«Жертөлесіне су кіреді екен»: Шымкенттегі «Адия» тұрғын үйіне қатысты дауға ресми өкілдің жауабы
Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы бүгінгі баспасөз конференциясында әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан «Адия» тұрғын үй кешеніне қатысты жағдайға тоқталып өтті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

– Айтпай кетуге болмайтын бір дүние – әлеуметтік желіде жаппай талқыланып жатқан «Адия» тұрғын үй кешеніне байланысты мәселе. Бұл «Адия» тұрғын үй кешеніне тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. «Тұран» шағын ауданында бес қабатты, үш тұрғын үй құрылысын жүргізген. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталып, 26 шілдеде пайдалануға берген. Мердігер компания – «Адия Group Turan» ЖШС, – деген ол бұған дейін аудан әкімдігі мен Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтты.
Ресми өкілдің сөзіне сенсек, бұған дейін аталған тұрғын үйдің сапасына қатысты бірқатар мәселелер туындап, әкімдік оны шешіп беріп жүрген екен.
– Аудан әкімдігі тарапынан, «Қала құрылысын бақылау басқармасының» тарапынан арнайы өкілдер барды. Тұрғындармен жиын өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жалпы, о баста тұрғын үйдің сапасына қатысты біраз мәселелер болған. Әкімдіктің тарапынан аяқталмай қалған кейбір жұмыстар ретке келтірілді былтырғы жылдары. Газ мәселесі «QAZAQGAZ AIMAQ»-қа өткізіліп, құжаттары рәсімделіп толықтай шешілді. Электр жүйелері дұрыс реттелмеген, құжаттары рәсімделмеген болатын. Ол да реттелді біздің тарапымыздан. Жылу жүйесін реттеуге де қолұшын созылды. Барлығы заңдастырылды, – дейді С.Құранбек.
Сонымен қатар, ол тұрғындардың қазіргі талап-шағымдарының негізгі бөлігі кепілдік міндеттемелеріне сәйкес әкімдікке емес, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ құзырында екенін атап өтті:
– Сондай-ақ, жертөлесіне су кіреді екен. Оны да әкімдіктің тарапынан қолұшын создық, көмектестік, шешіп бердік. Ал енді, келесі кезеңдегі тұрғындардың қоятын кінәсінің бәрі «Samruk-Kazyna Construction» АК-ға тиесілі екенін айтқымыз келеді.
23 ақпан күні «Samruk-Kazyna Construction» АК-ның өкілі келді, тұрғындармен кездесті. Осы бойынша ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу олардың тарапынан қарастырылуда. Болашақта бұл мәселемен «Samruk-Kazyna Construction» АК өздері айналысатынын айтты. Біз қысқаша сіздерге ақпарат беріп отырмыз, – деді Сәрсен Абайұлы
Еске салайық, бұған дейін Oinet.kz сайты «Жертөлесіне су толып, қабырғасы үгітіліп жатқан тұрғын үй құласа кім жауапты?» деген тақырыппен бұл мәселені көтерген еді.


