Сайрамда туризм қос бағытта дамиды
Түркістан облысы Сайрам ауданында 8 туристік нысан орналасқан. Оның 6-ы қонақ үй, «Манкент» шипажайы және жекеменшіктегі емдік сауықтыру орталығы. Сондай-ақ, ауданда «Сиқым баба» кесенесі мен «Жаныс баба» мавзолейі бар.
Сайрамдағы туризм екі бағытта дамитын болады. Туризмді әлемдегі ең табысты бизнестің бірі деуге болады. Оның маңыздылығы жыл санап артып келеді. Аталған сала көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға, сондай-ақ сыртқы сауданың белсенділігіне ықпал етеді. Жалпы, туризм саласы басқа да салалардың дамуына мол мүмкіндік береді. Мәселен, туристік агенттіктер, мейрамханалар, санаторийлер, тамақтану орындары, көлік байланысын айтуға болады, - деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі. .
Түркістан облысының және Шымкент қаласының жұртшылығы Сайрам ауданындағы Ақсу өзенінің бойынан орын тепкен жазғы демалыс орындарына жиі келетіні рас. Қазіргі таңда ондай орындардың 14-і маусымдық үлгіде жұмыс істеп келеді.
Ауданда туристік маршрут дайындалған. Аталған маршрутқа «Манкент» шипажайы, «Сықым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізіліп отыр. Туристік маршруттардың бойында инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында Сайрам ауданы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 11 қызмет көрсету нысаны орналасып, қызмет көрсетуде.
Ағымдағы жылы туризм саласын екі бағытта дамыту жоспарланып отыр. Біріншісі – сауықтыру туризмі. Аудан Шымкент қаласына жақын орналасқандықтан және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аудан орталығына жақын болуына байланысты, емдік-сауықтыру туризмі жақсы дамып отыр. Осы жылы Ақсу ауылдық округіне қарасты «Ақсукент 2» ауылында 3 қабатты оңалту, сауықтыру орталығын іске қосу жоспарланған. Жобаның құны – 500 млн.теңге.
Екіншісі – мәдени тарихи ескерткіштер. Халық арасында «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, бабтардың бабы Арыстан баб, ең үлкені Хален баб» деген тәмсіл кең тараған. Осыған орай, 2017 жылы туристік маршрут дайындалып, оған жоғарыда аталған үш нысан енгізілген. Осы бағытқа Қарамұрт ауыл округінде орналасқан, Қытай тарихнамасында «садағы мен семсері» қолынан түспеген қаһарман қолбасшы болған «Хален бап» және Көлкент ауылында орналасқан Қазақ ханы Абылайханның бекінісі болған «Ханқорған төбесін» туристік маршрут тізіміне енгізіп, оларды жан-жақты дамыту, насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі