Мәслихаттар жұмысы енді тікелей эфирде көрсетіледі
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарастырып жатыр. Құжат мәслихаттар қызметінің ашықтығын күшейтуге бағытталған.

Заң жобасын таныстыру барысында депутат Айтуар Қошмамбетов әріптесі Юлия Смышляеваға сауал жолдап, бастаманың негізгі мақсаты – мәслихаттардың жұмысын қоғам үшін барынша ашық ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, депутаттардың қандай мәселелер көтеретіні, қандай сауалдар жолдайтыны және қандай проблемаларды талқылайтыны жұртшылыққа анық көрінуі тиіс.
Жауап ретінде заң жобасында ашықтықты арттыруға бағытталған нақты тетіктер қарастырылғаны айтылды. Атап айтқанда, мәслихат отырыстарын міндетті түрде онлайн трансляциялау және депутаттық сауалдарды жария түрде орналастыру ұсынылып отыр. Бұл бастамалар қоғам тарапынан туындаған сұранысқа жауап береді.
Сонымен қатар құжат мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтуді көздейді. Олардың бюджеттік комиссиялардағы рөлін күшейту, бюджетке өзгерістер енгізуді бастамалау мүмкіндігін беру және тұрғындардың, әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өтініштерімен жұмысты жандандыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде депутаттардың ықпалын арттырып, қызметін нәтижелі етуге тиіс.
Заң жобасында мәслихаттар жұмысының негізгі функцияларын цифрландыру мәселесі де қамтылған. Қандай техникалық шешімдер қолданылатыны конкурс арқылы анықталады. Сонымен бірге толық цифрлық форматқа көшірілуі қажет функциялардың нақты тізімі белгіленбек.


