Ақбикеш неге құлап қалды? – Депутат Ұласбек Сәдібеков орынды ұсыныс айтты

Oinet.kz 23-04-2025 34

Жуырда Созақ ауданында көненің көзі болған Ақбикеш мұнарасының құлап қалғаны туралы мәлімет жарияланды. Мәжіліс депутаттары мұндай жауапсыздықтың бір себебін ескерткіштерді күтіп ұстау міндетінің жергілікті әкімдіктерге жүктелмеуімен байланыстырады.  

Screenshot_11.jpg

Ұласбек Сәдібеков бастаған бір топ мәжілісменнің вице-премьер Е.Көшербаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында былай дейді: 

– Еліміз тарихи ескерткіштерге бай. Барлық аймағы көне жәдігерлерге тола. Айта берсек, әрбір ауданы әулиелі орындар, күмбезді мекендер. Мәселен, бір Түркістан облысының өзінде Отырарда Арыстан баб, Созақта Ысқақ баб, Баба түкті шашты әзиз, Бәйдібекте Домалақ ана, Қазығұртта Ақбура, Сайрамда сансыз бабтар мекені бар. Көпшілігі республикалық маңызы бар тарихи – мәдени ескерткіштер тізіміне енеді. Дегенмен, жергілікті жерде атқарушы органдарға күтіп ұстау бағытында жауапкершілік жүктелмеген. Сондықтан көпшілігі қараусыз. Ашық аспан астында жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр. Мұның салдары тарихи орындардың құлауына әкеліп жатыр. Жуырда Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында орналасқан Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып қалды. VI ғасырға тиеселі тарихи нысан 2020 жылы қыруар қаржыға жөндеуден өткен болатын. Тағы бір мәселе, бүгінде Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі жергілікті тарихи мұра объектілер тізімінде тұр. Дегенмен, астындағы жері бір кездері жеке шаруашылыққа беріліп кеткен. Сондай-ақ, мұндағы Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелер мен туристік орындар жеке сектор меншігінде қалып қойған. Бұл өңірдегі туризмді дамытуға үлкен кедергісін келтіріп отыр. Соның салдарынан тек жабайы туризм мен заңсыз кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Тіпті, кей азаматтар сол маңды қаржы табу көзіне айналдырып алған. Тарихи нысандарға келіп-кетіп жатқан туристердің есебін жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Аталған мәселені заңдастырсақ, Түркістан өңіріндегі туризмнің дамуына үлкен септігі тиер еді. Ең алдымен киелі орындарды жергілікті коммуналдық мекемелерге күтіп ұстауға беруді ұсынамын. Әрине, бұл тарихи нысандардың жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп, ауласының таза тұруына, көгалдандырылуына үлкен мүмкіндік туғызады. Екіншіден, ҚР «Жер туралы» Кодексі мен ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңдарына өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, тізімге енген тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет иелігіне өту жөнінде Заңда қаралған. Бұл жерде, тарихи нысанды жерімен бірге толық қабылдайтын толықтырулар мен өзгеріс енгізуді сұраймын. Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, олардан түскен қаржыны арнайы ашылған қорға қабылдау қажет. Әрбір нысанға түскен қаржы сол жердің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ, әрбір нысанға арнайы курстардан өткен шырақшы-ГИД отырғызу жайын қолға алу қажет. Себебі, келген туристке, зияратшыға сол маңдағы тарихи оқиғаны сауатты түрде түсіндіріп, құран бағыштаса - мәдениетіміздің жанғаны деп білемін. Қазақ даласындағы әрбір тас пен топырақ біздің тірі тарихымыз. Ал, тарихты құрметтеу бүгінгі ұрпаққа жүктелген маңызды міндет. Аталған мәселені назарға алып, орындалуына оң ықпал етуіңізді сұраймын.

Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу