Еңбек министрі 1 млн. 200 мың теңге жалақы алатынын жасырмады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев депутаттардың жалақысын арттыру туралы ұсыныстар түспегенін және бұл мәселе талқыланбағанын айтты.

Журналистер министрден депутаттардың жалақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатыр ма деп сұрады.
“Мұндай өтініш түскен жоқ. Бұл мәселе талқыланған жоқ”, – деді Ертаев.
Үкіметтегі брифингте журналистер министрдің өз табысы туралы да сұрады. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, оның ай сайын алатын жалақысы шамамен 1,2 миллион теңге.
Министр бұл қаражат отбасының қажеттілігін қамтамасыз етуге жететінін айтты.
“Иә, жетеді. Менің төрт балам және жұбайым бар. Екі балам есейген, өз күндерін өздері көріп жатыр. Несиелерім де бар. Соған қарамастан, жалақым отбасымды қамтамасыз етуге жетеді”, – деді министр.


