Сот та қателеседі... Журналистке шығарылған үкім осыны меңзейді

Өткен жұмадан бері әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында шымкенттік журналист –блогер Арай Есенбектің 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталғаны жарияланып жатыр. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері елімізде, оның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында төртінші билік өкілдерінің, әлеуметтік желі белсенділерінің темір торға тоғытылуы таңсық дүние болудан қалған. Бірі жыртылған туды түсіріп, бас дәрігерден ақша талап еткені үшін сотталды. Бірі қолындағы куәлігін пайдаланып, әркімді қорқытқаны үшін тиісті жазасын алды. Жала жабу бойынша 10-20 күн әкімшілік қамауға алынғандар да жетерлік. Алайда бұл жолы журналистке шығарылған сот үкімінің бөлектеу болып тұрғаны рас.
Сотталушы Арай Есенбек бұған дейін жергілікті, республикалық телеарналарда тәжірибе жинаған, соңғы уақытта интернет сайтта жұмыс істеп жүрген, өзіндік пікірі бар, өткір жазатын кәсіби журналист (уақтысында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің баспасөз хатшысы қызметін де атқарған). Оған қатысты қозғалған қылмыстық іс кәсіби міндетін атқарумен байланысты. Көпшілік Арай Есенбек бопсалаушылықпен айналысты дегенге күмән келтіреді. Оны арандатушылықтың құрбаны болды деген пікірлер де бар. Сондықтан біз кешегі күні Арай Есенбекке қатысты Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шығарған үкімімен танысып, мәселенің мән-жайына үңіліп көрген едік.
Сонымен журналист туралы қоғамдық пікір не дейді? Сот не дейді?
Бірден айтайық журналистке шығарылған үкім әділетсіз деушілер көп болып тұр. Әділетсіз дейтін пікір туындау себебі осы іске төрағалық еткен судья маңызды деген айғақтарды назарына алмаған. Кейбір сөздерге қисынсыз қате тұжырым жасаған. Қысқасы, істің мән-жайын бейтарап таразылаудан гөрі қаралау жағына басымдық берген сияқты.
Былтыр қазанда журналист А.Есенбек жұбайының атына тіркелген интернет порталда Шымкент қаласы әкімдігіне қатысты сын материалдар жариялаған. 1 қарашада осыған қатысты «міндетіне имидждік мәселені алып жүру, БАҚ-тағы жарияланымдарға тиісті түрде әрекет ету кіретін» Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі (кейбір деректерде штаттан тыс кеңесші) болып істейтін азаматша Арай Есенбекке хабарласқан. Қайталап айтайық, кеңесші журналистке өзі шыққан. Яғни екіарадағы диалогтің өрбуіне кеңесшінің өзі бастамашы болған.
Істің мән-жайына қарағанда, журналист жалпы кеңесшімен бұған дейін де таныс-білістікте, қызметтік қарым-қатынаста болған. Тіпті кейде оның өтініші негізінде сайттан сын материалдарды алып тастап отырған. Екіарадағы әңгімеде А.Есенбек кеңесшіге биылғы тендерде уәде етілген қаражаттарды толық ала алмағанын, қазіргі уақытта қаржылық мәселе туындағанын алға тартып, проблеманы демеушілер арқылы шешіп беруін өтінген. А.Есенбек сотта өзі мүшесі саналатын журналистердің әуесқой футбол командасына әкімдік тарапынан бұрын да осылай демеушілік жасалғанын мәлім еткен. Яғни, журналистің мәселесін демеушілер арқылы шешіп беру бұған дейін де болған. А.Есенбек соны қайталауды сұранған. Нақты ақша талап етпеген. Алайда 4 қарашада кеңесші құзырлы органдарға арызданған. А.Есенбекке қатысты жасырын тергеу әрекеттері басталған.
Қарашада кеңесші журналисті қаладағы кафелердің біріне кездесуге шақырады. Кездесуде ол Арай Есенбекке өтініш айтып, сайтқа шыққан бір-екі «негатив» материалды көрінбейтін етіп тастаған. Осыдан кейін кеңесші үстелдің үстіне ақша салынған пакетті қойған (оның аз бөлігі шынайы ақша, қалғаны муляж болған). Журналист ақшаны алудан бас тартқан. Неге? Осы жағдайдың өзі А.Есенбекте ақша талап ету, қорқытып алу ниетінің болғанын жоққа шығарады емес пе? Бұдан соң журналист пен кеңесші сыртқа шығады. Журналист көлігіне отырып кетіп бара жатқан кезде ақшаны алмақ болғанға ұқсайды. Алайда кеңесші қолындағы пакетті журналистке бермеген. Тағы да түсініксіз жағдай. Оның дәл сол кезде ақшаны А.Есенбекке беріп, артынша қолына кісен салдыруына не кедергі болды?
6 қарашада кеңесші журналистке хабарласып, ақшаны қалай беру қажеттігін сұраған. Ол анасының «Каспий голдын» береді. А.Есенбек сотта мұның себебін сол кезде Талдықорған қаласында футболдан журналистердің турнирі өтетін болып, өзі сол бойынша әкімдіктен командасына демеушілік көмек сұрағандығын, аударылатын ақша сол демеушілік көмек деп түсінгенін айтқан. Алайда сот журналистің осы айтқандарын, дәлірегі оның әкімдіктен демеушілік көмек алған-алмағанына, сол кезде Талдықорғанда журналистердің футбол турнирі өткен-өтпегенін зерттемеген сияқты. Неге? Ғаламторда жарияланған мәліметтерге қарағанда, бір аптадан кейін 15 қарашада Талдықорғанда расында да журналистердің дәстүрлі турнирі өткен және оған Шымкенттен арнайы команда қатысқан.
Кеңесші алдымен терминал арқылы журналистің берген шотына 990 мың теңгені аударады. Қалған ақша техникалық ақауларға байланысты өтпей қалған. Ол қалғанын журналистке басқа бір адам арқылы беріп жіберуге уәде еткен. Оқиғаның ұзын-ырғасы осы ғана. Арғы жағы көпшілікке белгілі. Артынша бір топ полиция қызметкерлері журналисті үйінен тап бір қауіпті қылмыскерді ұстағандай, алып кеткен. Ертеңіне журналист пен кеңесші арасындағы әңгімелер интернетті кезіп кетті. Алайда бұл аудиожазбалардың қиылғаны, кесілгені байқалады, тек журналистің айтқандары ғана берілген. Ол істің мән-жайын толық ашпайды.
Ал істің мән-жайына қатысты айтылатын бірнеше мәселе бар:
Біріншіден, Қылмыстық кодекстің 194-бабында жазылғандай, қорқытып алушылық деп қысқаша айтқанда жәбірленушіні немесе оның жақындарын масқаралайтын немесе олардың мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді тарату қатерін төндіре отырып, мүлік, ақша талап ету танылады. Үкімге қарағанда, журналистің жариялаймын деген материалы шенеуніктердің «Ордабасы» футбол клубы бойынша қабылдаған шешімдерімен байланысты көрінеді. Бұл жерде масқаралайтын не болуы мүмкін? Жұмыс барысына қатысты жазылған мақаланы шенеуніктердің жеке басын масқаралайды деуге келе ме? Үкімде судья журналистің мақаласына «елеулі зиян келтіруі мүмкін» деген баға берген және бұл зиянды ақшамен (сол баяғы алған 990 мың теңге ғой) таразылағаны қисынға келе ме? Осыдан кейін кеңесшінің ақша алып, журналистке қарай жүгіре кеткенін түсініп көріңіз. Алдын ала ұйымдастырылған сценарий болмасына кім кепіл? Мұның бәрі де айналып келгенде «елеулі зиянды» қолдан жасау емес пе?
Екіншіден, бұл істе ең маңызды айғақ – сараптама қорытындысы. Үкімге қарағанда, қорғаушы тарап 26.01.2026 жылғы №02 санды сот- филологиялық-психологиялық сараптама қорытындысындағы: «А.Есенбектің сөздері нақты қорқыту арқылы ақша қаражатын беруге итермелеу деп айту мүмкін емес, видеоларды өшіруге өзіне міндеттеме алуға бағытталған тілдік белгілері бар, алайда, нақты жауап ретінде тендер немесе ақшалай қаражат беру талаптарын білдіретін мағыналық компоненттері келтірілмеген» деген сөздерді алға тартып, журналистің әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ деген уәж келтірген. Алайда сот бұл уәжді де назарға алмайды. Мұның себебін сот бір жерде «сарапшы қорытындысының басқа дәлелдерден артықшылығы жоқ» деп түсіндіреді. Бір жерде сарапшы қорытындысында «мәселені оң шешу үшін уәде бойынша берілетін ақша қаражатын демеушілер арқылы шешіп беруге итермелеу мағыналық компоненттері бар» дейді. Бірақ бәрібір де «қорқытып алу компоненттері» бар деп жазылмаған ғой. Ал Арай Есенбекке айып «қорқытып алу» бабымен тағылып отыр емес пе?
Үшіншіден, естеріңізде болса, Арай Есенбек ұсталған соң, интернетті кезіп кеткен аудиожазбада журналист «Біз рейтингке жұмыс жасаймыз» деген сөзді айтады. Сот бұл сөзге «А.Есенбек талабы орындалмаған жағдайда «рейтингке жұмыс жасаймыз» дегенді қала әкімдігі мен әкімнің жұмыс белсенділігі мен оның бағалануына кері әсер ететін мағынада қолданған» деген тұжырымға келген. Алайда бұл тұжырым қисынға келмейді. Журналистің бұл сөзінің түп-төркіні өзі жұмыс істейтін сайттың рейтингісі туралы екендігі айтпаса да түсінікті емес пе?
Төртіншіден, Арай Есенбекті бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен судья Абдрасилов оны бес жылға масс-медиа құралдарымен байланысты қызметпен айналысу құқынан айырған. Қылмыстық кодекстің 194-бабында мұндай қосымша жаза қарастырылмаған. Судья мұны жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін және кінәлі адамның жеке басын ескере отырып тағайындағанын келтіріпті. Сонда журналист қоғамға қауіпті адам болғаны ма? Арай Есенбектің жеке басынан қандай қауіпті белгілердің байқалғанын судья неге ашық жазбаған?
Ақпарат құралдарына берген сұхбатында журналистің адвокаты үкім шығаруға жақындаған кезде іске қатысушы мемлекеттік айыптаушының ауысқанын мәлім етті. Алғашқы прокурор сотталушыға жеңіл жаза, кейінгісі алты жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұрапты. Бұл да істегі күдікті, күмәнді жәйттардың бір парасы ғана.
Сонымен бірге кеңесшінің өзі сот отырысына себепсіз бірнеше мәрте келмеген. Тіпті сот оны полиция арқылы мәжбүрлеп те келтіре алмаған. Осыдан кейін сотты құрметтемегені үшін оған жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (86 500 теңге) ақшалай өндіріп алу жазасын қолданған.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Алда әлі апелляциялық алқа бар. Сондықтан журналистке шығарылған үкімге нүкте қойылды деп айтуға болмайды. Әділхан Шайхисламов төрағалық ететін Шымкент қалалық соты, Бәйдібек Дүйсебеков жетекшілік ететін Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істің ақ-қарасын анықтап, әділ төрелігін айтады деген үміттеміз.
«Рейтинг» газеті, 29 сәуір 2026 жыл.


