Мәслихат сайлауы қашан өтеді? Сұрақ көп, нақты жауап жоқ

Oinet.kz 22-04-2026

Screenshot_5.png

Биылғы жаз Қазақстанның саяси өмірінде маңызды өзгерістер кезеңі болғалы тұр. 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енеді. Осыдан кейін екі айдың ішінде бір палаталы Парламент – Құрылтай жасақталады. Жуырда Ақордада өткен жиында Президент оның мерзімін де жария етті.

– Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сарапшылардың пікірінше, сайлау 23 тамызда өтуі мүмкін.

Алайда қоғамда әлі де бірқатар маңызды сұрақтар жауапсыз қалып отыр. Соның бастысы – мәслихат сайлауы қашан өтеді? Ол Парламент сайлауымен қатар ұйымдастырыла ма, әлде жергілікті деңгейдегі депутаттар өз өкілеттік мерзімі аяқталғанша жұмысын жалғастыра бере ме?

Сонымен қатар облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар қандай жүйемен сайланады? Бұрынғыдай аралас (50/50) жүйе сақтала ма, әлде толықтай мажоритарлық жүйеге көше ме?

Мемлекет басшысы жоғарыда аталған жиында: «Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады», – деп атап өтті.

Осы «қайта құру» мәслихаттарға да қатысты ма? Егер қатысты болса, ол қалай жүзеге асады? Бұл мәселелерге қатысты нақты түсініктеме әзірге берілген жоқ.

Жалпы, елімізде мәслихаттар 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқы сайлау 1994 жылдың наурызында Жоғарғы Кеңеспен бірге өткен екен. Кейінгі сайлаулар 1999 жылдың қазанында, 2003 жылдың қыркүйегінде, 2007 жылдың тамызында, 2012 жылдың қаңтарында, 2016 жылдың наурызында, 2021 жылдың қаңтарында және 2023 жылдың наурызында ұйымдастырылды. Осылардың ішінде тек 2003 жылы ғана мәслихат сайлауы Парламент сайлауынан бөлек өтті. Қалған барлық науқандарда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары бірге сайланған.

Бұл тәжірибенің негізгі себебі түсінікті – қаржы мен уақытты үнемдеу. Осы тұрғыдан алғанда, биыл да Парламент пен мәслихат сайлауы бірге өтуі ықтимал. Оның үстіне Конституцияға сәйкес, келесі мәслихат сайлауы 2027 жылдың соңы, ары барғанда 2028 жылдың басында өтеді. Яғни, қазіргі депутаттардың өкілеттік мерзімінің аяқталуына шамамен бір жарым жыл ғана қалды. Бар-жоғы бір жарым жылдан кейін қайта сайлау өткізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, әрине.

Бірақ қазіргі жағдайда, яғни биліктің барлық деңгейін «қайта құру» үдерісі жүріп жатқан кезде, нақты болжам жасау қиын. Сарапшылар бұл туралы не дейді?

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, бұл жолы Құрылтай мен мәслихат сайлауы бөлек өтуі мүмкін.

– Жаңа Конституцияда мәслихаттар өздері сайланған мерзімнің соңына дейін, яғни 2028 жылдың наурызына дейін өкілеттігін сақтайтыны көрсетілген. Президент те тамыз айына жоспарланған Парламент сайлауын жариялағанда мәслихаттар туралы айтқан жоқ. Жалпы, конституциялық реформа аясында мәслихаттар мен аудан әкімдері мәселесі негізгі басымдықтардың бірі болған жоқ. Дегенмен бұл тақырып алдағы уақытта заңнамалық түзетулерді талқылау барысында көтерілуі мүмкін. Немесе мәселе жаңа Құрылтай қарауына қалдырылуы ықтимал. Әзірге мәслихаттардың ІX шақырылым сайлауы бөлек өтеді деп болжауға болады, – дейді сарапшы.

Саясаттанушы сайлау жүйесіне қатысты да өз болжамын білдіріпті:

– Қазіргі таңда нақты жүйе белгісіз. Президент мәслихат төрағаларына екі мерзімдік шектеу енгізілетінін айтты, сондай-ақ мажоритарлық жүйе сақталатынын мәлімдеді. Демек, екі нұсқа бар: не аралас жүйе сақталады, не толық мажоритарлық модельге көшу жүзеге асады, – дейді ол.

Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, кей елдерде Парламент пен жергілікті өкілді органдардың сайлауы бір күнде өтсе, енді бірінде бөлек ұйымдастырылады. Мысалы, Өзбекстанда Парламент және жергілікті кеңестер (кенгаштар) сайлауы бірге өткізіледі. Соңғы сайлау 2024 жылғы 27 қазанда бір күнде өткен. Ресейде «Бірыңғай дауыс беру күні» ұғымы бар: егер Мемлекеттік Дума мен аймақтық немесе жергілікті сайлаулардың мерзімі сәйкес келсе, олар бірге өткізіледі. 2026 жылдың қыркүйегінде осындай біріктірілген сайлау жоспарланған. Ал Қырғызстанда сайлаулар көбіне бөлек өтеді, өйткені жергілікті кеңестер мен парламенттің өкілеттік мерзімдері әртүрлі. Дегенмен заң бойынша оларды бір күнге біріктіруге мүмкіндік бар.

 Жаңа Конституцияның 88-бабына сәйкес мәслихаттың өкілеттігін  Президент Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациядан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ оның өкілеттігі мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылады. Алайда Президенттің бұған қатысты ешқандай пікір білдірмеуі мәслихат сайлауының биыл өтпейтінін аңғартады. Сонда ол қашан өтеді?

Сарапшылардың бір бөлігі Мемлекет басшысы алдымен Құрылтай сайлауын өткізіп, кейін жергілікті өкілді органдарды жаңарту сценарийін жүргізуі ықтимал деп санайды. Яғни билік алдымен Парламентті қалыптастырып, содан кейін өңірлік саяси жүйені реттеуге кіріседі деген сөз.

Президент жуырда барлық деңгейдегі  депутаттармен кездесуде мәслихаттың рөлін күшейту қажеттігін атап өткен болатын. Ал оның алдында аудан әкімдерін тікелей сайлау тоқтатылғаны белгілі. Бұл бекер емес.

Кейбір сарапшылар, соның ішінде саясаткер Берік Әбдіғалиұлы, елде соңғы жылдары электоралдық белсенділік тым жоғары болғанын айтады. Мыңдаған ауыл әкімдері сайланып, бірнеше ірі саяси науқандар өткен. Бұл саяси мәдениетті нығайтқанымен, халық арасында «сайлаудан шаршау» құбылысын туындатқан.

Оның айтуынша, аудан әкімдерін тікелей сайлау күткен нәтижені бермеген. Мысалы, биыл алты аудан мен бір қала әкімін сайлауға шамамен 1 миллиард теңге жұмсалғанымен, әкімдіктер жұмысының тиімділігі айтарлықтай артпаған. Осыған байланысты ол аудан әкімдерін мәслихат депутаттары арқылы сайлау жүйесін ұсынып отыр.

Бұл пікірлер биліктің мәслихаттарға қатысты реформаны кейінге қалдырып, кезекті сайлауды 2028 жылға дейін созуы мүмкін екенін, дәлірегі Парламенттік реформаны мәслихаттық реформамен жалғастыратынын көрсетеді. Дегенмен нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Ол шешімді кім қабылдайтыны айтпасақ та белгілі.

P.S. Жалпы алғанда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында мәслихат сайлауы барлық уақытта қызу, айтыс-тарыс, дау-дамаймен өткен. Сайлау науқаны басталмай-ақ жатып үміткерлер арасында бәсеке күшейеді. Дода қолайсыз кандидаттарды аяқтан шалу, болмашы себептермен жарыс жолынан тайдыру, сайлауға өзара келісіп түсу, бір-біріне жол беру сияқты көріністерге үйренгенбіз.  Халық үшін ең маңыздысы – сайлаудың қашан өтетіні емес, оның қалай өтетіні ғой. Алдағы сайлаулар қаншалықты деңгейде әділ өтеді?

Бәрін уақыттың төрелігіне тапсырдық.

«Рейтинг» газеті, 22 сәуір 2026 жыл.


«Түркі әлемінен бір дәуір кетті». Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты
Мәслихаттар жұмысы енді тікелей эфирде көрсетіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу