«Прокуратура жалған мәлімет таратты» Алмасбек Садырбайдың соты басталды
Қонаев қаласында кәсіпкер әрі белсенді Алмасбек Садырбайға қатысты сот процесі басталды. Алғашқы сот отырысы 9 сәуірде өткен. Оның өзі сотқа жеткізілмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Адвокат Анар Құсайынованың айтуынша, ол бірнеше өтінішхат түсірген. Онда ол істі Талдықорған қаласының сотына беруді және Садырбайды қамаудан босатуды сұраған.
Алмасбек Садырбай бір жарым жылдан бері қамауда отыр. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, алаяқтық жасады және ақша жымқырды деген айыптар тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, 2021–2024 жылдар аралығында Садырбай басқа адамдармен бірге жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде субсидияны заңсыз иеленген.
Алмасбек Садырбайдың өзі кінәсін мойындамайды. Бұған дейін ол билікке жүгініп, бұл істің өзінің қоғамдық қызметімен және фермерлерді қорғау әрекеттерімен байланысты екенін айтқан.
– Мен қамауға алынғаннан кейін Алматы облысының прокуратурасы БАҚ арқылы менің Алматы қаласында алты элиталық пәтерім тәркіленді деген жалған ақпарат таратты. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен әділдік сұраймын. Мен кешірім емес, тек шындыққа деген құқығымды талап етемін, – деген еді ол.
Алмасбек Садырбай – фермер және азаматтық белсенді. Ол «Шаңырақ» бірлестігін және Shopan-ata қой өсірушілер қауымдастығын басқарған. 2024 жылдың қараша айында ұсталған.


