Полицейлер мейрамханадан 70 келі ет ұрлаған күдіктіні ұстады
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі мейрамханасының асханасында тұрған 70 келі ет өнімдерін белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленуші ер адамға келген шығын көлемі 150 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама бойынша тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп жетті. Олар ұрлыққа қатысы бар күдіктіні анықтау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты.
Нәтижесінде күдікті ретінде Кентау қаласының тұрғыны, бұрын сотты болған жас жігіт анықталды. Белгілі болғандай күдікті ер адам сол мейрамханада жұмыс жасаған. Сезікті күзетшінің болмағандығын пайдаланып, сағат 04:00 шамасында ұрлыққа түскен. Ол ұрлаған етті, танысының үйінде жасырған. Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде етті тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін ғимараттарға, дүкендерге, тұрғын үйлерге, мейрамханаларға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі