Астана әуежайында 4 ай тұрған шешен азаматы елден ұшып кетті
Украинадағы соғыстан қашып, Астана әуежайының транзиттік аймағында бірнеше ай бойы қалып қойған Шешенстан тумасы Зелимхан Мұртазов Қазақстаннан үшінші елге шығып кетті. Бұл ақпаратты құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекова мен адвокат Рена Керимова растады, деп жазады Оinet.kz порталы Ulysmedia-ға сілтеме жасап.

Адвокаттың айтуынша, Мұртазов Армения астанасы Ереванға Ресейдің ішкі төлқұжаты арқылы ұшып кеткен. Бұған дейін оның шетелге шығатын паспорты Түркияда тәркіленген. Тікелей рейстің болмауына байланысты ол ұзақ уақыт әуежайда қалып қойған.
37 жастағы Зелимхан Мұртазов Қазақстанға өткен жылдың қазан айында Украинадағы соғыстан қашып келген. Кейін Түркияға ұшпақ болғанымен, әуежайда құжаттарының жарамсыз екені айтылып, Астанаға кері қайтарылған. Осыдан кейін ол төрт ай бойы әуежайдың транзиттік аймағында өмір сүруге мәжбүр болды.
Қазақстанның шекара қызметі оны ел аумағына кіргізбей, бұл шешімді ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен түсіндірген.
Мұртазовтың айтуынша, ол бұған дейін Украинадағы соғысқа қатысуға мәжбүр болған. Ол келісімшартқа отбасы мүшелерін қорғау үшін қол қойғанын, ал Ресейге қайтарылған жағдайда өміріне қауіп төнетінін мәлімдеген.
Адвокат Рена Керимованың сөзінше, Мұртазовқа Ресейде әскери қызметтен жалтару бабы бойынша іздеу жарияланған.
Құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекова Қазақстан билігі оны елге кіргізбесе де, үшінші елге шығуына мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл – азаматты қауіпсіз бағытқа жіберуге бағытталған шешім.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта соғыс аймақтарынан қашқан азаматтар Қазақстанды транзиттік ел ретінде жиі пайдаланып, үшінші мемлекеттерден баспана іздеуде.


