«K.Az tel» зауытының жұмысы қарқынды
Сайрам ауданы экономикалық белсенділігі жоғары аймақтардың бірі. Мұнда жыл санап өндіріс орындарының жұмысы қарқын алып келеді.
Соның жарқын мысалы – Ақсукент ауылында орналасқан кабель шығаратын ірі өндіріс орны – «K.AZ TEL» ЖШС. Бұл зауыттың қазірдің өзінде аудан экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Ең бастысы – кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа ғана емес, шет елдерге де бағытталған экспорттық әлеуетке ие.
«K.AZ TEL» ЖШС 2010 жылы құрылған. Зауыттың негізгі қызметі – тұрмыстық, өнеркәсіптік және энергетикалық мақсаттарға арналған кабельдер мен сым өнімдерін өндіру. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік аумағы 8000 шаршы метрді құрайды, ал жалпы аумағы 2 гектардан асады. Мұнда жыл сайын ұзындығы миллиондаған метрге жететін кабель өнімдері шығарылады. Зауытта 1000-нан астам марко-размерлі сым түрлері өндіріледі. Бұл – отандық нарықтағы сұранысты толық қамтуға мүмкіндік береді.
Өндіріс цехтары соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрбір сым мен кабель халықаралық стандарттарға сай зертханалық сынақтардан өткізіледі. Бұл сапаға деген жауапкершілікті көрсетіп қана қоймай, отандық өнімнің шетелдік баламалармен бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.
«K.AZ TEL» кәсіпорны – Сайрам ауданының индустриялық-инновациялық дамуына тың серпін берген жобалардың бірі. Зауыт жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, аудандағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда кәсіпорында 50-ге жуық адам еңбек етіп, жоғары табыс табуда. Сонымен қатар бұл мекеме инженерлік-техникалық кадрларды оқыту мен даярлауға да үлес қосып отыр.
Зауыттың жұмысы тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Ол – импортты алмастырушы өндіріс. Бұрын Ресей мен Қытайдан әкелінетін кабель өнімдері бүгінде толықтай дерлік отандық өніммен алмастырылып жатыр. Бұл – ұлттық экономиканың ішкі тұрақтылығын арттыратын маңызды қадам. Сапалы өнім шығаруға бағытталған «K.AZ TEL» қазіргі таңда экспортқа шығу мүмкіндіктерін де қарастыруда. Логистикалық тұрғыда тиімді орналасуы – яғни Өзбекстанмен шекараға жақын орналасуы – зауыттың Орталық Азия елдеріне өнім жөнелтуін жеңілдетеді. Қазіргі кезде өнімге қызығушылық танытып отырған кәсіпорындар Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан нарықтарынан байқалып отыр. Бұл өз кезегінде зауыттың өндірістік қуатын арттыруға және аудан экономикасын нығайтуға әсер етеді.
Өндірістегі осындай оң өзгерістер аудандағы жалпы ішкі өнім көлеміне де ықпал етуде. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Сайрам ауданының жалпы өңірлік өнімі 84,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артқан. Мұндай өсім ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіптің де ілгерілеуін көрсетеді. Ал оның бір тармағы ретінде «K.AZ TEL» секілді кәсіпорындардың орны ерекше.
Кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуда инфрақұрылымның рөлі де айтарлықтай. Кабель өндірісі – бұл тек бір саланың дамуы емес, бүкіл жүйенің қозғалысы: энергетика, құрылыс, телекоммуникация, көлік және теміржол секілді бағыттардың ілгерілеуіне дем береді. Осы орайда «K.AZ TEL» өнімдері елдің түрлі өңірлерінде құрылыс нысандарына жеткізіліп, отандық инфрақұрылымды жаңғыртуға тікелей үлес қосып келеді.
Сайрамда осындай кәсіпорындардың көбейіп, ел игілігіне жұмыс істеуі – Мемлекет басшысының «экономиканы әртараптандыру», «өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру» жөніндегі тапсырмаларын нақты іске асырудың көрінісі. «K.AZ TEL» – бұл жай ғана зауыт емес, бұл – ауданның экономикалық болашағына жол ашатын өндірістік тірек.
С.СӘУЛЕБАЙ