Павлодарда әкесінен қорлық көрген 8 жастағы қыз өзін балалар үйіне орналастыруды сұраған

Oinet.kz 13-03-2026

Павлодар қаласында 8 жасар мектеп оқушысы әкесінің оны үнемі ұрып-соғатынын айтып, өзін балалар үйіне жіберуді өтінген. Бұл туралы  Оinet.kz сайты Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

image.png

Анықталғандай қыз  әкесімен бірге тұрады.  Ал анасы бірнеше жыл бұрын ата-аналық құқығынан айырылған және өткен жылы қайтыс болған. Қыздың айтуынша, әкесі  жиі ішеді және мас күйде оны үнемі ұрып-соғады екен.  7 наурызда ол қызын үйден қуып шыққан, тіпті қыздың киімдерін де сыртқа лақтырған. Бұл жағдайды білген соң көршілері  оны өз үйлерінде орналастырып, тамақ беріп, киіндірген. 

Көршілерінің айтуынша, қыздың беті мен қолында көгерген іздер бұрыннан байқалып келген, бірақ ол әрдайым өз-өзін жарақаттап алғанын айтқан. Мектепте де қыз сыныптастарынан қорлық көріп келген.

Ертесі күні де қыздың әкесі оны үйіне кіргізбеген соң, тұрғындар  өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл - Сәуле Шәкеноваға  хабарласқан. Кейін бұл іске полиция араласады. Мамандардың тексерісінен кейін қыздың денесінде көгерген іздер бар екені расталды. Ол сегіз жаста болса да, өз жасынан кіші көрінеді. Әбден азып-тозған қыздың салмағы 22 килограмм ғана. Сол күні баланы мамандар отбасынан алып, ауруханаға тексеруге жіберген.

Мәліметтерге  сәйкес, қыздың әкесі бұған дейін де полиция назарына іліккен. Екі жыл бұрын ол қызын көшеде телефонмен ұрғаны үшін кінәлі деп танылып, 26 мың теңге айыппұл төлеген. Сол кезде оған қызына жақындауға 30 күндік тыйым салынған болатын.

Қазіргі таңда Павлодар білім бөлімі оқиғаны бақылауда ұстап отыр. Қызды арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін өңірлік балалар орталығына орналастырды. Жақын арада әкесінің ата-аналық құқықтарын шектеу туралы сотқа талап дайындалып жатыр.

Айта кетейік, бұл орталықта бұрыннан қыздың 12 жасар ағасы да тәрбиеленіп келеді. 

БҚО-да жеке үйдегі еден астынан 16 жылан шықты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу