Қазақстан «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын ұсынды
Шаңды және құмды дауылдар бір ел аумағымен шектелмей, бүкіл өңірге тарайтындықтан, бұл экологиялық қатермен күресте Орталық Азия мемлекеттері бірігіп әрекет етуі қажет. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өңірлік экологиялық саммитте мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстан «Орталық Азияның жасыл қалқаны» атты жаңа өңірлік бастаманы ұсынған. Жоба аясында ортақ резолюция қабылдау, өңірлік бағдарлама іске қосу және нақты жұмыс аймақтарын белгілеу көзделіп отыр. Сондай-ақ елдер арасындағы бірлескен әрекет ету тетіктерін бекіту жоспарланған.
Оның сөзінше, Орталық Азия мемлекеттерімен бұл бағытта алдын ала бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілген. Резолюция жобасы әзірленіп, орман отырғызылатын аумақтар да анықтала бастаған. Бағдарламаға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан қатысады деп күтілуде.
Сонымен бірге халықаралық экологиялық ұйымдар мен қорлар да серіктес ретінде тартылмақ.


