Аслан Мусиннің отбасы Венада 4,5 млн еуролық пәтер сатып алған

Oinet.kz 24-04-2026

Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Аслан Мусиннің отбасы Вена қаласының орталығынан қымбат жылжымайтын мүлік иеленген. Сарапшылар бұл мәмілені аудан бойынша ең ірілердің бірі деп бағалап отыр, деп жазады Оinet.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

image.png

Пәтер қаланың орталық, беделді аудандарының бірі – Нойбауда орналасқан.

Жалпы ауданы 413 шаршы метр болатын баспананың құны шамамен 4,5 миллион еуроға бағаланады. 2024 жылғы деректерге сәйкес, бұл Нойбау ауданындағы ең қымбат мәмілелердің бірі саналады.

Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының мәліметінше, пәтер Mondscheingasse көшесінде орналасқан. Бұл аумақ Вена операсы, ратуша және музей кварталына жаяу жететін қашықтықта жатыр.

Жылжымайтын мүлік Bazantner GmbH компаниясының атына тіркелген. Қаржылық есептерге қарағанда, бұл компанияның жалғыз активі осы пәтер болып отыр. Компанияны Сергей Кушенов басқарады, ол Мусиндер әулетінің шетелдегі жобаларымен байланысты тұлға ретінде аталады.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Bazantner GmbH болгарлық Arkentum арқылы БАӘ-нің Рас-эль-Хайма эмиратында тіркелген UNCIA қорына тиесілі. Бұл қор Мусиннің ұлы Сауранбек пен жиені Ануарбекпен байланысты делінеді. Олар отбасының Латвия мен Болгариядағы негізгі активтерін де басқарады.

Мусин әулетінің шетелдегі мүлкі тек Австриямен шектелмейді. Латвияда олардың жалпы құны 20 миллион еуродан асатын активтері бар екені айтылады. Соның ішінде шамамен 5,6 миллион еуроға сатып алынған ірі ритейл бизнесі де бар.

Сонымен қатар, Мусиннің жұбайы Гүлбану Үкітайқызы мен ұлы Сауранбек Болгарияның «алтын» азаматтығын алған. Олар инвестор ретінде рәсімделіп, жергілікті сайлауларға, оның ішінде Еуропарламент сайлауына қатысқаны туралы ақпарат тараған.

Ал Аслан Мусиннің өзі 2020 жылы Черногорияның құрметті азаматы атанған. Кейін бұл елде «құрметті паспорттарға» қатысты тексерістер басталған.

Аслан Мусин – Ақтөбе облысының тумасы. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған: облыс әкімі, экономика министрі, Мәжіліс төрағасы, Президент әкімшілігінің басшысы және Есеп комитетінің төрағасы болған. Президент әкімшілігін басқарған кезеңі оның ықпалы күшейген уақыт ретінде бағаланып, бейресми түрде «сұр кардинал» атанған.

2017 жылы мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін дипломатиялық салаға ауысып, Балқан елдерінде елші қызметін атқарды. Соңғы жылдары оның есімі бұрынғы элита өкілдерімен бірге қайта жиі аталып жүр. Мәселен, екі жыл бұрын Лондонда Мусин мен Бергей Рысқалиевтің бірге түскен суреті тараған.

Қазақстанда орташа жалақыны есептеу ережелері өзгереді
Қазақстан «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын ұсынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу