Қонаевтың қадіріне жетіп жүрміз бе: Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті

Oinet.kz 04-09-2025 57

...Ер қадірін бағаламаудан,

Қай ел опа тауыпты?

Иә, ерлікті жасамаудан,

Бағаламау әлдеқайда қауіпті...

22 тамыз – қазақтың біртуар ұлы, республиканы ширек ғасырға жуық уақыт абыроймен басқарған даңқты Дінмұхамед Қонаевтың қайтыс болған күні.

1000469302.jpg

Осы күні Шымкентте бірқатар дәстүрлі іс-шаралар жыл сайын өтеді. Екі апта бұрын биылға жоспарланған іс-шаралардың өту барысына қарап көптен бері көкейді мазалап жүрген ойлардан  еріксіз қолға қалам алуға мәжбүр болдық.  Әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың осынау жыр жолдары еске оралды. Неліктен  дейсіз ғой? Ашып айтайық.

Рас, соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  Дінмұхамед Қонаевты дәріптеу, дәлірегі оның өнегелі ғұмырын кейінгі ұрпаққа үлгі ету бағытында біраз шаралар жасалды. Қапшағай қаласына Қонаев атауы берілді. Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін  алды. Ал Түркістан облысы Төле би ауданының Сарқырама ауылында бірер жыл бұрын кәсіпкер, меценат Мұрат Төлтебаевтың ұйытқы болуымен  Қонаевтың еңселі ескерткіші тұғырына қонды. Шіркін осындай еңселі ескерткіш облыс орталығында немесе мегаполис Шымкентте қойылса деген арман-тілек көпшіліктің көкейінде жүргелі қашаа-ан?!

Алайда осындай бір жаңашылдық, жанашырлық шымкенттік шенеуніктердің бойынан байқалмайды. Неге? Димекеңе еңселі ескерткіш тұрғызуды ұйымдастыру былай тұрсын тұғырлы тұлғаны еске алуға арналған  жиындарды  тек биыл емес бұған дейінгі жылдарда да Шымкент қалалық әкімдігі басшыларының көбіне елеусіз қалдыратынына не айтуға болады? Әлде бұл Қонаевтай ұлы тұлғаны менсінбегені ме? Әдетте басқа бірқатар тұғырлы тұлғаларды, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерін еске алуға арналған жиындарда елдің ортасынан табылатын шымкенттік атқамінерлердің Қонаевқа келгенде тым құрыса төбе көрсетіп кетуге ықылас-пейіл танытпайтыны көпшіліктің көкейінде әр алуан ойлар туындатуда. Қазақстан халқы үшін, оның ішінде, әсіресе, Оңтүстік жұрты үшін Димекеңнің орны бөлек,  Димекең үшін де Оңтүстіктің орны бөлек емес пе еді?!

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – заманының көшбасшысы ғана емес, иманына да берік болған тұлға. Алланы айтуға тыйым салған құдайсыз қоғам – кеңестік дәуірде ол өз болмысынан, рухани негізінен ешқашан алыстамаған. Құран мен жайнамазды үнемі қасында ұстаған, иманын жүрегінде сақтап өткен мұсылман болған. Шымкент пен Түркістанға сапар шеккен сайын Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне арнайы зиярат еткен.

Алпысыншы жылдары су тасқыны Арыстан баб кесенесіне таяп қалған шақта облыс, аудан басшыларына мал-мүлік емес, бірінші кезекте кесенені сақтап қалуды тапсырғаны тарихқа таспен ойып жазылған бұлтартпас факт. Бұл – ерен тұлғаның имандылыққа, тарих пен руханиятқа деген ерекше құрметінің дәлелі болса керек.

Тағы бір сәт – Түркістандағы Ясауи кесенесіне зиярат кезінде Қонаев кесенедегі құдыққа тиын тастап, су тереңдігін сұраған. Былай қарасаң – жай ғана қызығушылық сияқты. Бірақ бұл – ұлт қайраткерінің рухани құрметті сырт көзге білдіртпей, терең таныммен жасаған тәу етуі еді. Ол заманда бәрі орталыққа бағынған, коммунистік идеология бәрінен жоғары тұратын. Алайда Қонаев өзінің ата-бабасынан дарыған иманын жоғалтпай, діни сенімін жүрегінің төрінде ұстап, ешкімге зияны тимейтін, бірақ маңызын жоймайтын биік деңгейде алып жүрген тұлға болатын.

– 1980 жылы Домалақ ана кесенесіне жақын маңдағы бір мекенжайда Димекеңнің бес сағаттай отырғанын көзіммен көрдім. Ол жай ғана отырмаған сияқты. Іштей дұға қылған болуы мүмкін, – дейді онымен таныс-біліс болған Шәріпбек Жамалбек тарих тереңінен біраз сыр ақтарып.

Қонаевтың дастархан басына ешқашан спирттік ішімдік қойдырмағаны, қонағына қазақтың салт-дәстүрі мен исламға қайшы келмейтін жолмен құрмет көрсеткені – оның кісілігі мен кемел болмысын дәлелдейді. Қонаев ешқашан бірге қызмет еткен әріптесін, замандасын жаман сөзге ілмеген, тек құрметпен еске алған. Ол кісі туралы өсек пен аяң – бүгінгі күннің «ауруы», тарихқа жасалған қиянат.

Қазіргі Шымкент қаласында, Түркістан облысында Қонаевтың атында бірнеше нысан бар. Бұл – халықтың Димекеңе деген шексіз құрметінің көрінісі. Бірақ бұл құрметтің артында – ерен еңбек, жанашырлық және азаматтық жауапкершілік жатыр.

Оңтүстікте Қонаевқа арналған ескерткіш-бюст 2002 жылы Шымкентте орнатылды. Бұл игі істің бастамашысы – ұзақ жылдар жауапты қызметтерде еңбек еткен Бахтияр Әжібеков болатын. Қонаев қорының төрағасы ретінде ол халықты жұмылдырды, ескерткішке рұқсат алып, Қонаев көшесін жөндетуге де бастамашы болды. Бұл кезде облыстың іскер басшысы – руханияттың жанашыры Болат Жылқышиев еді. Ескерткіш-бюст Тәуке хан мен осы күнгі Қонаев даңғылдарының қиылысына, қаланың орталығына қойылды. Ескерткіш-бюст одан кейінгі үлкен жұмыстардың бастамасына айналды. Бұдан кейін Қонаев мұражайы бой көтерді.

Бүгінде республикада Дінмұхамед Қонаевқа арналған екі мұражай бар. Біріншісі – қайраткердің Алматыдағы өзі тұрған үйі болса, екіншісі – Шымкенттегі халықтың қаражатымен тұрғызылған мұражай. Шымқаладағы Қонаев музейін – халықтың қолдауымен салынған рухани орда деп атауға да болады.

Алғашқыда ғимараттың құны 18 миллион теңге деп есептелген. Бұл сол кезде өте көп шығын еді. Қаржының жетіспеуі салдарынан құрылыс бір жыл тоқтап қалған. Кейін нысан әкімдіктің қарамағына беріледі. Ақыр аяғында музей құрылысы қайтадан «Қонаев қорының» еншісіне қайтарылып, ғимарат демеушілердің көмегімен 2004 жылы пайдалануға берілді. Музейдің ашылу салтанатына уақтысында Димекеңмен бірге қызмет еткен Кеңес Аухадиев, Ізбасар Балтағұлов, Бәйдібек Төлепбаев, Амантай Біртанов сынды республикаға белгілі тұлғалар қатысты. Қазір мұнда Қонаевтың өзіне тиесілі заттары, кітаптары, киімдері, фотосуреттері, тарихи құжаттар қойылған. Тіпті шетелден келген туристер де бұл музейден ерекше әсер алып кетеді.

Қонаевтың халыққа, оның ішінде Оңтүстікке еткен еңбегін сөз еткенде, Жетісай, Мақтаарал, Киров аудандарының Қазақстанға қайтарылуына тоқталмай кету мүмкін емес.

Елуінші жылдардың соңында, алпысыншы жылдардың басында Оңтүстік алдымен жер жәннаты, «шыбық шаншысаң, шынар өсетін» Бостандық ауданынан айырылды. Сол жылдары республиканың бірінші басшысы И. Юсуповтың солақай саясатының салдарынан Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандары Өзбекстанға өтіп кетті. Үш аудан Бостандықтың кебін құшуы әбден мүмкін еді. Алайда, Дінмұхамед Қонаевтың табандылығының арқасында мақта – ақ алтын өндірумен айналысатын үш аудан жетпісінші жылдардың басында Қазақстанға қайтарылды. Қонаев осы бір ғана еңбегі үшін-ақ құрметтеуге, қадірлеуге лайық емес пе?!

Оңтүстікте талай игі бастамадан Қонаевтың қолтаңбасын байқауға болады. Жалпы, Димекеңнің дәуірінде Қазақстан барлық салада қарыштап дамыды. Соның ішінде Оңтүстікте көптеген кәсіпорындардың, шаруашылықтардың негізі қаланды. Шымкент елемізде жарты миллионға жуық тұрғыны бар ірі мегаполиске айналды. Көптеген шағын аудандар мен мәдени, әлеуметтік нысандар, соның ішінде бүгінде Шымкенттің мақтанышына айналған  дендросаябақ, Орталық стадион, зоопарк сияқты нысандар Д.Қонаевтың қолдауымен салынды.

Бір ойды, бір ой қозғайды, Димекеңнің және оның ең сенімді серіктерінің бірі,  Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Асанбай Асқаров екеуінің қатар тұрған ескерткішін жергілікті қоғам белсендісі Ержан Қалдыбаевтың өз қаражатына жасатқаны ақпарат құралдарында жарияланып,  талай мәрте дабыл қағылды.  Оны дендросаябақтың алдына қойсақ деген ұсынысына әкімдік тарапынан әлі күнге рұқсат берілмей келе жатқаны жұртшылық тарапынан түсінбестік тудыруда. Жалпы Дінмұхамед Қонаевқа Шымкенттен еңселі ескерткіш қою қажеттігі де көптен бері айтылып келеді. Бірақ оны да ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Димекең оңтүстік жұртшылығымен  бірнеше мәрте жүздескен.

– Бұл кездесулер жай сәлемдесу емес, нағыз тарихи сәттер еді. Соның бірі – 1980 жылы қазіргі Бәйдібек ауданында өткен алты сағаттық жүздесу. Димекең астық ору науқаны кезінде келген еді. Сол сапарында шаруашылықтарды аралап, комбайншылармен, шопандармен кездескен соң аудан басшылығымен бірге дастархан басына отырды.

Тағы бір ерекше кездесу 1992 жылы болды. Ол кезде Қонаев Оңтүстікке арнайы шақыртумен келген. Төлепбек Назарбеков ағамыздың үйінде, кейін Шымкент қаласының әкімі Амалбек Тшановтың шаңырағында қонақ болды. Жергілікті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен басшылықта жүрген азаматтар қатысқан сол жиында Қонаевпен бірге отырып, пікірлестік. Димекең естеліктер айтып, Оңтүстік өңіріндегі үш ауданның Өзбекстаннан қайтарылу тарихына тоқталды. Бұл сөздер сол сәттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шындығы еді. Біз алыстан қарап тұрсақ та, әрбір сөзі жүрекке жететін. Ол кісіге жақындап сөйлесудің өзі мәртебе еді, – деп еске алды Дінмұхамед Ахметұлымен тоғыз мәрте кездесіп, соның ішінде бірнеше рет бетпе-бет отырып, әңгімелескен Шәріпбек Жамалбек.

Қонаевтың өнегесі – келер ұрпаққа естелік ғана емес, аңыз болып тарайтыны айдан анық. Бірақ бұл аңыздың арғы жағында ақиқат бар. Ол – халықтың шынайы ризашылығымен, сүйіспеншілігімен өрілген ақиқат болып қала береді.

Халықтың шынайы алғысына бөленгеннен артық бақыт жоқ шығар, сірә!

Ғалымжан ҚАМЫТБЕКҰЛЫ


Қаныбековке қандай қызмет бұйырады?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу