Әзімхан ИСАБЕК: Мұхтар Әуезовтың Түркістан өңіріне сапары – терең зерттеуді талап етеді

Oinet.kz 29-04-2026

Есімі күллі қазақ жұртына танымал классик жазушы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстанды аралауының нәтижесінде жазылған «Өскен өркен» романының жалғасын Қаратаудың теріскейіндегі сырлы Созақтан құнды деректермен толықтырғаны белгілі. Бұл сапарда жазушы Түркістан аймағындағы көне қалалар мен ескерткіштерді аралап, халықтың өткен өмірі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті жөнінде деректер жинады. Бұл материалдар оның көркем шығармаларына ғана емес, ғылыми еңбектеріне де негіз болды. Әуезов жергілікті ақын-жыраулармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, халық шығармашылығын тереңірек тануды көздеді. Әсіресе, фольклор үлгілерін жинау, ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді хатқа түсіру – сапардың басты бағыттарының бірі болды. Дегенмен жазушының Түркістан өңіріне жасаған сапарының басқа да беймәлім мотивтері болуы әбден мүмкін. Біз бұл туралы абайтанушы, PhD докторант, жас ғалым Әзімхан Исабектен сұрадық. Және де жас ғалымнан еліміздегі жоғары білім саласының ахуалы қалай болып жатқанын өз аузынан естігендік жөн көрдік.

Screenshot_3.jpg

–  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл ғылым қызметкерлері күні қарсаңында бірнеше жас ғалымға пәтер кілті табысталды. Осындай игі бастама жас ғалымдардың әлеуметтік сұранысын қанағаттандырып, ғылым-біліммен әрмен қарай ереңірек айналысуға мүмкіндік сыйлай ала ма? 

– Жас ғалымдарды моральдық немесе материалдық тұрғыда қолдау ең өзекті мәселе. Өйткені, материалдық қолдау болған жерде ғалымдардың жұмыс істеуге деген қабілеті, мотивациялық ерік-жігері арта түсетіні белгілі. Кез-келген ғалымның емес, кез келген кәсіп иесінің болса да белгілі бір деңгейде мемлекет тарапынан болсын, өзге де бір қолдауларға ие болатын болса оның кәсібінің алға қарыштап, биікке өрлеп, ғылымының тасы өрге домалайтыны жасырын емес. Сол тұрғыда Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдап арнайы мемлекеттік наградалармен марапаттап, баспанасыз жүргендерге арнайы тұрғын үймен қамтып отырғаны бұл шын мәнінде көңіл қуантады. Тек бұл мәселе белгілі бір деңгейде тек қана ғылыми проектілермен ғана айналысып жүрген ғалымдарды ғана емес жалпы өз саласында жетістікке жетіп келе жатқан ғалымдарды қолдау әрмен қарата жалғасатын болса, бұл ғалымдар үшін үлкен абырой болатыны сөзсіз. Бұл нәрсе тоқтап қалмай әрі қарата да әлі де тасада жүрген ғалымдарды, елеусіз болып жүрген жас зерттеушілерді қолдау жалғаса түсу керек қой деп ойлаймын.

 Биыл диссертация қорғап, PhD докторантураны тәмамдайсыз. Әрмен қарай біліміздің жалғастыру ойыңызда бар ма? Ғылыммен айналысу қаншалықты қиын?

– Біздің отандық ғылым және жоғары білім саласы 3 деңгейлі білім беру сатысынан тұрады. Мұны  болондық білім беру жүйесі деп атайды. Төрт жылдық бакалавриат – бұл базалық білім алудың әдісі. Одан әрі магистратурада біліміңізді жалғастырсаңыз – толыққанды жоғары білімді алған болып есептелесіз. Одан әрі ғылым жолына түсемін деген адам – докторантурада білімін жалғастыра алады. Ал шын мәнінде докторантураға түсіп PhD докторлықты қорғап, ғылыми дәреже алу – ғалымдықтың өлшемі ме деген сауал туындауы мүмкін. Бұған екі жақты жауап беруге болады. Біріншіден, бұл ғалымдықтың өлшемі емес. Екіншіден, ғылыми мансапта жетістікке жету үшін қажетті дүние. PhD докторлықты қорғауға қойылатын талаптар жылдан-жылға күшеюде. Күшейіп бара жатқандығы соншалықты, тіпті күрделеніп бара жатыр.  Ал, күрделенген нәрсе ғылымның дамуына себеп бола ма? PhD докторлыққа қорғауға жолдама алу үшін шетелдік Scopus базасындағы ғылыми журналдарда мақаланы ағылшын тілінде жариялау қажет. Ал бұл өте күрделі. Мұнда мақала жариялау тек қажыр-қайратты емес, белгілі бір деңгейде қаржыны да талап етеді. Ал оны қарапайым жас ғалымның қалтасы көтермеуі мүмкін. Және қаржы төлеп жіберген соң, ол бірнеше уақыт өз кезегін күтіп қаралымда жатады. Бұл бірнеше ай, тіпті бірнеше жылға созылады. Дамыған елдерде Скопусқа мақала жариялау – ғалымдардың өз еркіне байланысты екен. Ал біздің тарихымызда шетелдік ғылыми басылымдарға мақала жарияламай-ақ атын тарихқа ойып тұрып жазған ғалымдар жетеді. Түсінуге болады, бәлкім бұл заман талабы шығар. Алайда, қазірдің өзінде мықты шәкірт тәрбиелей алатын әлеуеті жоғары ғалымдар бар. Бірақ олардың шетелдік ғылыми басылымдарға енген мақаласы жоқ. Соның салдарынан олар докторанттарға ғылыми жетекші бола алмайды. Сондықтан да осы мәселелерді әлі де қарастыру керек деп ойлаймын.

Менің ғылым жолыма келуіме бірден-бір себепкер болған – филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Мекемтас Мырзахметұлы. Менің бакалавриаттағы дипломдық жұмысымды оқып: «Біліміңді әрі қарата жетілдіру ойыңда бар ма?» деп сұрады. «Әрине, бар» дедім. «Онда магистратураға түс» деп мені жетелеп, көмек қолын созды. Ол кісі магистрлік диссертация жазғанымда өз бағасын, ақыл-кеңесін беріп отырды. Ол кісі ғылымдағы шырағымды жаққан тұлға деп айтуға болады. Ол кісі өте кішіпейіл. Ешқашан да «мен білемін» деп кеудесін соққан емес. Мекемтас Мырзахметұлы  тек Түркістан облысының жұртшылығы үшін емес, күллі түркі халқына еңбегі сіңген тұлға. Көзі тірісінде ол лайықты бағасын алды деп ойлаймын. Кезінде өзі туып-өскен Түлкібастан сол кездегі аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы үй салып бергенін әлі күнге ұмытпаймыз. Бұл Мекемтас атамызға жасалған үлкен сый, зор құрмет. Ғұлама ақсақалды ұлықтап, дәріптеу әлі де жалғаса түсу керек.

Енді Түркістан өңірінен сол кісінің атындағы ғылыми зерттеу институтын ашуға болады. Өйткені оның артында қалып қалған мұрасы рухани дүниелерінің барлығы – үлкен іргелі институт.

– Сіз тек Абай Құнанбаевты емес, ол туралы роман-эпопея жазып, өміріне терең үңілген Мұхтар Әуезовты да зерттеп келесіз. Әуезов өмірінің соңғы жылдары Оңтүстікке, оның ішінде Түркістан облысына жиі сапар жасаған екен. Бұның қандай құпиясы бар? 

– Мұхтар Әуезовтың Оңтүстікке сапары тақырыбы ұзақ уақыт бойы белгілі бір ретпен, ғылыми жүйемен бірізділікке, ғылыми зерделеуге түспеген еді. Осы оңтүстікке сапары туралы біз арнайы ғылыми жинақты жарыққа шығардық. Бұл кітаптың құндылығы – Мұхтар Әуезовтың арғы ата тегі Түркістан өңірінен бастау алатындығын кеңінен қаузаймыз. Өйткені, оның ұлы Мұрат Әуезов өмірінің соңғы кезеңінде Оңтүстікке бірнеше рет ат басын тіреді. Сонда біз Мұрат ағамыздан: «Неге Мұхтар Әуезов Оңтүстікке 5 мәрте сапар жасады?» деп сұрадық. Бұған Мұрат ағамыз: «Әкем өзінің арғы ата-бабаларының шыққан топырағына тағзым етуге келді» деп жауап берген еді. Біз бұл жауаптың растығына кейіннен зерделеу барысында көз жеткіздік. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы Алланың алдындағы парызын өтеп қайту үшін Меккеге қажылыққа барады. Сол қажылықтан қайтып келе жатқанда Қаратаудың бөктерінен асып өткен екен. Естеліктерде Мұхтардың атасы Әуез қожалармен жолығады. Оның біліміне тәнті болған Құнанбай қажы: «Менің халқым надан. Арам өлген мал көрсе «сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа» деп жей береді. Мен сені шежірелі Шыңғыстауға көшіріп алып кетейін. Жер беремін, сен қазақтың балаларын оқытып сауаттандыр» дейді. Осылайша Құнанбай қажы Әуез қожаны өзімен бірге көшіріп алып кетеді. Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлын осылайша Шығыс Қазақстанда туған. Ол 1961 жылы өзі дүниеден озарында Оңтүстікке арнайы келіп кетеді. Сонда қазіргі «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет атқарған Әділбай Омаровпен жолыққан кезде оған: «Білесің бе Әділбай, менің арғы аталарым осы Түркістан өңірінде мешіт имамының малайы (көмекшісі) болған» деп айтқан екен. Яғни шыққан түбі – Оңтүстіктен, нақтырақ айтсақ Созақ, Шаян өңірлері мен соған жақын аумақтарды мекендегенін біз кітап арқылы дәлелдейміз. Әуезовпен сапар барысында жанында жүрген жазушы-журналистердің естеліктерін жинап, оны нақты жүйеге, бірізділікке түсірдік. Дегенмен, бұл әлі де аздық етеді. Заңғар жазушының Түркістан өңіріне жасаған сапары терең зерттеуді талап етеді. Ашылатын жаңалық көп болуы әбден мүмкін.

– Соңғы жылдары елімізде сапасыз ғалымдар көбейіп кетті деген пікірлер жиі айтылады. Олар өзінің саласын терең білмейді, сұрақ қойсаңыз тосылып қалады дейді. Бұл қаншалықты рас? Ғалымдар даярлап жатқан ЖОО-лар тарапынан қандай кемшіліктер жіберіліп жатыр?

– Ғылымды дамытатын – ғалымдар. Дегенмен мемлекеттік наградаларға ие болған, бірақ өз алдына тұтас бір мектебі қалыптаспаған, ауыз толтырып айтатындай үлкен еңбегі жоқ ғалымдар бар екендігі жасырын емес. Ол қай заманда болмасын, бола береді. Бұндай жағдайда біз шын ғалымды – псевдоғалымнан қалай ажыратамыз десек, еңбегіне қарап ажыратамыз. Ертең сенің артыңда ел іздеп, сұрап жүріп оқитындай дүние қалды ма, мәселе осыда. Белгілі бір әдіске сүйеніп мақаланы да жазуға болады, тіпті диссертацияны да қорғап шығуға болады. Қазақ айтады ғой: «Қалауың тапса қар жанады» деп. Докторантураға стипендия үшін түсетін адамдар бар, мен доктор болдым деп мақтанып жүру үшін қорғайтындар бар. Бұл ғылымға кері әсер ететін нәрсе. Бұл ғылымды өсірмейді, өшіреді. Елдің алдында жүрген, өзінің еңбегімен, шын маңдай терімен жүрген адамдарды мемлекет қолдауы керек. Сондай жандардың ғылымға келуіне жағдай жасау керек. Университеттерде оқытушы ғылымға икемі мен қабілеті бар баланы алыстан танып, оны тартып, баулығаны абзал.

Ал жас ғалым өзі таңдаған тақырыбын жақсы көре білу керек. «Ғылымға, елге қызмет етемін» деген отаншылдық рухани сезім болу қажет. Мекемтас атамыздың сөзі бар: «Адамдар екі топқа бөлінеді: ағып жатқан бұлақты бітейтіндер немесе бітеліп қалған бұлақтың көзін ашатындар. Елдің арасында жүрген, тек ғылымда емес, басқа салаларда өзінің лайықты бағасын ала алмай жүрген мықты азаматтар бар. Мықты технократтар, мықты гуманитарлық саланың мамандары, мықты журналистер, мықты қаламгерлер бар. Белгілі бір дәрежеде көзге түсе алмай, қолдауға ие бола алмай жүрген адамдарды көзге іліп, солардың шырағын жаққан кезде ғана еліміз өсіп-өркендейді деп ойлаймын.

– Қазір білім беру ошақтарында жасанды интеллект арқылы үй жұмысын орындап, тіпті оған курстық, дипломдық жұмыс жазғызатындар көбейгені жиі айтылуда. Бұл білімгерлерді жалқау, үстірт ойлы етпей ме? Бұны шектей аламыз ба?

– Осыған Абай атамыздың сөзімен жауап бергім келіп отыр: «Ұятың, арың оянсын, Бұл сөзімді ойлансын». «Мен істедім» деп жасанды интеллектінің көмегіне жүгінетін болдық. Жасанды интеллект шыққалы бізге көмекші құрал бола ма десек, ол біздің өміріміздің плагиатына айналып кетті. Бұрын «ананы жазып берші, мынаны жазып берші» деп өтініш жасайтындар, қазір әлеуметтік желісінде жасанды интеллектпен бұрқыратып мәтін жазудың майталманына айналып кетіпті. Өз күшімен екі ауыз сөздің басын құрай алмайтындардың бүгінде шешен болып бара жатқанын көріп, кімнің білімді, кімнің сауатсыз екенін екенін ажырата алмайтын деңгейге жеттік.

Мен қазір баспасөз қызметі саласында да жұмыс істеп жатқандықтан, жақында бір кісі сұрақ қойды: «Мақала жазғанда ChatGPT-ды мәтін жазуда қолданасыз ба?» деп. Шындығын айтайын, мен мәтін жазуда жасанды инттелектінің көмегіне жүгінбеймін. Өйткені, оны жиі қолданған адам арқа сүйеп алады, жалқаулыққа үйренеді. Және жасанды интеллект ішкі сезіміңді, жүрегіңдегі дүниені мөлдіретіп жеткізе алмайды. Адам бір сөз жазып, бірер сөйлем ой түртсе де жүрегінен шығу керек. Жасанды интеллектінің аты айтып тұрғандай, оның жазғандары жасанды. Өнер, әдебиет, ғылымда жасанды нәрсемен ешкімді баурай алмайсыз.

Түптеп келгенде, жасанды интеллектке бүкіл жұмысты артып қою – қауіпті құбылыс. Бұл адамды дегредацияға ұшыратады. Бірақ интернет шексіз заманда оған шектеу қоя алмаймыз. Сондықтанда жасанды интеллектіні пайдалануды, ол арқылы мақала жазу, соның көмегімен университетті аяқтау секілді дүниелерді – әркімнің жеке ұятына қалдырамыз.

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

«Министру Альназаровой досталось непростое наследие»
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу