпеді. Көсем кешсе де, Көшен кешпеді. 169 Г.Ж. Орда, Т.С. Измахан Қырбақ қар құрғақ па, Құрғақ қар құрғақ па? Қырбақ қар да құрғақ, Құрғақ қар да құрғақ (С.Қалиұлы, 2014: 176-177). Алғашқы жаңылтпашта бір-біріне дыбысталуы жағынан ұқсас «көшен», «көсем» сөзде¬рімен, екіншісінде «қырбақ», «құрғақ» сөздерімен ұйқас құрған. Бала тілін анық, тез сөйлеуге жаттықтыру үшін ұқсас сөздердің орнын ауыстырып беру – жаңылтпаштың негізгі ерекшелігі. Ақын осылайша бала тілін жаттықтыру амалымен оларға көптеген жаңылтпаштарды ұсынған. «Жаңылтпаштың сөздері айтылуға қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады. Жаңылтпаштың әрбір сөзі шапшаңдата, тездете айтылуға тиіс... Ол әрбір сөзді жылдамдата айтумен қатар, нақышына келтіре, мүлт кетпей оралымын таба айтуға тиіс» (М.Ғабдуллин, 1958: 42), – деген М.Ғабдуллиннің пікіріне сүйенетін болсақ, жаңылтпаштар балалардың тілін жаттықтыруда, ұқсас сөздерді тез ажыратуда үлкен қызмет атқарады. Бір-біріне ұқсас сөздерді тез айту барысында оларды шатастыру әбден мүмкін, жаңылтпаштың да негізгі қызметі оқырманды сөзден шатастыру. Ұқсас сөздерді өз орнымен дұрыс және жылдам айта білген баланың тілі анық болады. 6. Ақын қаламынан шағын өлеңдермен бірге оқиғаға құрылған «Кішкентай астрономдар», «Құсбегілер», «Адъютанттар», «Әлмағанбет бауы», «Нұралы мен құланы» сияқты сюжетті балладалар мен кең құлашты поэмалар туды. «Алдар мен шайтан», «Сауық» поэмалары мен «Ғажайып тас», «Бақ атай туралы аңыз» аңызертегілерін ерекше атауға болады. Екі ертегіге де ерте заманда өткен оқиғалар арқау болған. «Ғажайып тас» аңыз-ертегісінің қысқаша мазмұны былай болып келеді. Ертеде бақ мүйісін мекен етіп тұрған бір шал кәсібімен үй ішін асырайды. Кемпірі ұзақ ауырып, екеуі де шаршайды. Кемпірін көрсетпеген тәуібі қалмаған шалдың азып-тозып кеткенін ақын былай бейнелейді: Бір сәт мызғып тынықпай, Жағы солып барады. Қос бөбегі түк ұқпай, Оған жаутаң қағады (С.Қалиұлы, 2014: 235). Бірақ кемпір содан кейін көп жатпай, шілденің аптап ыстық күндерінің бірінде өмірден өтеді. Бір күні ерте тұрып кемпірінің басына құран оқып келуге барады. Барса бір жарқыраған тас жатады, аударып қараса жолына кәдімгідей жарық түседі. Құранды оқып болған соң, орнынан тұрса артында жамбасына сом шыққан аты өлгелі жатады. Атай оны шөппен уқалап, болмаған соң қолындағы тастың жарығын түсіреді. Сол кезде жара жазылып, ат басын көтереді. Мұндай тастан аңшылар қорғасын қорытатынын білген атай әлгі тасты өзімен алып кетеді. Сол тас бұған құт болып, алдына келген аурусырқауларды бір сипаса жазылып кете береді. Алдына келгендердің бергенін қанағат етіп, сол табыспен отбасын асырап жүріп жатады. Күндердің бір күнінде алдына қарны іскен бір қыли бай келіп, сол тастың күшін көрмек болады. Қорғасын таспен бір сипағанда қарны қалпына келгеніне таң-тамаша қалады. Қыли бай не берейін десе, шал басын шайқап, жымиды. Залым байға арам ой келіп, қасиеті күшті тасты ұрлап, сонымен көп адамды емдеп қыруар ақша табуды ойлайды. Түн ішінде келіп, ұйықтап жатқан атайды