Трампқа оқ атқан күдіктінің кім екені белгілі болды

Oinet.kz 27-04-2026

АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен ресми шара кезінде атыс ұйымдастырмақ болды деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы BBC хабарлады.

image.png

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті — Калифорния тұрғыны Коул Томас Аллен. Оқиға Ақ үй тілшілері қауымдастығы ұйымдастырған салтанатты кеш өтіп жатқан Washington Hilton қонақүйінде болған.

Алдын ала ақпарат бойынша, ол Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдеріне қарсы оқ атуды көздеген болуы мүмкін.

АҚШ бас прокурорының міндетін атқарушы Тодд Бланш күдіктінің нақты мақсаты әлі анықталып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл нысанасы жоғары лауазымды тұлғалар, соның ішінде Дональд Трамп болуы ықтимал.

— Ол қауіпсіздік аймағынан толық өте алмады. Оқиға дер кезінде тоқтатылды, — деді ол.

Күдікті қонақүй аумағында ұсталған. Болжам бойынша, оқиға кезінде 5-тен 8-ге дейін оқ атылған.

Полиция мәліметінше, ер адам жарақат алмаған, бірақ тексеру үшін ауруханаға жеткізілген. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып, барлық мән-жай анықталып жатыр.

Университет түлектерінің әрбір үшіншісі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді — Еспаева
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу