Аcқар Маминнің немере інілерінің Лондонда 10 млрд теңгеден асатын мүлкі бар

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Аcқар Маминнің немере інілері Ернар мен Әлібек Мамин Ұлыбритания астанасы Лондонда құны шамамен 15,7 миллион фунт стерлинг болатын екі пәтерге иелік етеді. Қазіргі бағаммен бұл 10,4 миллиард теңгеден асады. Құжаттарға қарағанда, бұл жылжымайтын мүліктің нақты бақылаушысы – олардың әкесі, Аcқар Маминнің туған інісі Марат Мамин. Яғни Ернар мен Әлібек пәтерлерді сату немесе жалға беру үшін әкесінің қолынсыз ешқандай мәміле жасай алмайды. Бұл туралы телеграмдағы «Выход к морю» каналы хабарлады.
Екі пәтер де Лондонның беделді Bayswater ауданында, Кенсингтон бақтары мен әйгілі Гайд-парктің маңында орналасқан. Бұл аумақ посткеңестік кеңістіктегі бай-дәулетті адамдар арасында танымал. Мәселен, кәсіпкерлер Владимир Ким мен Владимир Ни отбасылары осы маңда жалпы құны 150 миллион фунттан асатын жылжымайтын мүлікке ие. Олардың көршілері қатарында украин миллиардерлері Ринат Ахметов пен Дмитрий Фирташ, сондай-ақ ресейлік олигархтар Олег Дерипаска мен Дмитрий Рыболовлев бар.
Аcқар Мамин «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған кезеңде, 2014 жылы оның туыстары осы ауданға қоныс аудара бастаған. Олар тарихи Lancaster Gate кешенінен пәтер сатып алған. Алғашқы пәтерді Марат Мамин 8,7 миллион фунтқа алған. Төрт жатын бөлмесі бар екі деңгейлі бұл апартамент 2022 жылдың желтоқсанында оның кіші ұлы Әлібектің атына рәсімделген. Дегенмен, мүлікке қатысты негізгі шешім қабылдау құқығы әкесінде сақталған.
Бұдан бір жыл бұрын Марат Мамин дәл осы үйден тағы бір пәтерді 7 миллион фунтқа сатып алып, оны үлкен ұлы Ернардың атына жазған. Сол кезде оның ұлдары Лондонда тұрақтап, түрлі бизнес жобалармен айналысуға тырысқан. Алайда олардың компаниялары кейін жабылған. Соған қарамастан Марат Маминнің отбасы – өзі, жұбайы Гүлмира және екі ұлы – Ұлыбритания азаматтығын алған. Көптеген бай қазақстандықтардан айырмашылығы, ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, олар Қазақстан азаматтығынан ресми түрде бас тартқан.
Қазақстанда Марат Мамин отбасының бизнесі әлдеқайда табысты болған. Олардың негізгі қызығушылығы сауда жылжымайтын мүлкі мен ойын-сауық индустриясына бағытталған. Журналист Дмитрий Шишкин жүргізген зерттеу жобасының мәліметінше, Ернар Мамин бірнеше компанияға иелік еткен. Төленген салық көлеміне қарап, бұл фирмалардың айналымы жаман болмағаны байқалады. Ал Марат Мамин Астанадағы «Евразия» сауда орталығын басқарған.
Марат Маминнің отбасы тек Лондондағы жылжымайтын мүлікпен шектелмейді. АҚШ-та Орландо қаласының маңында оның жұбайымен бірге рәсімделген үлкен үйі бар. Көл жағасында орналасқан бұл үйдің жер телімі шамамен 20 сотық. Онда алты жатын бөлме, алты жуыну бөлмесі, қонақ бөлме және үлкен ашық бассейн бар. Сонымен қатар ол Флорида штатында мұхит жағасындағы коттеджді 8,2 миллион долларға сатып алғанымен, кейін оны шамамен 2 миллион доллар шығынмен арзанырақ бағаға сатуға мәжбүр болған. Дегенмен Майами маңындағы Aventura Marina Two кешенінде Марат Маминнің атына тіркелген тағы бір пәтер бар. Оның ауданы 278 шаршы метр, үш жатын бөлмесі бар.
Бұдан бөлек, журналистер Марат Маминнің Дубайдағы Al Bateen Residences тұрғын кешенінде де құны 1 миллион доллардан асатын пәтері бар екенін анықтаған.
Ал бұрынғы премьер-министр Аcқар Маминнің өзі шетелде қымбат жылжымайтын мүлікке иелік етеді деген ашық дерек әзірге кездеспейді. Немесе ол мұндай активтерін барынша құпия ұстауды үйренген болуы мүмкін. Қаңтар оқиғаларынан кейін Аcқар Мамин саясат пен қоғамдық өмірден біршама шеттеп, Қазақстан хоккей федерациясының президенті қызметін атқарып келеді. Хоккей елдегі ең танымал спорт түрі болмағанымен, ең қымбат әрі беделді спорттардың бірі саналады. Сондықтан бұл салада жүрген адамдар әлемнің кез келген жерінен қымбат жылжымайтын мүлік сатып ала алатыны жасырын емес.


