Алматы метросындағы жемқорлық схемасы әшкереленді
Алматы метрополитенін салу кезінде бюджет қаржысын жымқыруға қатысты іс бойынша 10 адам сотталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Тергеу дерегінше, «Метрополитен» КМК-ның лауазымды тұлғалары мердігер ұйым өкілдерімен алдын ала сөз байласып, құрылыс пен жабдықтауға бөлінген қаражатты аса ірі көлемде заңсыз иемденген.
Алмалы аудандық сотының үкімімен коммуналдық кәсіпорын мен мердігер ұйымның 10 қызметкері ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, олардың мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар келтірілген шығынды бірлесіп өтеу міндеттелді.
Кассациялық тәртіпте істі қайта қарау барысында жымқырылған 127 млн теңге өзге заңды тұлғаның шоттарынан анықталған. Прокурордың наразылығы негізінде сот шешімі өзгертіліп, бұл қаражат мемлекет пайдасына өндірілді.
Қадағалау органы бұл жағдай бюджет қаржысына қол сұққандар үшін жауапкершілік міндетті түрде туындайтынын көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қаражатты игеру кезінде барлық қатысушылар заң талаптарын сақтап, жеке жауапкершілікті сезінуі тиіс екені ескертілді.