пышақтап, тасты ұрлап алып кетеді. Тасты қайыққа салып қашып бара жатқанда, сәуленің көп түскендігінен «Ышқынып қап, танды есі, Құлады айдын үстіне». Жұрт не болғанын күні бүгінге дейін түсінбей әлек, ал шығарма атайдың ұрпағы сол қасиетті тасты күні бүгінге дейін іздеп жүр екен деп аяқталады. Байдың өлімі – «ұрлық түбі – қорлық» екенін көрсетеді. Ертегіні оқыған балалар байдың ашкөздігінен бойын аулақ салып, атай тәрізді қанағатшыл болуды көздейді. Ал, «Бақ атай туралы аңыз» былай басталады: Баяғы өткен заманда, Жұрт апшысын қуырған, Қайыры жоқ адамға, Өмір сүрді зұлым хан (С.Қалиұлы, 2014: 241). Бір күні сол зұлым хан базарды аралап келе жатса, үсті-басы жұпыны бір кәрі шалдың «Уа, халайық, тыңдаңдар, Ақылым көп, ақшам жоқ. Менен ақыл сұраңдар, Ақыл таппай жатсаң тек» деп айқайлап жүргенін естиді. Шалдың сөзін естіген зұлым хан оны ордасына алып келіп, ақылың көп болса айт дейді. Шал сол ақылын саудаға жұмсайтынын айтып, сауда жасап келуге рұқсат сұрайды. Қазынаңа асыл тастар алып келем, содан кейін сенімен бәсекелесетін хан қалмайды дегенді естіп, ханның саусақтары дірілдеп, танауы делдиіп кетеді. Қоқанға бес адамын саудамен жібергелі жатқанда, шал ханнан екі арба мейіз сұрап алып, солармен бірге жолға шығады. Бұл бесеуі сол маңайдың бәрін қан-қақсатқан қарақшылар екенінен шал да хабардар. Бұл бес қарақшының шалдың жас күнінде өз ауылын тонағаны көз алдында. Бақ соның сойылынан 170 Сұлтан Қалиұлының балалар әдебиетіне қосқан үлесі мүгедек болып қалса, көршісінің келіншегі жесір қалып, бар малынан айырылған бүкіл ауыл бес қарақшыны қарғап-сілеп, зар илеп қалған болатын. Сол күннен бастап мүгедек бала базарға барып елден қайыр сұрайды. Әкесі өлерде баласына мынадай өсиет айтқан болатын: «Азаптансаң, бөгелме, Ақкөл суын кешіп өт. Мол болсын тек өрігің, Жағалауға төгесің. Асыл тастың небірін Сол жерден сен көресің» (С.Қалиұлы, 2014: 245). Бес қарақшымен екі ай сапар шеккен шал Ақкөлге жеткенде ұзақ жолға жарамайтынын, «Өгіздерім арыды, Әлсіредім өзім де» деп сол жерде қалатынын айтады. Сол жерді мекен етіп, қос тігіп отырған атай күнде кешке теңіз жағасына мейіздерін төгіп жатады. Теңізді гауһар тістеп жүретін балықтар мекен етеді екен, олар жағаға шыққанда ауыздарындағы гауһарларын тастап, орнына мейіз тістеп кетеді. Атай мейіздері біткен соң, «Тезекке орап гауһарды, Ғажап теппе істейді». Мол байлықпен оралған саудагерлер шалдан ханға апаратын тартуың қайда? деп сұрағанда, ол жерге қарайды. Шал екі өгіздің біріне гауһардың тезегін, екіншісіне жай тезекті артып, ол да соңдарынан ілеседі. Бұлар жолға шыққалы бес ай болғанда, кенет құйын көтеріліп, артынан борап қар жауады. Шал тезектің үстіндегі шөпке кіріп жатқандықтан тоңбайды. Қалған бесеуі тістері тістеріне тимей, «Бізге тезек сат!» деп жанын қоймайды. «Болмаса бір арбасын Қарыз берсең не етеді?» деп қоймаған соң, «Қайтарасың ханға! – деп, Жай тезекті нұсқады». Олар сол тезекті жағып, жан сақтап отырғанда долы боран басылып, күн де ашылады. Бесеуі желіп ілгері кеткенде, шалдың өгіздері тағы да ілесе алмай қалады. Олар ханға алып келген тартуларын беріп, шалдың бос келе жатқанын айтады. Хан оған ашуланып, шал келген бойда: «Не әкелдің, Әуелі Соныңды айт», – деп тап береді. Шал тезекті ортасынан жарып көрсеткенде хан таңқалады. – Қайдан алдың, – дегенде, – бабам көмген мұраны қазып алдым, – деп жауап береді. Сізге осындай екі арба әкеле жатыр едім, басшы інім қарызға деп сұрап алды, – дейді. Мұны естіген хан ашуға булығып, бесеуін тез арада жиып алып тезекті сұрайды. Олар қарызға алған тезектерінің орнына бір арба тезек тиеп келгенде, хан тезекті жарып көрсе, оның ішінде тас жоқ. Олар ант-су ішіп қанша ақталғанмен, хан оларға сенбей, «Ұрыларын өзінің Өз қолымен дарға асты». Бақ атай тапқырлығымен әке өсиетін орындап бақытты болған екен. Өзін мүгедек етіп, төңірегінің бәрін қан қақсатқан бес ұрыны осылай жазалаған екен. Көзіне қан толған хан өз адамдарының сөзіне сенбеді. Ұрлық-қарлық, қарақшылықтың түбі осындай қорлық өлім болатынын Бақ атай өз ісімен көрсеткен екен. Аңыз-ертегінің екеуінің де оқырманға берер тәлім-тәрбиесі мол. Балалар ұрлық-қарлық, қарақшылықтың соңы жақсы болмайтынын кейіпкерлер тағдырынан ұғынады. Осы қатарда оқиғаға құрылған «Бақыт құсы» әңгімесін тілге тиек етуге болады. Шағын оқиғаға құрылған әңгімеде бақыт құсын іздеген Азамат деген баланың көз алдымызда жақсы жағына тез өзгергенін көреміз. Әңгіме былай басталады: «Азамат деген баланың ісі атына заты сай емес еді. Адам нағыз азамат атануы үшін тәртіпті, кішіпейіл, ақкөңіл, әркімнен көмегін аямайтын қайырымды, қағылез болуы керек қой. Азаматта бұл қасиеттердің бірі де жоқ еді» (С.Қалиұлы, 2014: 84). Бір мезгіл сөмкесін арқалап мектепке барып келгені болмаса, кітап бетін ашпайтын. Анасы «Бұл әдетіңді қой, адам бол» дейтін. Иә, Азамат ойланып қараса, оның дәптері мен күнделігі екілікке толы, «Кім жаман? – Азамат жаман». Ол да басқа балалар сияқты тілалғыш, сабақты жақсы оқитын бала болғысы келеді. Ол енді бақытты болудың жолын қарастырып, «Айтпақшы, осы «бақыт құсы» деген болмаушы ма еді ертегілерде? Шіркін, соның біреуін тауып алсам, табан астында бақытты болып шыға келер едім. Өзіммен бірге оқитын балалар да, мұғалімдер де, көрші-қолаң да «Азамат десе азамат-ау» деп, тамсана қарайтын болар еді» деген ойға кетеді (С.Қалиұлы, 2014: 87-88). Содан бір күні ол әжесінен: – Әже осы бақыт құсы қандай болады? – деп сұрайды. Әжесінен мардымды жауап ала алмаған соң, құстарға көз сала бастайды. Оның ойынша басына қонғалы жүрген бақыт құсына тас қадап, рогаткамен атып жіберген болса керек. Өзгелердің басына қонған құс, бұған келгенде неге қонбайды? Бақыт құсын іздеген ол енді есік алдына, шатырға құстарға жем шашатын болды. Сөйтіп жүргенде көктеммен бірге көкек, тырна, қарлығаштар келе бастады. «Сендер бақыт құсын көрдіңдер ме?» деп олардан сұраса, үшеуі де жауап бермей ұшып кетеді. Оларды мен рогаткамен атып ренжіткен екенмін деп ойлайды. 171 Г.Ж. Орда, Т.С. Измахан Енді хайуанаттар бағына келіп, сондағы құстардан бақыт құсы қайда екенін сұрамақ болады. «– Әй, Түйеқұс, – дейді өзінің бойынан да биік ірі құсқа жақындап. – А, не дейсің, балақай? – деп, түйеқұс құлағын тосады. – Сен бақыт құсын көрдің бе? – Оны көрмегелі қашан, оған бір жолығу – менің де арманым» (С.Қалиұлы, 2014: 89). Түйеқұстан кейін бүркіттен, тауыстан сұрайды, олар да көрмегенін айтады. Осыдан кейін құстардың ешқайсысы көрмеген құсты кім көруі мүмкін деп ойланып келе жатқанда, тордағы арыстанға тап болады. Одан бақыт құсын сұрағаны сол еді, өзіне тарпа бас салды. «Бақыт құсы саған не керек? Мен құсап темір тордың ішінде тұрған жоқсың. Қол-аяғың бос. Не істеймін десең де, ерік өзіңде. Бақыт деген сол емес пе? Е... сенің ойыңды білдім. Бақыт құсын басыңа қондырып, оңай олжаға кенелмек екенсің ғой, антұрған! Ой, малғұн, кет бұл арадан, көзіме көрінбей! Бесіктен белің шықпай жатып, басыңа не күн туды сонша?» (С.Қалиұлы, 2014: 89), – деп тарпа бас салады. Арыстанның ашулы түріне қарап, тордағы аң-құстардың барлығы осындай ызалы, ашулы болады екен ғой деп түйеді. Бірақ ол арыстанның сөзінің астарына үңіліп, ол туралы ойлап та көрмеді. Осылай іздегенін таппай келе жатқанда «Зоомагазин» деген жазуға көзі түседі. Бақыт құсы бір болса, осының ішінде болар деген оймен ішке кіреді. Әдемі құстың бәрі осында екенін көрген Азамат бақыт құсы бір болса, осының ішінде болар деп түйеді. «Бақыт құсы бар ма араларыңда?» деп сұрауы мұң екен, «бақыт бар... бар...р...р..», деп оң жағындағы көршісіне қарайды. Азамат бауыры қызыл кішкене торғайды үйіне алып келіп, алдына жем шашып, торға қамап қояды. Ертесіне тұрса, торғайы жем жемеген, аштан аш тұрады. Бақыт құсын өлтіріп алудан қорыққан бала енді құстар туралы кітаптарды оқып, оның ішінен өз құсына қандай жем беру керегін іздейді. Кітапты дауыстап оқыса, бақыт құсының тыңдап отыратынын білген ол, енді кітапханадан кітап тасып құсына оқумен болады. Сол кітаптардың ішінен құсына қандай жем беру керек, қалай өсіру керек деген сияқты өзі білмейтіннің бәрін оқып, біліп алады. Күзде сабақ басталғанда, Азамат мұғалімдерін таң-тамаша қалдырады. Қай пәннен сауал сұраса да, ол сайрай жөнеледі. Содан жұрт оны «Азамат десе азамат-ау, болсаң Азаматтай бол!» деп, өзге балаларға үлгі тұтатын болыпты. Осылайша Азамат ертегі кейіпкерлеріндей ұзақ сапар шегіп, өз іздегенін тауып, мұрат-мақсатына жетеді. Шағын әңгімеден Азаматтың алдына қойған мақсатына жеткенін көрген балалар, енді өздерінің де алдына осындай мақсат қойып, кітапты көп оқитын болады. Бақыт құсы деген әркімге әртүрлі қонады. Бақыт құсы тек еңбек арқылы келетінін түсінген бала еңбекқор, ақылды, тәртіпті, үлгілі, кішіпейіл, ақкөңіл, қамқор, қайырымды болуды мақсат етеді. Ондай баланың басына бақыт құсы қонды дей бер. Әңгімеде кішкентай баланың ойы, іс-әрекеті арқылы оның таным-түсінігі шынайы бейнеленген. Жазушы бала психологиясын терең меңгергенін Азамат бейнесінен көруге болады. Баланың құсы үшін көптеген кітаптарды ақтаруы – оның ізденімпаздығын көрсетсе, аңқаулығынан бала психологиясы аңғарылады 7. Ақынның бірсыпыра өлеңдеріне ән жазылып, мектеп оқушылары орындап жүр. Олардың қатарында «Ғарышкерлер – қырандар», «Жас түлектер жыры», «Біз шадыман баламыз», «Құс дегендер – сақшылар», т.б. ән-өлеңдерін атауға болады. «Ғарышкерлер – қырандар» өлеңінде: Ән тербеген, Даңқы өрлеген Байқоңырдан самғаған Ғарышкерлер, Ғарышкерлер Ерлік жолын жалғаған. Тоқтар, Талғат – Көкте самғап, Биік ұшқан қырандар. деп, қазақ елін әлемге танытқан ұшқыш Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев ағаларымызды мақтан етті. Бұлар – тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш ұшқыштары еді. Жас бүлдіршіндерді батыр ағаларынан үлгі-өнеге алып, солардың жолын жалғастыруға үндеді. М.Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде тәрбие туралы былай дейді: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны», – дей келіп, оларды тарата түсіндіреді (М.Жұмабаев, 1992: 128). Балалар қаламгерлері осы аталған тәрбие көздерін мұқият сақтау керек болса, С.Қалиұлы оларды түгел сақтай білген. Балаларға арнап шығарма жазу олардың психологиясын білумен шектелмейді, баланы танып-білу үшін олармен жақын араласып, дос 172 Сұлтан Қалиұлының балалар әдебиетіне қосқан үлесі болу керек. Ақынды балалардың қалай жақсы көргенін әріптес інісі С.Дүйсенбиевтің мына сөзінен көруге болады: «Балалар басылымында қатар жұмыс істедік. Ол кісі «Балдырған» журналында, мен «Ұлан» газетінде. Жұмыс арасында бір-бірімізге келіп әңгіме айтатынбыз. Сонда байқағаным балалар Сұлтекеңе өте үйір еді. Қаздың баласындай болып тізіліп келіп тұратын. Сұлтекең де олармен тез тіл табысатын. Нағыз балалар ақыны деген осындай болу керек шығар» (С.Дүйсенбиев, 2018: 24.08). Балалар сүйікті ағаларын «Балдырған» журналына іздеп келуді тоқтатпаған ғой, сонда «Балдырғанға» бас редактор болып келген Б.Кірісбаевтың: «Сұлтан ағаларың «Ұланға» аға Сұлтан болып ауысты. Барыңдар сонда», – деген сөзі ел арасына тарап кеткен екен. Бұл – ақынның көзі тірісінде аты аңызға айналғандығы. Қорытынды. Сұлтан Қалиұлы – ұзақ жылдар қазақ балалар әдебиетінде өнімді еңбек еткен ақын. Ақынның шағын өлеңдері мен оқиғаға құрылған сюжетті өлеңдері, поэмалары, әңгімелері балаларға түрлі ой салады. Тарихи тұлғалардың еңбек жолын көрген олар ағалары сияқты батыр болғысы келеді. Болашақта қазақ елін әлемге танытатын Тоқтар, Талғат ағалары сияқты ұшқыш болу үшін көп ізденіп, көп білу керегін түсінеді. Сондықтан олар мектепті жақсы оқып, ата-анасы мен мұғалімдерінің тілін алатын үлгілі бала болып өспек. Сұлтан ағаларының кейіпкерлері Әлмағамбет тәрізді өз үйлерін, ауылдарын гүлдендіріп, бау-бақша өсіретін болады. Ақын өз шығармаларымен балаларды еңбекке, Отанын, елін сүюге, оны құрметтеуге баулыды. Ақын шығармаларынан ұрлық-қарлық жасауға болмайтынын ұғып, еліне адал қызмет ететін азамат, Отанын сүйетін патриот болып өсуге ұмтылады. Ақын шығармаларын оқыған балалардың қазақ елінің болашағынан мол үміт күттіретін патриот болып өсетіні анық. 

А.Рысбекқызы

Қазақ балалар әдебиеті
«Өлеңім - менің өмірім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу