Қызылордада 10 жыл бойы бюджет қаражатын жымқырған бухгалтерге қатысты үкім шықты
Қызылорда облысында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің бюджет қаражатын ұзақ жылдар бойы жымқыру дерегі анықталды. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, ауылдық клубтың бухгалтері мен мекеме директоры қызметтік өкілеттігін пайдаланып, шамамен 10 жыл бойы бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Олар қаржыны қызметкерлердің жалақысын артық аудару арқылы шығарып, кейін түрлі сылтаумен (есептеу қатесі, шоттың бұғатталуы және басқа да себептер) кері қайтарып отырған. Көптеген қызметкер бұл заңсыз әрекеттерден бейхабар болған.
Жалпы жымқырылған қаражат көлемі 36 миллион теңгені құрады. Сот үкімімен айыпталушылар 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бухгалтерге қатысты 2025 жылғы 23 маусымда қабылданған рақымшылық туралы заң қолданылып, жаза мерзімі 1/3-ке қысқартылып, 4 жыл 8 ай болып белгіленген.
Алайда сот актілерінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық нормаларының дұрыс қолданылмағаны анықталды. Атап айтқанда, бұл санаттағы істерге заңның өзге емес, арнайы нормасы қолданылуы тиіс болған.
Бас прокуратураның наразылығынан кейін Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық сатының шешімін өзгертіп, бухгалтердің жаза мерзімін 5 жыл 7 айға дейін ұлғайтты.


