«Түркі әлемінен бір дәуір кетті». Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты

Oinet.kz 21-04-2026

Қырғызстанның президенті Садыр Жапаров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақтың көрнекті ақыны әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Қырғызстан басшысы қаралы хабарды терең қайғымен қабылдағанын айтып, Мұхтар Шахановты тек қазақ халқының ғана емес, қырғыз жұртының да рухани тірегі болған тұлға ретінде бағалады. Оның сөзінше, ақынның дүниеден өтуі – екі халық үшін де орны толмас қаза.

"Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, қалың қырғыз елінің де ақсақалы, сүйенер тірегі еді. Демек, қырғыз жұртшылығы тағы бір асқар тауынан, тағы бір рухани тірегінен айырылып, еңсесі түсіп, жүрегі қан жылап тұрған сәт. Мұндай алып тұлғалардың бақилық болуы жайлы халқымызда "білгенге тұтас бір дәуір кетті" дейді. Шынында да Мұхтар ағаның дүниеден өтуімен бүкіл түркі әлемінен бір дәуір кетті..." – деді Садыр Жапаров.  

Жеделхатта Мұхтар Шахановтың әділдік жолындағы батыл ұстанымы мен қайсар мінезі ерекше атап өтілген. Садыр Жапаров ақынның кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да шындықты тайсалмай айтып, ел тағдырына бейжай қарамағанын жеткізді.

Сондай-ақ ол Желтоқсан оқиғасы кезінде білдірген азаматтық ұстанымын және қудалауға қарамастан мойымаған қайраткерлігін еске алды. Бұдан бөлек, ақынның Шыңғыс Айтматовпен достығы қазақ-қырғыз арасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал еткені айтылды.

"Қазақ халқының әділдік үшін басын бәйгеге тігетін қайсар мінезін бойына сіңірген Мұхтар аға кеңестік кезеңде де, кейін де Отан тағдыры үшін шындықты тайсалмай айтқан тұлға еді. Қудалауға ұшыраса да мойымаған, "Желтоқсан" оқиғасына қатысты пікірін ашық білдіргені есімізде. Қазақ пен қырғызға бірдей жанашыр болған оның ақындық әрі азаматтық үні тау мен даланың жаңғырығындай естілетін. Әсіресе, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен достығы екі халықтың бауырластығын нығайтуға зор үлес қосты",- деді.

Садыр Жапаров жеделхат соңында қазақ халқына және ақынның жақындарына көңіл айтып, сабыр тіледі.

"Қадірлі қазақ бауырлар, бүгін осындай талантты, елін сүйген ұлын жоғалтқан қазақ ағайындарға және ақынның жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бекем болыңыздар, қайғыға берілмеңіздер!" – делінген президент Садыр Жапаровтың жеделхатында.

Шавкат Мирзиёев Орталық Азия наркологтарының қауымдастығын құруды ұсынды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу