"Алма спк" шұжықтың 50 түрін шығарады
Сайрам ауданы – аграрлы салада әлеуеті жоғары, халқы тығыз орналасқан өңір. Аудан экономикасының дамуына ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу саласының да үлесі айтарлықтай.
Осы бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның бірі – Қарасу ауылында орналасқан «Алма спк» өндірістік кооперативі.
«Алма спк» – қазіргі таңда өңір халқының тұтыну сұранысын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған ет өнімдерін өндіретін іргелі кәсіпорын. Кооперативтің басшысы Ақылбек Шалқаров өндіріс үдерісін тиімді ұйымдастыра отырып, жергілікті ауылшаруашылық ресурстарын өңдеуге және дайын өнім шығаруға басымдық беріп келеді.
Кәсіпорын 2006 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылған. Жоба бастау алған сәттен-ақ Аграрлық несие корпорациясы тарапынан қаржылық қолдау көрсетіліп, заманауи еуропалық құрал-жабдықтар: ірі және ұсақ малды сою желісі, етті өңдейтін және шұжық жасайтын желі, шоктық тоңазытқыштар мен сақтау қоймалары орнатылды.
Бүгінде кәсіпорын толыққанды өндірістік циклмен жұмыс істейді:
мал сою,
ет өңдеу,
шұжық өнімдерін дайындау,
мұздату және сақтау,
дайын өнімді жеткізу.
Өндіріс шикізатпен толықтай өз шаруашылықтары арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл – сапаның тұрақтылығына, өнімнің табиғилығына кепіл. Алғашында 5 адамнан тұратын шағын ұжымнан басталған кәсіпорын бүгінде ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мамандар құрамында технологтар, ветеринарлық бақылау қызметі, логистика және сапа менеджменті бойынша білікті қызметкерлер бар.Қазіргі таңда «Алма» маркасымен 40-тан астам өнім түрі шығарылады:
«Краковская», «Салями», «Прима», «Ливер», «Зельц», «Сиыр тілі», «Қуырдақтық ет», «Свиное ребро» және т.б. шұжық өнімдері.
Тұтынушылардың сеніміне ие болған бұл өнімдер Түркістан облысында, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларындағы жәрмеңкелер мен сауда нүктелерінде сұранысқа ие. Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жыл сайын «Алтын күз», «Қазақстанның үздік тауарлары», «Халық таңдауы» сынды республикалық және өңірлік байқауларға қатысып келеді.Сапа – басты назарда. Өндірісте қолданылатын дәмдеуіштер Германияның «Gullini» компаниясынан арнайы жеткізіледі. Әр партияға шикізаттық бақылау, дайын өнімге зертханалық талдау жүргізіледі. Осы бағытта «Казтехнолоджипак», «Alimex», «Атлантис-Пак», «FABIOS» секілді халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатылған.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – кадр тұрақтылығы. Мұнда қызметкерлердің ауысуы жоқтың қасы, жұмыс істеу мәдениеті жоғары. Ұжым үнемі кәсіби шеберлігін арттырып отырады. Алматы, Мәскеу, Анкара, Берлин қалаларында өткен өндірістік семинарлар мен көрмелерге қатысып, жаңа технологияларды меңгеріп келеді.Мемлекеттік қолдаудың, ұтымды басқару мен еңбекқор ұжымның арқасында «Алма спк» өңірдегі қайта өңдеу саласының үлгі тұтар кәсіпорнына айналды. Оның әлеуметтік маңызы да зор – жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған, ауылда өндірістік инфрақұрылым дамып, аудан экономикасына нақты үлес қосуда.
«Алма спк» – тек сапалы өнім өндірумен ғана емес, тұрақты даму мен жаңашылдықты ұштастыра білген кәсіпорын. Бұл – ауылдан шыққан табысты бизнестің нақты үлгісі.
С.ӘШЕТ