Су тегін субсидия... Шаруаны қолдауға емес жатып ішер жалқауға берілген
Субсидия шаруаларды қолдауға емес, жатып ішер жалқауларға жұмсалған. Прокурорлар осылай деп отыр. Тек ішінара жүргізілген тексеру қорытындысына қарағанда, ауыл, аудан, облыс әкімдерінің тиісті дәрежеде бақылау жүргізбеуі салдарынан 125 млн. теңге субсидия заңсыз таратылған. Себеп, ауыл, аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мәселені креслода отырып шешкен, егіс алқаптарына бармаған, алдарына келген өтірік құжаттарға қолдарын оңды да солды да қоя берген… Үкіметтің су тегін субсидиясын аясын ба, енді…?!
Мәселен, Сарағаш ауданының Жылға ауылдық округіндегі “Аль-Барака” ЖШС-інің басшысы Н.Кенегесов деген азамат 1640 гектар жерге мақсары ектім деп ведмоствоаралық комиссияға жалған арыз беріп, сол арқылы 7 872 200 теңге субсидия алған. Ол комиссия мүшелерімен “бармақ басты, көз қыстығыға” барған болуы да әбден мүмкін. Өйткені Н.Кенегесов көп ұзамай комиссия мүшелерімен бірігіп, “Салихат” ЖШС-іне 367 мың теңге заңсыз субсидия берген. Бір қызығы, Н.Кенегесовтың үстінен алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа өтер кезде, құқық қорғаушылар оның орнын сипап қалған көрінеді. Сондай-ақ, өз міндетіне салақтық танытқаны үшін Жылға ауылының бұрынғы әкімі А.Елемесовтың де үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ордабасы ауданындағы “Мади” шаруа қожалығының төрағасы Б.Мади “16 гектар жерге бау ектім” деп, өтірік құжат туралап, 48 434 теңге заңсыз субсидияны қалтаға басыпты. Тағы қызықты қараңыз, шаруашылықтың төрағасы Б.Мади Ордабасы аудандық тұрғын үй және жолаушылар тасымалдау бөлімінің бастығы болып шықты. Мемлекеттік қызметкер бола тұра, кәсіпкерлікпен айналысқан және сонымен бірге алаяқтыққа барған шенеунік енді заң алдында жауап беріп жатыр.
Жалпы, “субсидия беруде шаруалар мен комиссия мүшелері, лаузымды басшылар өзара ауыз жаласқан” деген прокурорлардың сөзінде жан бар сияқты. Оны мына мысалдан анық байқалады. Отырар ауданы “Көпен” шаруақожалығының төрағасы Б.Зұлыпқар 200 гектар жерге 748 мың теңге заңсыз субсидия алған. Сол Б.Зұлыпхар көп ұзамай “Бек” деп аталатын ЖШС-ін басқарып, оның атына да 523 470 теңге заңсыз субсидия шығартып, оның 511 395 теңгесін жеке мұқтаждығына пайдаланыпты. Егер екіарада “бірдеңе” болмаса ауыл, аудан әкімдері мұншалықты мырзалық таныта қоя ма…?!
Құқық қорғау органдары субсидия мәселесіне қадалғалы, шенеуніктердің шыр-пыры шығып жатыр. Олардың арасында өзінің “былық-шылығын” парамен жаппақ болғандар да табылуда. Дәлірегін айтар болсақ, 17 ақпанда Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Р.Абдусаттаров пен ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы А.Есалиев 25 млн. теңге заңсыз субсидияның берілгенін анықтаған ҰҚК қызметкерлеріне 3 мың доллар пара беру үстінде ұсталып, қазір қамауда жатыр.
Кешегі күні су тегін субсидияның жайы облыс прокуратурасының алқалық жиынында қаралды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев бастаған, бір топ аудан әкімдері өздерінің “ішкен-жегендерін” мойындамаса да айтылған сын-ескертулерге амалсыз бас изесті. “Бақылау шараларын өз дәрежесінде жүргізбегеніміз рас” деп бәрі бірдей ағынан жарылды. Бірақ босбелбеу шенеуніктер құр мойындаумен құтылмайтын сияқты. Жиынға қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың сөзі осыны аңғартты.
- Бәрі де “Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайдының” кері болған. Мұны жылы жауып қоя алмаймыз. Айтылған сынның бәрі орынды. Сондықтан облыс басшылығы тарапынан қатаң шешім қабылданады,- деді ол.
Еңбек жолының жеті жылын Ауыл шаруашылығы минстрлігінде өткізген, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған, сондай-ақ облыс әкімі ретінде алғашқы сапарын ауыл шаруашылығы жөніндегі мәселеден бастаған Асқар Мырзахметовтің қатаң шешімі қандай болар екен. Күтелік.
"Рейтинг" газеті