Миллионның мұңы. Депуттар не дейді?

Oinet.kz 04-09-2008 1081

08-1200x630.jpg

Мақта – біздің бидайдан кейін экспортқа шығаратын өніміміз. Астықтан таза 500 миллион АҚШ долларындай пайда алсақ, мақтадан 250-300 миллион доллардай кіріс түседі екен. Жер жүзінде 66 мемлекет мақта өндірумен айналысса, Қазақстан «ақ алтын» алқабының көлемі жағынан 25-ші орында. Австралия гектар байлығын 54,3 центнерге жеткізсе, оңтүстікте  әр гектардан өнім жинау көрсеткіші орта есеппен осының жартысына да жетпей отыр. Оңтүстік өңірі – елімізде мақта өндірумен айналысатын бірден бір әрі бірегей аймақ. Агросекторда тіркелген 70 мыңдай шаруа қожалығының 50 мыңдайы өздерінің нәпақасын мақтадан айырумен күн кешіп келеді. Облыс бойынша 1 миллионнан астам тұрғын тұратын 7 ауданда мақта өсіріледі. Міне осы миллионның мұңы туралы мақта шаруашылығымен шұғылданып жүрген депутаттар не дейтініне тоқталайық: 

Сәду Бекенов, Мақтаарал ауданындағы «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты: 

Биыл 1 гектар қозалық алқапқа (шит себіліп, өскін көктеп шыққаннан кейін оны қоза дейді) 6 мың теңгеден субсидия бөлінді... Бұл мақта өндіруге кеткен шығынның ширегіне де татымайды. Ал 1 гектар бақша (қауын-қарбыз) алқабына 12 мың теңгеден, ал 1 гектар қант қызылшасына 50 мың теңгеден субсидия төленді. Х.Азимов,  «Тұран» шаруа қожалығының төрағасы, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты: Биыл минеральды тыңайтқыш 38 пайыз, шитті тұқым 25 пайыз қымбаттап кетсе, агротехникалық талаптар қайдан сақталсын? Өнім өндіру азайып, мақта талшығының сапасы нашарламағанда қайтсін? Шитті  мақтаға мемлекет тарапынан тапсырыс жоқ. Бұған ағын судың тапшылығы мен ауа-райының құрғақшылығын қосыңыз.

Т. Қанаев, «Шата» шаруа қожалығының төрағасы, Шардара аудандық мәслихатының депутаты

«Мақта туралы» заң талаптарының толық сақталмауы диқандарды қатты алаңдатуда. Заңда атап көрсетілген көптеген жеңілдіктер орындалмайды. Мысалы, мақта қолхаты, уақытша өкілет, тәуелсіз сараптама мәселесі әлі де өз дейінде шешілмей отыр. Мақта қабылдаушылар мен оны өндірушілер арасында әрқилы келіспеушіктердің кездесетіні осыдан. 

Өнімнің аты «ақ алтын» болғанмен бағасы бақыр болып тұр. Әуелде әр келі мақтаны 65-69 теңгеге бағалап бүгінде 43-45 теңгеге дейін құнын төмендетіп жіберген монополистерге әлі келмеген билік өкілдері өздерінің шарасыздығына Ливерпуль биржасындағы бағаның ауытқушылығын  айтып ақталудан әріге аспауда. Жекеменшік мақта зауыттарына бәсекелес ретінде Мақтаарал ауданында Елбасының тапсырмасымен салынған мемлкеттік  мақта қабылдау зауыты диқан қауымының мұқтажын  өтей алар емес.  Бұған мақташылар наразы. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы жіп иіретін және тоқыма зауыттары қашан іске қосылып, халық игілігін қай кезде көретіні белгісіз. 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,

«Алтын Орда» газетінің меншікті тілшісі

«Қызметі де, басқасы да құрысын, бас аман болсын»
Жел сөз бе, жөн сөз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу