«Назираға бостандық» – Адвокаттар не дейді? Тергеушілер не дейді?

Oinet.kz 23-04-2025 35

Шымкентте «Nazira Gold» атауымен белгілі ұйымға қатысты дау-дамай шықты. Ұйымның басшысы Нәзира есімді азаматшаға қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. 

Screenshot_10.jpg

Алдымен ресми мәліметтерді алға тартайық. Биыл наурызда Қаржылық мониторинг агенттігінің  Шымкент қаласы бойынша департаменті "Nazira Gold" қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын жария еткен болатын. Осы ақпаратқа сенсек, зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компанияның өкілдері ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайын табыс беруге уәде еткен.   Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Осы қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам адам тартылған. Күдіктілердің үйлерін тінту барысында ірі көлемде қаражат  пен алтын бұйымдары тәркіленген.

Алайда Нәзираның адвокаттары мен туыстары және салымшылар мұндай айыптаулармен келіспейді. Олар осы жөнінде Астана қаласында және Шымкентте «Нәзираға бостандық» деген ұранмен баспасөз мәслихатын өткізді. 

Біз осы жөнінде өткен аптада Нәзираның адвокаты, белгілі заңгер Тілеужен Кішкенбаевпен хабарластық. Адвокат бізге баспасөз мәслихатының мән-жайымен таныстырды. Брифингте айтылған мәліметтерге қарағанда, Нәзира құрған ұйымның жұмысына қатысты ешқандай арыз-шағым да түспеген.

Адвокаттардың сөзіне сенсек, әдетте қаржы пирамидасын құрушылар осыған адамдарды шақыру үшін белсенді түрде жарнама жүргізеді. Ал, "Nazira Gold"-тың жұмысында ондай жарнама болмаған. Нәзираның тергеушілерге берген жауабына қарағанда, ол алтын бұйымдарын  Ресейдің, Түркияның зауыттарынан көтерме бағамен тікелей алмақ болған. Бірақ оны жасау үшін ірі көлемде қаражат қажет болған. Осыдан кейін ол өзі сияқты алтын сататын саудагерлермен қаржы біріктіріп, алтын бұйымдарын зауыттан арзан бағамен сатып алған. Кейбіреулерге тиесілі алтындарын өзі сатып, пайдасын беріп отырған.  

Біз осы жөнінде"Nazira Gold"-тың салымшыларының бірімен де әңгімелестік. Оның айтуынша, Нәзира  салымшыларға алтынды грамын 18 мың теңгеден сатып алып берген. Бұдан кейін оны 22 мың теңгеден сатқан. Яғни, алтынның әр грамына 4 мың теңгеден үлес беріп отырған. Екіарада ешқандай келіспеушілік немесе ақша беруді созу болмаған.  Нәзира қамауға алынған соң үлес беру тоқтатылған. 

Айтпақшы адвокаттарының айтуынша,  Нәзираның Шымкент қаласында алтын сатататын 5 нүктесі болған. Былтыр осы сауда нүктелерінен мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам салық төленген екен. 

"Nazira Gold" ұйымын құзырлы органдар босқа шырылдатып отырған жоқ па? Біз осы сауалды өткен аптада Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Дәурен Тұрғынбайға және департаменттегі тергеу басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бархыбайға қойған болатынбыз.  

Олардың айтуынша, "Nazira Gold" ұйымының жұмысына қатысты іс Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегі бойынша қозғалған. 2024-2025 жылдар аралығында ұйым 4 мыңнан астам салымшыға 20-40 пайыздық үлес беріп отыруға уәде еткен. Күдіктілерді тінту барысында қылмыстық жолмен алынған 204 миллион теңге, 17 келі алтын, 564 миллион теңгені құрайтын 44 жылжымайтын мүлік, 3 жылжитын мүлікке тыйым салынған. 65 жәбірленушіге 551 миллион теңге залал келтірілген көрінеді. Бүгіні күні 5 күдікті қамауға алынған. 

Соңғы кездері құзырлы органдар қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық қудалауларды күшейтіп жатыр. "Nazira Gold" осы науқанның құрбаны емес пе?  Не де болса бәрін тергеу амалдары анықтап беруі тиіс.

Сот төрағасы сотталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу