«Қызметі де, басқасы да құрысын, бас аман болсын»
Соңғы жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мықтап тұрып қолға алынған сыңайлы. Астанадағы жоғары лауазымдылардан бастап жер-жердегі шенеунік атаулының аузынан түспейтін күн тәртібіндегі тақырып – парақорлық пен жемқорлыққа тосқауыл қою. Қоғамды дендеп кеткен қауіпті дертке Елбасы Н. Назарбаев та айрықша назар аударып отыр. Жуырда ғана республикалық деңгейде өткен форумда Президент парақорлармен аяусыз күрес жүргізуде құзырлы органдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін шегелеп тұрып айтқан болатын.
Алайда Оңтүстікте іс басталмай жатып-ақ насырға шапқан түрі бар. Сірә, облысымызды «Техас» деп бекер атамаса керек, біздің «штатта» өзгеше заңдар үстемдік құрғалы қашан. Жемқорлыққа қарсы күресуге тиіс құзырлы органдардың әрекеті әзірше аққу көкке, шортан көлге тартқандай тірлік болып тұр. Сөзімізді нақтылы мысалмен дәлелдейік.
Жуырда ОҚО бойынша қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Д. Исаев облыс әкімі Н. Әшімовке ұсыныс жіберді. Қойып отырған талабы – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Болатбек Әлиевті орнынан босату. Себебі, жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмыстан қуылып, сотты болған адамның мемлекеттік қызметте жүруіне тыйым салынған. Бұл талаптың әсіресе Елбасының мәлімдемесінен соң күшейе түскені анық.
Алайда, күтпеген жерден қаржы полициясының орынды талабы түрлі кедергілер мен қарсылыққа тап болды. Бұған ең әуелі заңдылықтың сақталуын жіті қадағалауға тиісті прокуратура қарсы шықты. Облыс прокурорының орынбасары Е. Ералиев мырзаның «Б. Әлиевтің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне кедергі болатын ешқандай себеп жоқ» деп хат жазып, астына қол қойғаны жағамызды ұстатты. Мұнысы несі - заңды жетік білмегені ме, әлде Елбасының сөзіне түзету енгізгісі келгені ме, онысын айыра алмадық. Әшімов болса үнсіз отыр.
Болатбек Әлиевке жеке тоқталып отырғанымыздың мәнін түсіндіру үшін оның ресми биографиясына кірмей қалған кейбір жайттарға үңілуімізге тура келеді.
Осыдан сегіз жыл бұрын Кеден Бас басқармасында тәп-тәуір қызмет атқарып жүрген азаматымыз күндердің күнінде оңбай сүрінеді. Контрабанда және кеден ережелерін бұзуға қарсы күрес басқармасының бастығы Б. Әлиев 240 қап ұн артқан «Камазды» ешқандай тіркеуге алмастан, Өзбекстанға өткізіп жібереді. Қарақан басының қамын мемлекеттің мүддесінен жоғары қойған осы әрекеті үшін үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіле бастады. Оның нәтижесін күтпестен-ақ ҚР Кеден комитетінің Астанада отырған басшылары қатаң шара қолданып, арнайы бұйрығымен Болатбек Нәжіметдинұлын қызмет өкілеттігін теріс пайдалану және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмысынан босатады. 2001 жылдың мамыр айында Сарыағаш аудандық соты Болатбек Әлиевті қызметін асыра пайдаланғаны үшін және жемқорлыққа қатысты айыптап, үш жылға бас бостандығынан айырады. Өзін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсетуге талпынған сотталушы белсенді түрде әрекетке көшті. Облыстық сотқа арызданды. Болмады, жеңілді. Жоғарғы сотқа да шағымданды. Сөйтіп ең соңғы үкімді Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәмидің өзі оқып, Әлиев жөніндегі аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. «Рақымшылық туралы» заңға рахмет, соның арқасында ғана Әлиев түрмеде жазасын өтеуден құтылды.
Сонымен Болатбек мырза «қызметі де, басқасы да құрысын, бас аман болсын» деп бизнес саласына кетті. Ол түсінікті де. Мұндай «бай» биографиямен, лаж жоқ, мемлекеттік қызметті мәңгіге ұмытасың. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жұмысынан қуылған, әрі қылмысы толық дәлелденген адамға мемлекет екінші мәрте қалайша сенім артпақ? Алайда, «Техаста» орындалмайтын арман бар ма? Өткен жылдың қараша айында облыс әкімі «ерлік» жасап, Болатбек Әлиевті ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы қызметіне тағайындап, айды аспаннан шығарды. Жұрт арасында өзін интеллигент ретінде танытып жүрген Әшімовтің командасына сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан адам қашан, қалайша келіп қалғаны бізге беймәлім.
Бұл тағайындаудың заңға мүлдем қайшы келетінін дәлелдеп жатудың өзі артық секілді. Басқарма бастығы болып бекітілген мезетте Б. Әлиевтің еңбек кітапшасында «сыбайлас жемқорлыққа қатысты жұмыстан босатылды» деген жазу болған. Бұл жазу 5 айға дейін өшпей тұрды. Сонда мемлекеттік қызметке қабылдайтын кезде биографиясын тексеруге міндетті азаматтар ай қарап жүрді ме деген ой туады. Болатбек Нәжіметдинұлы өзін қызметтен қуған кеден басқармасын сотқа араға сегіз жыл салып барып бергеніне күлесіз бе, жылайсыз ба? Жаңылмасақ, еңбек қатынастары төңірегінде туындаған мәселелерді әрі кетсе үш айда шешуге құқық берілген. Судьяның «7 жыл бойы қайда жүрдің» деген сұрағына жоғары білімді заңгер желкесін қасып «қызметтен шығарып жібергені туралы енді естіп отырмын. Мен өз еркімен кеттім деп жүрсем...», - деп жауап беріпті. Үй жұмысын орындамай, мұғалімге сылтау айтып тұрған оқушының жауабынан несі артық? Өзге түгілі, жеке басының мәселесін дұрыстап біле алмаған, қызметтік куәлігінде не жазылғанын білмейтін адамға білдей департаменттің тізгінін сеніп тапсыру қисынға келе ме?
Қызығы сол, сот талапкердің арызын ... толық қанағаттандырып, кеден комитетінің 8 жыл бұрын шығарған бұйрығын заңсыз деп тапты. Ол аздай, Б. Әлиев кедендегі қызметтік куәлігін әлі күнге дейін тапсырмаған. Оны қалтасына салып алып жүрудегі мақсаты не? Біреулерге көрсетіп, қызметін пұлдамағанына кім кепіл?
Сорақылығы соттыкінен асып түспесе, кем болмайтын әрекетті прокуратурадан күтпеп едік. Облыс прокурорының орынбасары Е. Ералиев рақымшылықтықайта-қайта алға тартып, Әлиевті заң алдында ақтап алуға бар күшін салып жатқаны көзге ұрып тұр. Қылмыскердің рақымшылыққа ұшырауы - оның ақталуын білдірмейтінін ұғына алмағаны ма, әлде біліп тұрып көз жұма қарағаны ма? Қалай десек те, қаржы полициясы мен прокуратураның арасында туған осынау кикілжіңнің немен аяқталарын дөп басып айту қиын. Себебі, шымкенттік шенеуніктердің өзгеше заңдармен жүретін әдеті бар. Таяқтың бір ұшы басқарма басшысын тағайындаған Нұрғали Әшімовке де тиюі мүмкін. Президенттің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Қанат Саудабаев кезінде мынадай мәлімдеме жасаған болатын: «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған немесе осындай негіз бойынша жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін саяси мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан босату мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауын тежейтін факторлардың бірі болмақ». Осы сөзі рас болса, Әшімовтің басына бұлттың үйірілуі де ғажап емес.
Бұл – Болатбек Әлиевтің тек қызметке қалай келгені. Ал оның қызметке келгелі бері қарамағындағыларға көрсетіп келе жатқан ерсі қылықтары өз алдына бөлек әңгіме.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің бастамаммен бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмыстан қуылған адамдар мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кез-келген лауазымда жұмыс істеуге өмір бойы тиым салынады...
...Олай болса, жемқорлықпен күрес қатаң жүргізілуі қажет. Ешкімнің лауазымына, шен-шекпеніне қараудың қажеті жоқ. Қылмыс жасаған адам қандай жағдайда да жауапқа тартылуы тиіс.
Әуелхан ТҰРҒЫМБЕКОВ,
«Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
...Президенттің бастамашылығымен бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс істегені үшін қызметтен кетірілгендер өмір бойы мемлекеттік органдағы кез-келген қызметке тұра алмайтын болды. Бұл өте дұрыс шара. Болашағынан да, абырой-беделден де айырылып қалмау үшін таза жүру керектігін сезінген шенеунік теріс жолға түспейді. Бұл індетпен күресудің үлкен тетігі қолданыстағы заңдарды одан әрі жетілдіру. Елбасының форумда бұл мәселеге ерекше маңыз беруі де тектен тек емес. Егер жемқорлықтың орын алу себептерін дер кезінде анықтап, оны жоймасақ, онда бұл әлеуметтік қауіпті дерт асқынған үстіне асқына береді...
«Оңтүстік Қазақстан» газеті, 13 қараша, 2008 жыл.
Исабек Орманов,
Заңгер:
Ақталу дегеніміз - қылмыстық құрамның жоқтығы немесе дәлелденбегені үшін қылмыстық істің тоқатылып, қылмыскерге тағылған айыпты алып тастауды білдіреді. Ал, рақымшылыққа ұшырау - қылмыскердің ақталуы емес. Бұл тек мемлекеттің қылмыскерді кешіріп, белгіленген жазасын өтеуден құтылуға берген мүмкіндігі. Айта кетерлігі, рақымшылықты қолданудың шарттары бар. Ол үшін қылмыскер міндетті түрде арыз жазып, өзі жасаған қылмысын толық мойындауы тиіс. Бұл шарт орындалмайынша рақымшылық туралы сөз қозғау мүмкін емес. Бостандыққа шыққан күннің өзінде қылмыскердің сотқа қайта арыз беріп, өзін ақтап шығаруы екіталай. Себебі сот оның арызын тек негіз болған жағдайда ғана қарайды.
"Рейтинг" газеті (2008 ж)