Шымкентті басқару оңай болмай тұр
«Рейтинг» газеті жанындағы «Рейтинг-Media» талдау-зерттеу орталығы саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, ұлттық мәдени орталықтар өкілдері, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер арасында телефон шалу арқылы сауалнама жүргізіп, әкімдік қызмет қолданысқа енген кезеңнен бергі Шымкент қаласын басқарған әкімдердің рейтингісін анықтаған еді. Әкімдердің іскерлігі, танымалдығы, болашақтағы мүмкіндігі бойынша баға беріліп, Болат Жылқышиев, Анарбек Орман және Амалбек Тшан үздік үштіктің тізіміне талассыз тіркелді.
Бірінші орынды Болат Жылқышиев алса, екінші орынды Анарбек Орман еншіледі. Үшінші орын Амалбек Тшанға бұйырды.
Әкімдік -- әркімнің маңдайына жазыла бермейтін мансап. Тәуелсіздік туы желбіреген 17 жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысын жеті әкім басқарып, сегізінші әкім болып Асқар Мырзахметов жұмысқа кірісті. Әрине, әр әкім елді өзінің қарым-қабілетіне қарай басқарады. Әйтсе де Оңтүстіктің әкімдері мәселені шешуден гөрі, облыстың жүрегі саналатын Шымкент қаласының әкімімен тіл табысып, бірлесіп жұмыс істеуге көп бас ауыртқан ба деп қаласың?.. Сенбесеңіз, Оңтүстікте қызмет атқарған облыс және қала әкімдерінің өткен өміріне бір көз жүгіртіп шығайықшы.
Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі Марс Фазылұлы Үркімбаевты ел бұған дейін ұзақ жылдар бойы білім саласында басшылық қызметте болған ректор, ұстаз, ғалым ретінде білетін. Ол облысты басқарған жылдары Шымкент қаласының тұңғыш әкімі болып Амалбек Тшан тағайындалды. Кейінірек Жамбыл облысының әкімі, құрылыс министрі, Мәжіліс депутаты болған Амалбек Қозыбақұлы тумысынан өте жігерлі, адамның бетіне тік қарап, тіке сөйлейтін өр мінезді, батыл қимылдайтын басшы болғанын жұрттың бәрі біледі. Ешқандай қалыпқа сыймайтын осы кесек мінезі ғалым, сыпайы әрі оқымысты Марс Фазылұлына ұнамағаны белгілі. Екі тұңғыш әкім бір-бірімен сыйыса алмады.
Облысқа Зауытбек Тұрысбеков әкім болып келді. Шынын айту керек, Зәкең сөзге шешен, кез-келген ортаны үйіріп әкететін, қулығы да, айласы да жетіп артылатын басшы еді. 27-ақпан күні түске дейін қала әкімі Амалбек Тшанды дәл туған күнінде жұмыстан босатып жібергенін ел әлі күнге айтып жүр. Бұдан кейін Шымкент қаласының әкімі болып Сейіт Белгібаев деген азамат тағайындалды. Бұл қызметке қалай келіп қалғанын қайдам, бірақ, Белгібаевтің бүкіл болмыс-бітімі, қимылы, тұлғасы... бәрі-бәрі Тұрысбековке мүлдем кереғар еді. Белгібаевтан ешқандай белгі қалмай, аз уақыттан кейін қызметінен босап тынды. Дәл қазір бұл азамат Алматыда жақта кәсіпкерлікпен айналысатын көрінеді.
Облысқа Қалық Абдуллаев әкім болып келді де, Шымкент қаласының әкімдігіне Қылышбек Ізбасқанов тағайындалды. Бірақ бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қ. Ізбасқанов қаланың мәселесін бес саусағындай білгенмен, Абдуллаевпен тіл табысып жұмыс істей алмады. Екі әкімде бірлік болмаған соң, тірлік қайдан өнсін?! Кейінірек Қ. Абдуллаевтың әкімдіктен абыройсыздау кеткені белгілі. Сол жылдары ел арасында «Ізбасқанов облыс әкімі болуға жүгірген көрінеді, Абдуллаев екеуінің арасын осы нәрсе бұзған ұқсайды» деген әңгіме тарады.
Көрші Қызылорда облысынан Бердібек Сапарбаев әкім болып келді. Шымқалаға енді Төретай Бекжігітов деген азамат басшылық жасады. Жалпы алғанда Бердібек Сапарбаев Оңтүстікте көптеген жұмыстар атқарды. Мінезі байсалды, салмақты, істің көзін таба білетін Бердібек Мәшбекұлы мен әкімдікке кәсіпкерлік саласынан келген, әрі бұрын-соңды мемлекеттік қызмет саласында тәжірибесі жоқ Төретай Бекжігітов екеуі көп ұзамай-ақ қарама-қарсы келіп қалды. «Көтере алмас шоқпарды беліне байлаған» Төретай Бекжігітов қызметінен кетіп тынды. Сапарбаев Шымкентке әкім ғып құрдымға құлауға айналған Кентауды құтқарып қана қалмай Қаратау тәжі атанған ару қаланың дамуына, өркендеуіне жол ашып берген Болат Жылқышиевті әкелді. Сапарбаев екеуінің бірлесіп жұмыс атқаруының арқасында Жылқышиев Шымкенттің де шырайын ашып, тірлігін шыр айналдырып алып кетті. Есепсіз төккен терінің, ерен еңбегінің, іскерлігінің ел тарапынан, Елбасы тарапынан ескерілгені болар облыс басшылығына өсті.
Сол кездері «облысқа анау әкім болып келеді екен, мынау келеді екен» деген сөз желдей есіп, ел арасында Астанада жүрген небір алпауыттардың аттары аталатын. Бірақ, бір күнде облысқа Болат Жылқышиев әкім болып, облыстың тарихында бірінші рет қала әкімдігінен облыс әкіміне бір-ақ көтерілген тұңғыш әрі жалғыз басшы ретінде қалды. Қала әкімі болып өзінің орынбасары Ғалым Жұмжаев тағайындалды. Ғ. Жұмжаев табиғатында жуас адам, Жылқышиевтің ығына жығылатын, жұмсағанына жүретін басшы болды. Шымкенттің келесі әкімі Өмірзақ Әмет пен Б. Жылқышиевтің арасы да шиеленісіп кетті. Рас болса, Ө. Әмет «мен енді облыс әкімі боламын» деген әңгімені ашық түрде айтқан көрінеді. Кейінірек Жұмжаевтың да, Әметтің де үстінен қылмыстық іс қозғалып, екеуі де саясат сахнасынан ізім-қайым жоғалғаны белгілі.
Облысқа әкім болып келген Өмірзақ Шөкеев Шымкентке Анарбек Орманды қолай көрді. Жалпы алғанда облыс басшыларының көбі қалаға да билік жасап, қала әкімінің де рөлін атқарып кететін. Шөкеев керісінше, Анарбек Орманға көп билік берді. Тіпті бір жиналыста Шөкеевтің «Анарбек Орманды менің бірінші орынбасарым деп есептеңіздер» деген әңгімесінен кейін қала әкімі өзін суда жүзген балықтай еркін сезінгені анық. Есесіне сол жылдары қалада көптеген игі тірліктер атқарылды.
Нұрғали Әшімов әкім болып келді де, неге екенін қайдам, Анарбек Орманның тірлігін ұнатпады. Көп ұзамай Орманның орнына Арман Жетпісбаев тағайындалды. Ел ішінде «Бала шопан» атанып кеткен Жетпісбаев облыс әкімімен анау айтқандай ашық айтысқа бармаса да, рас-өтірігін кім білсін облыс әкімі болуға ұмтылғанын елден естіп қалдық.
Міне, Оңтүстіктегі әкімдердің қысқаша тарихы осындай... Байқап отырсыздар, облыс пен қала әкімі тіл табысқан жерде тірлік бар. Бердібек Сапарбаев пен Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев пен Анарбек Орман әкім болған жылдары облыс та, қала да жақсы дамыды. Бұл облыс пен қала әкімінің бірлесіп жұмыс істеуінің жемісі еді. Бірақ, өмір бір орында тұрған ба? «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» десек те, шаһарды шынтағына басып, қала басшысының тағына қонжиған соң облысты басқаруға ойы кеткен әкімдерді мансаптың буы ұрды демеске лажың жоқ.
Айтпақшы Болат Жылқышиевті біздің жақтағылар, яғни ол қайсыбір жылдары біліктілікпен басқарған Тараз қаласының тұрғындары аузының суы құрып іскерлігін мақтап отырады. Енді оған Жамбыл облысын басқаруға мүмкіндік берілсе деген елдің тілегін жиі естіп жүрміз.