Құлсарыда балалар дер кезінде дабыл қағып, анасын ажалдан арашалап қалды
Құлсары қаласында балалардың дер кезінде көмекке жүгінуінің арқасында анасының өмірі сақталып қалды. Тәртіп сақшылары әйелді пәтер ішінде ес-түссіз жатқан күйінде тапқан, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, 22 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында аулада ойнап жүрген балалар полицияға хабарласып, үйге кіре алмай тұрғандарын айтқан. Оқиға орнына жеткен полицейлерге көршілер пәтерден қатты газ иісі шығып жатқанын жеткізген.
Қауіпті жағдайды ескерген тәртіп сақшылары есікті бұзып кіру туралы жедел шешім қабылдаған. Пәтер ішінен 47 жастағы әйел ес-түссіз күйде табылып, бірден қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізілді.
Тексеру барысында асүйдегі газ плитасының конфоркалары ашық қалып, газдың таралуына себеп болғаны анықталды. Полицейлер қауіпсіздік шараларын дереу қолға алып, апаттық газ қызметін шақырған. Қазір оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.


