«Осы жер адам өлмей жабылмайды деп ойлап ек»: Шымкентте 6 жасар бала кәрізге құлап мерт болды
Шымкентте көпқабатты тұрғын үй ауласындағы кәріз суына 6 жастағы бала құлап, мерт болды, деп хабарлайды Oinetk.kz тілшісі.
Марқұм Айдын Сәуірбайдың жақындары бәріне әкімдікті кіналайды. Өйткені ойын баласы бір жыл бұрын жауаптылар жөндейміз деп қазып кеткен жерге құлаған. Содан бері не жөнделмеген, не қоршалмаған шұңқырға үйлерден шыққан лас су жиналып, соңында ажал апанына айналды.
Марқұм бүлдіршіннің әжесі Ұлтуар Бегалиева апта бұрын асыр салып жүрген немересін күні кеше жер қойнына тапсырып, бүгін өлімін растайтын құжатын қолына алды. Тұран-2 шағын ауданындағы көше былтыр қазылып, содан бері қараусыз қалған. Тұрғындардың айтуынша бұл жерге бір емес бірнеше бала батып кете жаздап аман қалыпты.
"Балалардың барлығы қызық көріп келеді. Тау-тас деп. Ойнап жүріп түсіп кеткен 8 жасар бала. Суға түсіп, құдай сақтағанда аман шықты судан. Ата-анасы қанша ұрысқанымен айналып келіп қызық көріп жүреді балалар. КНС үнемі обратка береді. Қанша рет айтылды. Осы мәселе шешіп берсе, осы жағдай болмаса екен деп тілеп, өтініш хаттар жазылды, қоңыраулар шалынды. Ешқандай нәтиже жоқ”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айдана.
Әдетте ағасы мен қарындасынан ажырамайтын Айдын дәл сол күні бір өзі ойнап кеткен дейді анасы. Үйін жинап болған бірден балаларын шақырады. Бірақ, ортаншы перзенті сол күйі оралмады.
"Ылаң уақытында екі-үш рет барып қайттым өз басым. Бір рет Жарқынайды жетектеп сол жақты қарап қайттым. Ештеңе жоқ болған. Екінші рет те, үшінші рет те түнге жақын барып көрдім. Ол кезде де шықпады. Түннің бір уағында мені ертіп алып кетті ол жерден. Сол кезде табылған екен. Уже судың бетіне қалқып шыққан екен. Өзіміз де ойлап едік осы жер бір адам өлмей жабылмайтын болды деп. Менің балам болатынын қайдан білейін. Балам-ай”, – дейді марқұмның анасы Маржан Асқар.
Арада екі күн өткенде аудан әкімдігі мен басқарма өкілдері қара жамылған отбасына көңіл айтып келген. Жалғызбасты ананың бар талабы ажал апанын қоршап, көзін құрту. Бір жылдан бері тұрғындар арызын елемей келген шенеуніктер бала өлімінен кейін бір-ақ іске кірісті.
"Техникамыз келе жатыр. Бүкіл суды мына жердегі тартып алады. Одан кейін трубаны тексереді. Қандай жағдайы? Тесіліп тұрған жоқ па? Тесіліп тұр ма көреді. Тесіліп тұрса бәрінің жқмысын жамап үстін көміп тастаймыз”, – энергетика басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Асқар Әшіров.
Әкімдік өкілдері жұмысты бір апта ішінде аяқтауға уәде берді. Ал, әу баста бұл жолды жасауы керек болған мердігер компаниялардың үстінен қазір іс қозғалып, сот алдында жауапқа тартылып жатыр екен.