Тарихи-сакралды саяхат Шымкенттен басталады
«Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Туристік креативті қала қалыптастыру жөніндегі бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылады. Қала аумағындағы ежелгі Сайрам тұрғын алабы – сопылық ілімнің негізін қалаушы Қ.Ясауидің туған жері, сондай-ақ мұнда оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың кесенелері орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи-сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алады».
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов үшінші мегаполисте туризм күніне байланысты өткен жиында осылай деген болатын.
Тарихшылардың зерттеуінше, Сайрамның бір кездері зорастраизмның, шаманизмның орталығы болғаны туралы мәліметтер көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрамның іргесіндегі қырғы мазардан ескі ғибадатхана табылды. Кездейсоқ аршылған тарихи орын бір кездері күнге табынушылардың құлышылық үйі болғанға ұқсайды. Бұдан 2600-2700 жылдар бұрын Сайрамның төңірегінде мекендеген халықтар осындағы Мәртөбеге жиналып, діни рәсімдерін атқарған. Бұл рәсім мамыр айының екінші онкүндігінде өткен. «Мамырда Мәртөбеге кел» деген сөздің астары осы дәстүрмен байланысты болса керек. Бертінде қазақ хандығының тұсында хандардың, сұлтандардың, билердің көктемде Мәртөбеге жиналып кеңес құруы осы дәстүрмен байланысты сияқты.
- Өз тарихында талай мәдениеттер мен өркениеттерді бастан өткерген Сайрам бірнеше мәрте шапқыншылыққа ұшырады. Араб тарихшылары монғол шапқыншылығы кезінде қалада адам сүйектерінің кірпіш секілді қаланып жатқанын баяндайды. Сайрамды әсіресе, жоңғар шапқыншылығы қатты қиратты. Жоңғарлар қалаға алғаш рет 1681 жылы шабуыл жасап, бірақ оны ала алмаған. Екінші шапқыншылық «Ақтабан шұбырынды, Алакөл шұбырынды» жылдарында болды. Жоңғарлар қаланы түгелдей талап-тонап, еңбекке жарамды қыз-жігіттерді айдап алып кеткен. Тарихи деректер осы сұмдық кезінде қала тұрғындарының 40 мыңнан 6 мыңға дейін кемігенін жазады. Құлдыққа түскен сайрамдықтар көптеген елдерге босып кетті. Бүгінде Түркіменстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда «Сайрам» деген жер атауларының кездесуі осы аласапыран кезінде бас сауғалап қашқан сайрамдықтардың кейінгі тағдырымен байланысты болса керек,--дейді ғалым. 1810 жылдары болған қоқан шапқыншылығы, 1864 жылғы орыс отаршылдығы да Сайрамның аса қайғылы парақтарының бірі болып табылады.