Мәжіліс 1 шілдеде таратылады
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Мәжілістің қазіргі құрамы биылғы 1 шілдеге дейін жұмысын жалғастырады. Бұдан кейін Парламент таратылып, Мемлекет басшысы жаңа сайлау тағайындау туралы Жарлыққа қол қояды. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Талдау» саяси жобасында саясаттанушы Ғазиз Әбішев мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, 2023 жылдың наурызында сайланған депутаттар осы уақыт аралығында ауқымды заң жобаларын қарап үлгерген. Мәселен мемлекеттік органдарға 1,5 мыңнан астам депутаттық сауал жолданып, оған 1,7 мыңнан астам жауап алынған.
– Депутаттардың сауалдары ел экономикасы мен сыртқы саясаттан бастап, құқықтық тәртіп пен басқа да маңызды салаларды қамтыды. Сонымен қатар Парламент қоғамда үлкен талқылау тудырған бірқатар заңды әзірлеп, қабылдады, – деді бағдарлама жүргізушісі.
Ең маңызды құжаттардың бірі – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң. Президент бұл құжатқа 2023 жылғы 12 шілдеде қол қойды. Бұл заң «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі құралына айналды.
2026 жылдың наурыз айындағы дерек бойынша, мемлекетке 1 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Оның ішінде қолма-қол ақшамен қатар жылжымайтын мүлік пен жер телімдері де бар.
– Активтерді қайтару туралы заң өткен онжылдықтардағы күмәнді істерді ретке келтіруге мүмкіндік берді. Шындығына келгенде, бұның барлығы заңсыз жолмен табылған мүлікке қатысты әділдікті орнату деген сөз, – деп атап өтті сарапшы.
Әлеуметтік маңызы бар бастамалардың қатарында 2024 жылы қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң бар. Құжат ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қайтадан қылмыстық салаға жатқызып, зардап шеккендерді қорғау күшейтілді.
Сонымен қатар адамды некеге тұруға мәжбүрлеуге қарсы заң қабылданды. Енді қыз алып қашу немесе бопсалау арқылы некеге итермелеу үшін қылмыстық жаза қарастырылған.
– Бұл екі заң бұрын назардан тыс қалып келген жағымсыз әлеуметтік құбылыстарға тосқауыл қойды. Мемлекет азаматтардың құқығын қорғау мәселесінде өз ұстанымын білдірді, – делінген бағдарламада.
2024 жылы құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң қабылданып, ойынға қатысу жасы 21-ге дейін көтерілді.
Ал 2025 жылы қабылданған жаңа Салық кодексі биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл құжат мұнай табысы азайған тұста ел экономикасын тұрақтандыру үшін қажет болған.


