Асхат Аймағамбетов білім бюджетін облыстан ауданға қайтаруға қарсылық білдірді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру шығындарын облыстық деңгейден аудандық бюджетке қайтаруды көздейтін нормаға қарсы пікір білдірді. Бұл мәселе Мәжілістің жалпы отырысында «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын талқылау кезінде көтерілді, деп жазады Оinet.kz.

Депутаттың айтуынша, бұл шешім елдегі 4 миллион оқушының болашағына тікелей әсер етеді. Оның пікірінше, мектептерді қайтадан аудан әкімдіктеріне толық бағындыру білім сапасына кері ықпал етуі мүмкін.
Аймағамбетов бұрынғы басқару жүйесінің кемшіліктерін еске салды. Оның сөзінше, аудандық деңгейде мектептердің құжаттары реттелмеген, кейбір білім беру нысандарының жер телімдері жеке меншікке өтіп кеткен жағдайлар да болған. Сонымен қатар бюджет қаржысының басым бөлігі тек жалақы мен коммуналдық төлемдерге жұмсалып, мектептердің дамуына мүмкіндік қалмаған.
Депутат 2021 жылғы реформаның нәтижесінде білім саласында оң өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, қаржыландыру жүйесі реттеліп, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылық азайған. Сондай-ақ бұрын жасырын болған жемқорлық схемалар анықтала бастаған.
Осыған байланысты ол білім беру жүйесін толықтай аудан деңгейіне қайтармауды ұсынып, аралас басқару моделін енгізуді жөн көретінін айтты. Яғни, кадр саясаты, оқу бағдарламалары мен білім мазмұны облыстық деңгейде қалуы тиіс. Ал мектептердің инфрақұрылымы мен шаруашылық шығындарын аудан әкімдіктері басқарғаны дұрыс.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының республикалық форумында жергілікті бюджеттерді тиімді басқару үшін депутаттарды бюджеттік комиссия құрамына қосуды ұсынған болатын.


