«Жігіттердің дәретханасын тазалауға мәжбүрлеген»: Түркістандағы колледж жатақханасында дау шықты
Түркістан облысындағы колледж жатақханасында студент қыздарды жігіттердің бөлмесін тазалауға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы білім басқармасына қарасты көпсалалы индустриалды-техникалық колледж жатақханасында тұратын студент қыздарға жатақхана қызметкері тарапынан қысым жасалды деген видео тарады. Бейнежазбада қыздар студент жігіттердің бөлмесін тазалаудан бас тартып, жатақхана қызметкерлерімен дауласып жатқанын көруге болады.
Студенттердің айтуынша, оларды ер балалар тұратын бөлмелерді жинауға, еден жуып, дәретханаларды тазалауға мәжбүрлеген. Бас тартқан жағдайда жатақханадан шығару немесе жуынатын орынды пайдалануға шектеумен қорқытқанын айтады.
Ал Түркістан облысының білім басқармасы жағдайды түсінбеушілікпен байланыстырып, тексеру нәтижесі бойынша жауаптыларға құқықтық баға берілетінін айтты.
«Колледжде 1072 студент оқиды, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылғы 23–25 ақпанда өтетін облыстық спартакиадаға байланысты қатысушыларды уақытша орналастыру қажет болды. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері бос бөлмелерді ретке келтіруге студенттерден ауызша көмек сұраған. Ер балалар уақытша болмағандықтан өтініш қыздарға айтылған. Соның салдарынан кейбір білім алушылар арасында түсінбеушілік туындады. Білім басқармасы студенттердің құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді, ішкі бақылауды күшейту бойынша қосымша шара қабылданды. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады», - деп жауап берді білім басқарамасы.


