Жертөлесіне су толып, қабырғасы үгітіліп жатқан тұрғын үй құласа кім жауапты?

Oinet.kz 23-02-2026

Шымкент қаласында "Адия" тұрғын үй кешені жетімнің күйін кешіп тұр. Пайдалануға берілгеніне әлі 10 жыл толмаған үйдің жағдайы сын көтермейді. Жертөлесіне су толып, қасбет қабырғалары үгітіліп, көгеріп жатыр. Бірақ оны жөндеуге ешкім құлықты емес деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

MyCollages (4).jpg

"Samruk-Kazyna Construction" АҚ мемлекеттік бағдарлама арқылы салған "Адия" тұрғын үй кешеніне 2018-2019 жылдары қала тұрғындары қоныстана бастады. Ұзақ жылдар баспана азабын тартып жүрген азаматтар бастапқыда құрылыстың сапасыздығын байқамаған, жіті тексермеген. Бірақ қар-жаңбыр жауып, жел тұрған кезде тұрғын үй кешенінің кемшіліктері шыға бастады. Әсіресе жаңбырлы күндері жертөлеге су толып кетеді. Су ағып, сіңіп кететін канализациялық жүйелер дұрыс жүргізілімеген. Соның салдарынан жертөледегі су апталап, айлап кілкіп тұрады. Оның ескірген исі қолқаны қабады. Ал бұл тұрғын үйдің іргетасы мен қабырғасына өте зиян. Егер осылай жалғаса берсе іргетас  мүжіліп, қабырғалар зәктеніп құлап кету қаупі жоғары. 

Және де жаңбырлы күндері тек жертөле емес, үйдің алды да көл болып жатады. Балалар судан аттап, секіріп жүруге мәжбүр. 

"Адия" тұрғыны Абдулла Сәрсенбаевтың айтуынша, үйді салған "Samruk-Kazyna Construction" АҚ өз міндетін дұрыс атқармай отыр. Келісім-шарт бойынша олар 13 жыл бойына кепілдік берген. Бірақ ол жай сөз жүзінде болып тұр:  

- Үйдің шатырлары ұшып жатыр. Сол кезде «Самұрық Қазынадан» келген адамдар мәселенің бәрін реттейміз деп айтқан болатын. Сол күйі кеткендеріне қанша жыл болды әлі жоқ. Ертең кепілдік мерзімі өтіп кеткеннен кейін үйімізге кім жауап береді? Қазір біз қазір әкімшіліктің балансына өте алмаймыз. Келісім-шартта біздің тұрғын үй 13 жылға дейін «Самұрық Қазынаға» қарайды. Осы уақыт біткен соң ғана әкімшілік балансына өте алады екенбіз. Бірақ олар өз міндеттерін орындамай отыр. Қазір біз тұрғын үйге қатысты нәрсенің бәрін «Самұрық Қазынаның» рұқсатымен істейміз. Мысалы кондиционер орнатсақ та, балконды жөндеуден өткізетін болсақ та, үйімізге адам тіркейтін болсақ та, яғни барлық ұсақ-түйекті істеу үшін «Самұрық Қазынадан» рұқсат алуымыз керек, әйтпесе болмайды. 

Үйді алғалы бері түрлі ақаулар шығып жатыр. Бірақ оны дұрыстап жөндеп беріп жатқан жоқ. Сосын амал жоқ, өз қалтамыздан ақша шығарып кем-кетіктерді жамаймыз. Егер өзіміз жамамасақ үй адам көргісіз сұрықсыз кейіпке түседі, - дейді ашынған тұрғын. 

Үйдің ауласына жиналған тұрғындар үйдің әкімшілік балансына өткенін қалайды. Сонда ғана әкімдік үйге қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Немесе әкімдік "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-дан заң шеңберінде үйге қажетті жұмыстарды жүргізуді талап еткенін күтеді. Әзірге одан ешқандай нәтиже болмай тұр. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram


Публикация от Ойнет порталы (@oinet.news)

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – СЕНІМ МЕН ДАМУДЫҢ ЖАҢА АРХИТЕКТУРАСЫ
«Жігіттердің дәретханасын тазалауға мәжбүрлеген»: Түркістандағы колледж жатақханасында дау шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу