Жиембай Пірәлиев: Балам бәрін ішіне жұтып кетті

Oinet.kz 21-08-2025 52

Кеше Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың өміріне қастандық жасаған Ернар Жиембайды 9 жылға бас бостандығынын айыруға үкім шығарды. 

1000463742.jpg

Оқиға биыл 21 сәуірде түнгі уақытта болған. Аңшы мылтығымен әкім орынбасарын үш рет (Берденовтың сотта айтқан сөзіне қарағанда 4 рет)  бытыра оғымен ауыр жаралаған Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталды. Ол Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-інің директоры қызметін атқарған. Ал құрылыс саласына Берденовтың бақылау жасағаны белгілі. Айыптау қорытындысы бойынша оқиғаға Жиембай мен Берденов екеуінің арасында жұмысқа қатысты туындаған келіспеушілік себеп болған.  Жиембайдың айтуынша келіспеушілікке Берденовтың қызмет барысындағы дөрекілігі, жеке басқа, намысына тиіскені себеп болған. Алайда Берденов сот барысында қызметтік этиканы бұзғанын мойындаған жоқ. 

Сот үкімінен кейін сотталушы Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пірәлиев журналистерге алғаш рет сұхбат берді. Оның айтуынша, ұлы Е.Жиембайдың Р.Берденовты өлтіру ниеті болмаған. Сондықтан істі Қылмыстық кодекстің 106--денеге қасақана ауыр зиян келтіру бабына ауыстыруды сұранған. Бірақ сот оны қанағаттандырмаған. Бұл оқиғаның туындауына Берденовтың қызмет барысындағы тәккаппарлығы себеп болған. Шектен шықықан ол тіпті Ернарды жағасынан алуға дейін барған көрінеді. 

--Берденов шекарадан өтіп кетті. Келініме лайк басып, тағы басқа да әрекеттер бар... Отбасын сақтап қалу үшін балам бәрін ішіне жұтып кетті,--деді Ж.Пірәлиев. Ернар Жиембай ішіне не жұтып кетті? Ж.Пірәлиев өзінің жұмбақтап бастаған сөзін одан әрі өрбіткісі келмеді.  

Ж.Пірәлиев «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-інде 3,5 млрд теңге жымқырылды» деген ақпараттың негізсіз екендігін атап өтті. Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін жәбірленуші тараппен мәмілеге келмек болған. Бұл келісім Берденов ауруханада жатқан кезде жасалған. Сол жерде «Республика» партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау да болған. Берденовтың талап етуімен алдымен Ж.Пірәлиев, одан кейін Ернардың жұбайы әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жариялаған. Алайда Берденов кешірім бермеген. Бұдан кейін Ернардың анасы Президентке арыз жазған. Жәбірленуші жақ арызды алса, кешірім береміз деген. Тағы бір жолы Пірәлиевтің онкологиялық ауруымен сырқаттанатынын алға тартып, сол үшін кешірім бермек  болыпты. Бірақ бұл уәделер орындалмаған. Сотқа онлайн қатысқан Берденов Ернар Жиембайды кешірмейтінін мәлім етті.

 Сотталушы тарап үкімге апелляциялық арыз бере ме жоқ, па оны әлі шешпеген. Пірәлиев адвокатпен ақылдасатынын айтты.

Ернар Жиембай 9 жылға сотталды
Хасан Қасымбаевқа қандай айып тағылды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу