«Человек в маске» 30 отбасыға үй сыйлады
Ел ішінде "Человек в маске" лақап атымен танылған белгісіз азамат рамазан айында 30 отбасыға су жаңа пәтердің кілтін табыстап, елді ерекше әсерге бөледі, деп хабарлайды Оinet.kz.

Қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтар баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар және асыраушысынан айырылған жандар бар.
Салтанатты рәсім шағын форматта ұйымдастырылды. Бетперде таққан азамат шараға өзі қатысып, жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін жеке табыстаған. Әлеуметтік желіде бетпердедегі азамат сыйға берілген жылжымайтын мүліктің жалпы құны шамамен 1 миллион долларды құрайтынын айтты.
Жаңа баспаналар қоныстануға толық дайын күйде тапсырылған.
Қор өкілдерінің айтуынша, бастама Рамазан айының құрметіне ұйымдастырылған. Жобаның негізгі мақсаты – тек тұрғын үй мәселесін шешу емес, адамдарға үміт, қамқорлық және қауіпсіздік сезімін сыйлау.
Баспаналы болған жандар қуаныштарын жасыра алмай, қайырымды азаматқа шынайы алғыстарын білдірді.


